Президент Astana AI Film Festival халықаралық кинофестивалінің ашылу салтанатына қатысты. Бірегей жоба – еліміздегі креативті индустрия саласының қарқынды дамуының жарқын көрінісі.
«Қазақстан бұл бағытта біртұтас экожүйе құру үшін нақты шаралар қабылдап жатыр», - деді Мемлекет басшысы. Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев Digital Bridge аясында жасанды интеллектіні дамыту жөніндегі кеңестің үшінші отырысын өткізді. Жиында өнеркәсіп саласын цифрлық трансформациялау мәселелері қаралып, Президент ЖИ технологиясын қауіпсіз әрі жауапкершілікпен дамытуды көздейтін «Вашингтон моделін» құптады.
«Астана төрінде жаһандық ауқымдағы іс-шараның өтуі кездейсоқ емес. Қазақстан – жастардың елі, халқымыздың орташа жасы – 33 жас. Мен ел жастарын білімге ұмтылатын, жаңалыққа құштар, озық ойлы азаматтар деп санаймын». Мемлекет басшысы осылай деп халықаралық кинофестивалдің шымылдығын түрді. Дарынды азаматтарға жан-жақты қолдау көрсетілетінін айтып, жасанды интеллектіні жауапкершілікпен қолданудың өзектілігіне тоқталды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Astana AI Film Festival – ізденімпаз, білімпаз, жаңашыл, жасампаз азаматтар сынға түсетін, бұрын-соңды болмаған бірегей жоба. Бұл – ұшқыр ой мен тың бастамалардың бәсекесі. Қазіргі заман – білім мен ғылымның және озық инновацияның дәуірі. Жасанды интеллект әлем экономикасының барлық саласына түбегейлі өзгерістер әкелуде. Бір сөзбен, технологиялық ілгерілеу, яғни прогресс жаппай жаһандық сипатқа ие болды.
Енді шағын шығармашылық ұжымдар үлкен студиялармен бәсекелесе алады. Түсірілім топтары үшін продюсерлік компаниялардың табалдырығын тоздырып, демеуші іздеудің қажеті жоқ. Нарыққа шығудың жолы да әлдеқайда жеңілдеді. Бұл бәсекелестікті арттырып, талантты адамдардың өзін танытуына мүмкіндік бермек. Мемлекет басшысы да сөзінде осыны меңзеді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Астана төрінде осындай жаһандық ауқымдағы іс-шараның өтуі кездейсоқ емес. Қазақстан – жастардың елі, халқымыздың орташа жасы – 33 жас. Мен Қазақстан жастарын білімге ұмтылатын, жаңалыққа құштар, озық ойлы азаматтар деп санаймын. Жақынға да, алысқа да мейіріммен қарау, ешкімді бөліп-жармау – халқымыздың бойында бар асыл қасиет. Мұны әлем жұртшылығы да жақсы біледі және мойындайды деп ойлаймын. Мәселен, бүгінгі фестивальге әлемнің 125 елінен 8 мыңнан астам өтінім келіп түсті. АҚШ, Үндістан, Қытай, Оңтүстік Корея, Ұлыбритания, Индонезия, Жапония, Бразилия, Франция және өзге де ел азаматтары өз жұмысын жолдады. Осы тұста қазылар алқасының құрамында әлемге әйгілі өнер және технология саласының мамандары бар екенін айрықша атап өткім келеді. Мен бүгін баршаңызға ерекше алғыс айтамын. Осы байқаудың арқасында қатысушылар өзара тәжірибе алмасып, болашақта бірлескен жобаларды жүзеге асырады деп сенемін.
8067 өтініш. Бұдан бірде-бір камерасыз, ешқандай әртіс жалдамай-ақ, тек қана жасанды интеллектіні пайдаланып монтаждалған 25 үздік жұмыс іріктелініп алынды. Оның ішінде жерлестеріміздің де туындысы бар.
Байқаудың жалпы жүлде қоры – 2 млн АҚШ долларын құрайды. Оның 1 млн доллары жеңімпаздарға жүлде ретінде беріледі. Ал қалғаны ЖИ-ді жіті меңгергендерге инвестиция салуға арналған. Қатысушылар: «Бұл – бұрын-соңды болмаған бірегей байқау, ұйымдастыру жағы КАНН, Бусан фестивальдарынан кем емес», - дейді.
Елде Digital bridge аясында бірқатар белді шаралар өтіп жатыр. Соның бірі жасанды интеллектіні дамыту жөніндегі кеңестің үшінші отырысы. Мемлекет басшысының бастамасымен өткен жиында өнеркәсіпті цифрландыру мәселесі талқыланды. Қасым-Жомарт Тоқаев жасанды интеллект еңбек өнімділігін арттырып, өндірісті жаңғыртуға және жоғары қосылған құны бар өнім шығаруға мүмкіндік беретінін мәлімдеді. Сондай-ақ цифрландыру жұмыстарының әлі де жүйесіз жүргізіліп жатқанын атап өтті.
Өндірістік Deep-Tech жобаларды ілгерілету. Келелі кеңесте қаузалған мәселелердің бірі осы. «AI Challenge» механизмін қолданған тиімді. Бұл іске «цифрлық көшпелілер» мен талантты жастарды тартуға болады. «Үкіметке жасанды интеллектіні өнеркәсіпте пайдалану міндеттерін шешудің бірыңғай механизмін құру жөнінде тапсырма берілді», - деді Президент. Сондай-ақ Мемлекет басшысы отырыста көлік-логистика саласына жасанды интеллектіні енгізу мәселесін талқылауды ұсынды.
Президент ЖИ технологиясын қауіпсіз әрі жауапкершілікпен дамытуды көздейтін «Вашингтон моделін» құптады. Жиын соңында Қасым-Жомарт Тоқаев Трамп пен ірі технологиялық компаниялар басшылары қол қойған келісімнің стратегиялық салмағына назар аударды. Мемлекет басшысы Кеңес мүшелерінен қысқа мерзім ішінде осы салаға қатысты нақты ұсыныс беруді сұрады. Өз сөзін: «Ортақ ұстаным биыл желтоқсан айында Майамиде өтетін G20 саммитінде таныстырылады», - деп түйіндеді.
Авторы: Әлішер Әли
Тегтер #24KZ #ҚасымЖомарт Тоқаев #Astana AI Film Festival #Digital Bridge форумыPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz