RU
Толық нұсқаға өту

БҚО-да 7 мың ұстаз жасанды интеллектіні қолданады

26.09.2026, 09:30 52

Батысқазақстандық ұстаздардың жасанды интеллектке негізделген арнайы платформаға қолы жетті. Енді олар ChatGPT Edu арқылы сабақ жоспарлары мен көрнекі құралдарды дайындап, оқушыларға тапсырмалар береді. Осы арқылы уақыт үнемдеп, балаларға көптен көңіл бөледі, деп хабарлайды 24KZ.


Зашаған кентіндегі №52 мектеп былтыр «Келешек мектептері» жобасы аясында қолданысқа берілген. Күні бүгін мұнда 39 ұстаз ChatGPT Edu платформасын пайдаланады. Әйгерім Сағындықова — солардың бірі. Айтуынша, жазу мен санауды енді үйреніп жатқан бірінші сынып оқушыларына суреттер мен көрнекі құралдарсыз тақырыпты терең түсіндіру мүмкін емес. Бұрын мұғалімдер соның бәрін өз қолымен дайындайтын. Енді керекті дүниені санаулы минут ішінде жасауға болады.

Әйгерім Сағындықова, бастауыш сынып мұғалімі:

— Бір тақырып жазсақ, 5-6 тапсырма жасап береді, сурет жасап береді. Ойын арқылы және сергіту сәті, әртүрлі тапсырмаларды жинақтап береді. Біз соны бірден ала аламыз. Балалар тек жазу-сызуға қарағанда осындай түрлі-түсті суреттер арқылы жасалған тапсырмаларды қызығып орындайды, сол арқылы тапсырманы бірден түсінеді.

Ал химия сабағында ChatGPT Edu платформасының мүмкіндіктерін виртуалды зертханада сынақ өткізуге қолданып жатыр. Оқушылар жалынның түсін тұздың қалай өзгертетініне көз жеткізді.

Айтоты Қадерова, химия пәнінің мұғалімі:

— Кейбір зертханалық тәжірибелер оқушылардың өміріне қауіпті болуы мүмкін. Осындай жағдайларда виртуалды зертхананы қолданамыз. Бұл жерде көрсетілген спиртшамның көмегімен жалынның түсіне қарап, катиондарды анықтауға болады. ChatGPT Edu-дың тағы бір ерекшелігі – уақытымызды үнемдеуге көмектеседі. Қарапайым ChatGPT арқылы бұл тәжірибені жасауға қажетті ақпаратты іздеуге 20 минуттан көп уақыт жұмсалуы мүмкін. Ал Edu қосымшасының көмегімен қажетті тәжірибені 5 минутқа жетпейтін уақытта орындауға болады.

Қазір облыстың жеті мың педагогы жасанды зерденің аталған платформасын пайдалана алады. Білім басқармасы бұл мүмкіндікті біртіндеп барлық мұғалімге қолжетімді етуді жоспарлап отыр. Мамандардың айтуынша, жасанды интеллектіні қолдану ұстаздар уақытын 20%-ға дейін үнемдейді.

Ақан Бижанов, Білім басқармасының ақпараттандыру орталығының директоры:

— Оқу-ағарту министрлігінің тапсырысы негізінде OpenAI компаниясымен министрлік меморандумға отырып, қазіргі таңда республика бойынша ChatGPT Edu платформасы таратылды. Бүгінде республика көлемінде ChatGPT Edu платформасын пайдалану көрсеткіші бойынша Батыс Қазақстан облысы 4-орында тұр. Өздеріңіз көргендей, біздің педагогтеріміз Edu платформасын сабақ барысында жаппай қолданып, оның мүмкіндіктерін тиімді пайдаланып келеді. Олар оқушылардың білімін тереңдетіп, оқу процесін жетілдіру бағытында жүйелі жұмыс жүргізуде.

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz