RU
Толық нұсқаға өту

Қарағанды облысында телемедицина жүйесі іске қосылды

01.10.2026, 13:50 70

Қарағанды облысы, Осакаров ауданының дәрігерлері телемедицинаны қолдана бастады. 400 адам қашықтан медициналық кеңес алып үлгерді, деп хабарлайды 24KZ.

Жалпы өңірде 170 мыңнан астам тұрғын заманауи жүйені пайдалана алады. Шалғай ауылдардың тұрғындарына аудандық және облыстық аурухана дәрігерлері онлайн форматта көмек көрсетеді. «Болашақта барлық елдімекен қамтылады», - дейді мамандар. Күні бүгін жүйеге 117 медициналық нысан қосылды.

Осакаров кентінің тұрғыны Саягүл Исхан аяғын жарақаттап алған. Травматологтың кеңесі керек болып, онлайн қызметке жүгінді. Қарағандыға дейін 2 сағатқа жуық жол жүру оңай емес. «Осындайда телемедицина тиімді екен», - дейді ол.

Саягүл Исхан, кент тұрғыны:

- Қарағанды бізден 122 шақырымда. Кейде уақытымыз келеді, кейде келмейді. Такси жалдауға тура келеді. Ол жақта жұмыстарымыз бітпей қалады. Сол үшін қашықтықта телемедицина өте ыңғайлы.

Биыл аудандық ауруханада телемедициналық кеңес алу үшін арнайы орталық құрылды. Мұнда пациенттердің денсаулығына қатысты ақпараттар жиналып, дәрігерлерге онлайн жіберіледі. Олар мәліметтерді зерттеп, пациентпен бейнебайланыс арқылы сөйлесіп, қажетті нұсқаулық береді. Жүйе іске қосылғалы тұрғындарға аудан дәрігерлері 260 рет, ал облыс мамандары 160-тан астам онлайн қызмет көрсетті.

Юлия Бухкамер, аудандық аурухана директорының орынбасары:

- Төсек тартып қалған, мүгедектігі бар жандар үшін телемедицина жүйесі өте ыңғайлы. Науқастың үйіне барып осындай кеңес жүргізуге болады. Біздегі телемедициналық кешендер мобильді. Оны жинақтап, өзімізбен алып барамыз.

Облыс бойынша телемедицина 117 нысанда бар. Шалғай елді мекендердегі 170 мыңнан астам тұрғын дәрігерлерден онлайн кеңес ала алады.

Айжан Нұрғалиева, Денсаулық сақтау басқармасының бөлім басшысы:

- Бүгінгі таңда телемедициналық технологияларды пайдалану арқылы 2219 пациент тексеріліп, 18 мыңнан астам зерттеулер жүргізілді. Тексеру нәтижесінде 71 адам алғаш рет диспансерлік есепке алынды. 81 пациент қажетті ем алды. Тағы мыңға жуық адамға консультативтік-диагностикалық көмек көрсетілді.

Облыста медицина мамандарының тапшылығы бар. Өңір бойынша 95 дәрігер және 129 орта медицина маманы жетіспейді. Телемедицина мәселені ішінара шешуге мүмкіндік беріп отыр. Сондай-ақ медициналық көмек алу үшін алыс жолға шығу қажеттілігі азайды. «Қазірдің өзінде жүйе ауыл тұрғындарының шамамен 60 млн теңгесін үнемдеді», - дейді облыстық Денсаулық сақтау басқармасының мамандары.

Авторлары: Руслан Нурланұлы, Сайран Ақамбаев, Аман Хамит

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz