RU
Толық нұсқаға өту

Астанада MedHub HAQ алаңы іске қосылды

25.09.2026, 10:20 41

Қарапайым меңнің де қатері бар. Бірақ түймедей ғана дақтың қатерлі, қатерсізін қайдан білеміз? Меңнің қатерлі ісігін енді жасанды интеллектінің көмегімен анықтауға болады.

Астанада осы және өзге де дерттерді зерттейтін MedHub HAQ инфрақұрылымы іске қосылды. Бұл жоба медицина саласын цифрландырып, жасанды жады шешімдерін тәжірибеден өткізеді. Қазір платформада бірнеше стартап жүзеге асып жатыр. 

Дильназ Тұрғазыева, тілші:

- Біз қазір медициналық жасанды интеллектіні дамытуға арналған MedHub HAQ алаңында тұрмыз. Мұнда медициналық стартаптарға технологиясын дамытуға, клиникалық сынақтан өткізуге және тәжірибеге енгізуге қолдау көрсетіледі. Басты міндет – медицина, ғылым және IT салаларын бір ортаға біріктіру. Алдағы бір жылда жиырмадан астам жобаны қамту көзделген.

Тоғжан Қожалы, MedHub HAQ негізін қалаушы:

- Елімізде көптеген мағлұматтар бар. Медикалық мағлұматтар бар. Бірақ олар жұмыс істемейді. Егер оларды ТАӘ-ын алып тастасақ, бір мағлұматын алып тастасақ, бұл мағлұматтар елімізде нарыққа да жұмыс істей алады. Өйткені ол ғылыми жұмыстарға да керек, стартаптарға да керек. Көптеген нейронкада, ЛЛМ-да жұмыс істейтін стартаптар бар. Бірақ олардың барлығына медикалық мағлұматтар керек. Егер медикалық мағлұматтарды салмаса, онда олар жұмыс істей алмайды. Сол үшін біз медхабта Medex деген платформа құрдық.

MedEx платформасына денсаулыққа қатысты мәліметтер жүктеледі. Жүйедегі науқастардың медициналық анықтамалары мен талдау нәтижелері ғылыми жобаларға алынуы тиіс. MedHub HAQ алаңындағы алғашқы жобалардың бірі – TeriAI стартапы. Жүйе дерматоскоп арқылы түсірілген суреттерді талдап, меңнің қатерлі немесе қатерсіз екенін анықтайды. 

Тимур Бекеев, Teri AI стартапының жетекшісі:

- Бағдарлама дәрігердің смартфонына орнатылады. Ол дерматоскоп арқылы түсірілген суретті жүйеге жүктейді. Бұдан кейін жасанды интеллект кескінде бірнеше кезең бойынша талдайды. Меңнің пішіні мен көлемін, асимметриясын, шекарасын, түсін және дерматоскопиялық белгілерін бағалайды. Осы мәліметтер негізінде платформада қорытынды ақпарат ұсынылады. Алайда диагнозды жасанды зият емес, медицина маманы қояды. 

Ал e-Osmotr стартапы мектеп оқушыларының профилактикалық тексерулерін цифрландыруға мүмкіндік береді. Медбике арнайы құрылғының көмегімен мектепте оқушының денсаулығына диагностика жасайды. Нәтижесі бірден автоматты түрде жүйеге енгізіледі. 

Диас Сералиев, E-Osmotr стартабының жетекшісі:

- Бұл – мультисенсорлық диагностикалық құрылғы. Осы техниканың көмегімен баланың дене қызуын, өкпе, іш, жүрек жұмысын, көру қабілетін, құлақ, мұрын, тамақ пен тері жағдайын тексеруге болады. Дәрігер мәліметтерді қашықтан қарап, қажет болса бейінді маманмен онлайн кеңес өткізе алады. Бағдарламалық жүйе – отандық өнім. Платформада жасанды интеллект, талдау құралдары және дәрігермен қорғалған бейнебайланыс жүйесі орналасқан.

Бұдан бөлек, орталықта мидың қан тамырларындағы өзгерістерді анықтайтын жасанды интеллект жүйесі бар. Бұл аневризма, тамырдың тарылуы мен бітелуі сынды инсульт қаупін арттыратын белгілерді анықтайды. Осылайша, ауруды ерте кезеңде байқап, науқасқа қажетті медициналық көмекті дер кезінде көрсетуге мүмкіндік береді. Ал мұндай технологияларды одан әрі жетілдіріп, қолданыс аясын кеңейту – медициналық хабтың негізгі міндеттерінің бірі. 

Авторлары: Дильназ Тұрғазыева, Мерей Талап 

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz