Жасанды интеллектіге негізделген қауіпсіз экономиканы қалай құруға болады? Бүгін AI & Digital Bridge форумында талқыға салынған іргелі мәселе осы болды.
100-ден аса озық технологиялық компания мен венчурлық инвесторлардың басын қосқан форумда стартаптар байқауы, IT өнімдер көрмесі мен тегін оқыту семинарлары ұйымдастырылды.
Бақыт Топтаева, тілші:
- AI & Digital Bridge форумына 300-ден астам әлемге танысал түрлі спикер шақырылған. Олар тың технологияның мүмкіндіктері мен түйткілдерін түрлі сессияда сараптайды. Үш күнге жоспарланған осынау бір ауқымды іс-шараға 30 мыңнан астам қатысушы тіркелген. Келушілердің назарына не ұсынылғанын қазір көретін боламыз.
Мұндағы алты бірдей залда бір уақытта панельдік сессиялар өтіп жатыр. Әр залда IT саласының сарабдал сарапшылары сағат сайын ауысып, түрлі тақырыпта ой өрбітеді. Мәселен, мына залда жасанды интеллектіге негізделген жаңа экономика құру мүмкіндігі талқыланып жатыр.
AI және Digital Bridge форумы аясындағы халықаралық стартаптар байқауының көрігі қызды. Astana Hub Battle-ына биыл 14 елден 292 өтінім түскен. Олардың қатарында Қырғызстан, АҚШ, Швейцария, Ресей, Өзбекстан, Түркия, Араб Әмірліктері, Малазия, Конго стартаптары бар. Жартылай финалға іріктелген 50 үміткер өнімдерін қазылар алқасына таныстырды. Бір минутта өнімін ұтымды түсіндіре білген 14 стартап ақтық сынға шықты. Екі жоба әлден-ақ Шанхайдағы екі апталық акселерация бағдарламасына тегін жолдама ұтып алды.
Ләззат Боранқұлова, Growth Vision Pro компаниясының негізін қалаушысы:
- Шанхайдағы екі апталық тегін оқыту бағдарламасы. Оған қатысатындар үшін ас-су мен жатын орын тегін ұсынылады. Болашағы жарқын, бәсекеге қабілетті ұтымды стартап авторлары алдымен Қытайдың экожүйесін зерттеп, ондағы нарықтың ерекшелігіне үңіледі. Осылайша, Қытай еліне енгізіп, сәтімен іске асыруға болатын IT өнімдерге мейлінше қолдау көрсетеміз.
Форумда сондай-ақ түрлі тақырыпта оқыту семинары ұйымдастырылған. Оның ішінде қандай да бір мәселенің цифрлық шешімін табуға көмектесетін vibe coding бағдарламасы да бар. Қазақтелеком форум қатысушыларын жасанды интеллектінің қыр-сырына тегін үйретті.
Дана Райымбек, «Қазақтелеком» бөлшек бизнес дивизионының Digital Office директоры:
- Шағын кәсібің болса, 1-2 сағатта өзіңізге ұнайтын дизайнда сайт құра аласыз. Ол жерге каталогын бәрін әдемілеп орнатуға болады. Бұрын vibe coding-тің алдында бірнеше ай бойы бірнеше IT мамандары жұмыс жасаса, қазір өзің ЖИ арқылы өз ойыңды жазып, ол оны кодқа айналдыра алады. Осылайша, өзіңе керек инструмент құра аласыз.
Бақыт Топтаева, тілші:
- Осылайша, ІТ саланың басы-қасында жүріп сарапшы мамандар әріптестерімен байланыс орнатып, мүдделер түйісетін тұстарды бірге анықтауға кіріскен. Жұмысты жеңілдетіп, халықтың тыныс-тіршілігін жандандыратын тың идеялар осындайда туындайды. AI және Digital Bridge форумының мақсаты да осы.
Авторлары: Бақыт Топтаева, Санжар Біргебаев
Тегтер #24KZ #AI & Digital Bridge 2026 #форумPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz