RU
Толық нұсқаға өту

Криптонарық айналымы үш жылда 30 есе өсті

06.10.2026, 21:05 395

Криптонарық айналымы күрт көбейді. Үш жылдың ішінде саладағы алыс-беріс 30 есе өсті. Оған салымшылар мен сатып алушылардың сұранысы себеп. Былтыр лицензияланған цифрлық активтер нарығының айналымы 10 млрд доллардан асып жығылды, деп хабарлайды 24KZ.


Шернияз Жалғасбекұлы, тілші:

– Шытырлатып қағаз купюра, сытырлатып теңге санап, ел жиған-тергенін сандықта сақтайтын күндер келмеске кетті. Кеше ғана қарашаға «депозит» сөзі таңсық еді, қазір ол да қолданысқа етене енді. Бүгінде қардысы барлар артық ақшасын криптоактивтерге салып, цифрлы қаржыны сатып алуға жұмсайды. Мұны мына сандардан қарап білуге болатындай. Осыдан үш жыл бұрын криптоплатформаларды пайдаланушылар саны 53 мың еді. Қазір қолданушылардың қатары 270 мың адамға жетті. Осылайша, клиенттік база 3 жылда 400 пайызға артты.

Айналым да айтарлықтай өсті. Мәселен, 2023 жылы саладағы алыс-беріс көлемі 320 млн доллар еді. Былтыр бұл көрсеткіш 10 млрд АҚШ ақшасынан асты. Бұл жайлы жасанды интеллект және цифрлық даму вице-министрі Ғиззат Байтұрсынов мәлімдеген еді.

Ғиззат Байтұрсынов, ҚР Жасанды интеллект және цифрлық даму вице-министрі:

– Биыл мемлекет басшысы ҚР цифрлық активтер индустриясын ынталандыру және дамыту шаралары туралы жарлыққа қол қойды. Жарлықтың негізгі мақсаты – цифрлық активтерді Қазақстанның реттелген нарығына тарту. Біздің ұстаным – қарапайым. Тыйым салу емес, реттеу.

Крипто қызметтер де қарқын алып келеді. Қазір елде 76 лицензияланған майнер және 5 аккредиттелген майнинг пулы жұмыс істейді. Бас-аяғы 470 мың жабдық бар. Сонымен қатар саладағы салықтық түсімдер де артып келеді. Үш жыл бұрын бұл қызметтерден бюджетке 9 млрд теңге, 2024 жылы – 10 млрд теңге, былтыр – 22 млрд теңге түсті.

Ғиззат Байтұрсынов, ҚР Жасанды интеллект және цифрлық даму вице-министрі:

– Соңғы екі жылда цифрлық активтер саласындағы заңнама едәуір жаңартылды. 2025 жылғы қарашада цифрлық майнингке қатысты бірқатар шектеулер алынды. Өндірілген активтердің 75 пайызын Астана халықаралық қаржы орталығының биржалары арқылы міндетті түрде сату талабы жойылды. Майнерлерге контейнерлік шешімдерді пайдалануға рұқсат берілді және майнерлердің тек бір ғана қызмет түрімен айналысу талабы жойылды.

Иә, алда көрсеткіш көбеймесе, кемімейді. Криптонарық қарыштап қарқын алып, қолданушылардың қатары артып келеді. Дегенмен саланы зерттемей салым салуға асықпаңыз. Тыңғылықты зерттеп, ден қойып дайындалып барып шешім қабылдаңыз. Себебі сол, ақшамды арттырамын деп сан соғып қалуыңыз бек мүмкін. Себебі активтердің құны күн сайын құбылып тұр. Сонымен қатар ресми тіркелген компаниялардың ғана қызметіне жүгініңіз.

Асан Ахметжан, ҚР Ұлттық банкі баспасөз қызметінің басшысы:

– Банк туралы заңнамаға толықтырулар мен өзгерістер енгізілді. Сол заң аясында криптоактивтерге заңды мәртебе берілді. Қазіргі уақытта криптонарық, криптобиржалар мен криптоайырбастау пункттері Қазақстанда заңды түрде жұмыс істей алады. Криптоактивтермен айналысатын компанияның лицензиясын тексеру үшін Ұлттық банктің сайтына кіріп, қажетті ақпаратты қарап шығуға болады.

Шернияз Жалғасбекұлы, тілші:

– Қазір криптоактивтермен күнделікті өмірде төлем жасауға болады. Яғни тіршілікке қажетті нан, су, киім-кешек секілді қажеттіліктеріңізді осы қаржы түрімен сатып ала аласыз. Сіз цифрлық активпен төлейсіз, ал сатушы оны теңгемен қабылдай алады. Мұндай мүмкіндікке ие елде 5 мыңнан астам дүкен бар. Бұған дейін дәл осы төлем түрін жүздеген жан қолданды.

Авторлары: Шернияз Жалғасбекұлы, Диас Қобланбаев

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz