RU
Толық нұсқаға өту

Семейде ЖИ меңгерген ұстаздар саны 15 мыңнан асты

10.10.2026, 09:50 37

Абай өңірінде білім беру саласына жасанды интеллект пен цифрлық технологиялар қарқынды енгізіліп жатыр. Қазір 15 мыңнан аса мұғалім жасанды интеллектті меңгеріп, оқу үдерісінде қолдана бастады, деп хабарлайды 24KZ.

Ал оқушылар робототехника бағытында бақ сынап, жүлделі орындарға ие болып жүр. Цифрлық жобалар жоғары және техникалық-кәсіптік білім беру ұйымдарында да жүзеге асырылып жатыр.

Білім саласындағы цифрлық өзгеріс ең алдымен мұғалімнің жұмысын жеңілдетуге бағытталған. Шәкәрім атындағы мектеп-гимназия ұстаздарының барлығы да жасанды интеллект бойынша арнайы оқудан өткен. Енді олар жаңа технологияны сабақ жоспарын әзірлеу, оқу материалдарын дайындау және оқушыға тапсырма құрастыруда пайдаланып жүр.

Айдос Тұрсынбеков, информатика пәнінің мұғалімі:

– Осы сайыста біздің команда бірінші орынға ие болды. Роботтың бағдарламалық кодының шамамен 80 пайызы жасанды интеллект көмегімен әзірленді. Бұл технология оқушыларға роботты бағдарламалау барысында жаңа мүмкіндіктер беріп, олардың ізденісін арттырды.

Цифрлық технологияны ұлттық құндылықтарды дәріптеуге де пайдалануға болады. Колледж оқытушысы Асхат Мұханов шәкірттерімен бірге «Бала мұрасы» атты цифрлық платформаны әзірлеген. Жоба 3 пен 6 жас аралығындағы балаларға арналған. Платформада мультфильмдер мен түрлі көрнекі материалдар арқылы қазақтың салт-дәстүрі таныстырылып, мемлекеттік тілді үйренуге жағдай жасалған.

Асхат Мұханов, оқытушы:

– Мультфильмдер арқылы балалар қазақтың қандай дәстүрлері бар екенін, ана тілін үйренгенін қалаймыз. Қазір көптеген бала гаджетке жақын. Сондықтан біз цифрлық портал жасап, оның көмегімен ұлттық ойындарды ойнауға мүмкіндік бердік. Осы арқылы балалар өз мәдениетін танып, елінің құндылықтарына деген қызығушылығын арттырады деп ойлаймыз.

Өңір бойынша 15 680 мұғалім жасанды интеллект құралдарын меңгерді. Қазір ұстаздарға курстан кейін де әдістемелік қолдау көрсетілуде. Сонымен қатар өңір мектептерінде BilimLand, Daryn.online, Beyim.ai, BilimCenter секілді жасанды интеллект элементтері бар цифрлық платформалар кеңінен қолданылып келеді.

Рустам Оразалин, облыстық Білім басқармасы бөлімінің бас маманы:

– Облыс педагогтері негізгі пәндер бойынша жасанды интеллектіні қолдана отырып, 66 әдістемелік жоба дайындады. Олардың барлығы сараптамадан өтіп, Абай облысында таратуға ұсынылды. Сонымен қатар облыста «Акелиус» жобасы жүзеге асырылуда. Бұл жоба арқылы оқушылар ағылшын және орыс тілдерін жасанды интеллект көмегімен тегін үйреніп, білім алу траекториясын бақылауға мүмкіндік алады.

Облыста жасанды интеллектіні білім беру жүйесіне енгізудің 2029 жылға дейінгі жол картасы да әзірленген. Осылайша, Семейдегі білім беру ұйымдары цифрлық технологияларды тек техникалық дағды қалыптастыру үшін емес, оқыту сапасын арттыруға пайдаланып отыр.

Авторлары: Рүстем Қайратұлы, Мәди Базарбеков

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz