RU
Толық нұсқаға өту

ЖИ Корея медицинасына қарқынды енгізіліп жатыр. LIVE

01.10.2026, 14:00 47

Оңтүстік Кореяда жасанды интеллектіні қолданатын базалық медицина стратегиясы қабылданды. Құжат ел провинцияларындағы маман тапшылығын жоюды және жасанды зердені медицинаға жаппай енгізуді көздейді, деп хабарлайды 24KZ.

 Владислав Цой, тілші:

- Иә, медицинаға жасанды интеллект 10 жыл бұрын енгізіле бастады. Ең алдымен, бұл науқастардың мәліметтерін ретке келтіруге, яғни  қағазбастылықтан арылуға мүмкіндік берді. Дәрігерге қабылдауға ұялы телефон арқылы жазылуға болады. Бұл біраздан бері бар. Енді жасанды интеллект рентген аппараттарының, МРТ және КТ суреттерін жылдам талдауға көмектесуде. Егер бұрын бұған 5 минуттай уақыт кетсе, қазір дәрігерлер нәтижені 1 секундта біледі. Айтуларынша, жасанды интеллект олардың жұмысын айтарлықтай жылдамдатып отыр.

Ким Гён Вон, Асан ауруханасы радиология бөлімінің профессоры:

- Ауруханамыз өте үлкен, күн сайын бізге жүздеген адам келіп, кетіп жатады, палаталарды бөлумен жасанды интеллект айналысады. Бұл персоналдың жұмыс уақытын едәуір үнемдеуге мүмкіндік береді. Кардиологиядағы жасанды интеллект жүректің КТ зерттеуі кезінде кальцинозды өлшеуге көмектеседі және коронарлық артерия ауруларын дөп басып талдайды. Ағзаларды трансплантациялау кезінде жасанды интеллект ота алдындағы жоспарлау үшін қолданылады.

Мұндай жағдайлар қазірдің өзінде өте көп. Мысалы, Сеулде ЭКГ арқылы ерте диагностикалаудың жасанды интеллект жүйесі ауруханаға түскеннен кейін жүрек талмасына ұшыраған ер адамның ағзасындағы ауытқуларды тіркеп, дәрігерлер уақытында әрекет етіп, пациенттің өмірін сақтап қалған. Кванджу қаласында жасанды интеллектке құрылған палаталарды бақылау жүйесі медицина қызметкерлеріне дер кезінде ескерту жасап, науқастың жүрегінің тоқтап қалуының алдын алды. Сеулдегі Ёнсе онкологиялық орталығында сүт безі қатерлі ісігіне ота жасауға арналған робототехника жүйесі әзірленді. Ол қан тамырлары мен жүйкелердің зақымдану қаупін азайта отырып, нақты уақыт режимінде кесу сызықтарын көрсетеді. Чунан университетінің ауруханасында ЖИ-роботтар хирургтерге омыртқаға ота жасау кезінде бұрандаларды орнатуға көмектеседі. Бұл ота уақытын қырық пайызға қысқартады. Жалпы, медицинада жасанды интеллектті қолдану қарқынды өсіп келеді, осы жерде бір сұрақ туындайды: болашақта жасанды интеллект дәрігерді немесе медбикені алмастыра ала ма?  

Ким Гён Вон, Асан ауруханасы радиология бөлімінің профессоры:

- Ауруханалардағы кейбір қызметкерлердің орнын жасанды интеллект басып үлгерді. Бұрын біз медициналық қорытындыларды ауызша айтып, стенографистер оны жазып алатын еді. Қазір бұл жұмысты жасанды интеллект атқарады. Менің ойымша, жасанды интеллект бұл ретте ірі немесе шағын көлемде адам орындайтын барлық процестерге ендіріледі. Мәселе адамды алмастыру емес, еңбек өнімділігін арттыру: егер бұрын белгілі бір уақыт ішінде, айталық, 100 пациентті қабылдай алсақ, енді бұл көрсеткіш 200 немесе 300 адамға дейін өсуі мүмкін.

Владислав Цой, тілші:

Оңтүстік Корея үкіметі медицинаға жасанды интеллектті енгізу бойынша әлемдік көшбасшы болу міндетін қойғанын айта кеткен жөн. Ол үшін мұнда оңтүстіккореялық медициналық ЖИ құрылып жатыр. Бұл – мемлекеттік, клиникалық және зерттеу деректерін біріктіретін ұлттық медициналық деректер хабы. Халықтың қартаюын ескере отырып, медициналық қызметтерге деген өңірлік сұранысты болжау технологиялары әзірленеді. Сондай-ақ жедел жәрдем шақырған пациентке лайықты аурухананы жылдам таңдап беру үшін ЖИ-ді жедел жәрдем қызметіне де енгізу көзделіп отыр. Бұдан бөлек, елде пациентке күрделі рецепттер немесе медициналық жазбаларды түсіндіріп бере алатын ЖИ-көмекші пайда болады. Алайда дәрігерлер танымал чат-боттарға сенбеуді сұрайды, өйткені олар бұрыс кеңес беріп қоюы мүмкін.

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz