RU
Толық нұсқаға өту

Жатақханада орын бөлудің цифрлық платформасын құру ұсынылды

12.10.2026, 13:40 42

Студенттерге жатақхананың қолжетімділігі артып, оған кезек ашық жүргізілуі тиіс.

Осылай деген Құрылтай депутаттары жатақханада орын бөлудің цифрлық платформасын құруды ұсынды. Жүйе орын тапшылығын жойып, бос орындар туралы ақпаратты нақты уақыт режимінде көрсетуі керек. Елдегі жатақханаларға қатысты қазіргі ахуал қандай?

Диана Құсайынова Астанадағы Еуразия ұлттық университетінде үшінші курс оқиды. Студент үш жыл бойы құрбыларымен пәтер жалдауға мәжбүр. Сөзіне сүйенсек, жатақханада орын жеткілікті. Бірақ ондағы бір бөлмеде 7 адамға дейін тұрады екен. 

Диана Құсайынова, студент:

- Менің ата-анам басынан бастап жатақханада тұруға рұқсат берген жоқ. Өйткені 1 бөлмеде 6-7 адамнан тұрады. Олар менің оқуыма кедергі келтіреді деп ойлады. Қазір біз университеттен алыс емес жерде квартира жалдадық, 2 бөлмелі квартирада 4 қыз тұрып жатырмыз. Айына 210 мың төлейміз. Бірақ қаржылық жағынан өте қиын болады.

Диананың құрбысы Самал Камиссар бұған дейін 1 жыл жатақханада тұрған. Бір бөлмеде бас-аяғы 9 адам орналасқан.

Самал Камиссар, студент:

- Бұрын біз сабақ оқитын жер болмай, арнайы оқитын кішкентай этаджағы кітапханаға барып оқитын едік. Қазір бізде өзіміздің партамыз, столымыз, өзіміздің территориямыз бар.

Ғылым және жоғары білім министрі жатақханалардағы орын тапшылығы азайғанымен, Алматыдағы мұқтаждық әлі шешілмеді дейді.

Саясат Нұрбек, ҚР Ғылым және жоғары білім министрі:

- Осыдан 5-6 жыл бұрын жатақханаларда 82,5 мың орын жетіспеді. Бүгінде тапшылықты 5 мыңға дейін қысқарттық. Проблема тек Алматы қаласында қалып отыр. Басқа өңірлерде мәселе жоқ. Бұған қарап қыруар жұмыс атқарылды деп айта аламын. Студенттерді жатын орынмен қамтамасыз ете алмайтын жоғары оқу орындарын лицензиясынан айыруға дейін бара аламыз. Осы күнге дейін ережені елемегендерге айыппұл да салынды. Алдағы уақытта талап тек қатаңдай береді.

Құрылтай депутаттары салаға қатысты мәселелерді шешу жолдарын ұсынды. Премьер-министрге жолданған сауалда жатақханаларды цифрландыруға арналған бірыңғай талап әзірлеу қажеттігі айтылды. 

Нұргүл Тау, ҚР Құрылтай депутаты:

- Мәселен, Нидерланды және Францияда студенттерді баспанамен қамту жүйесі толығымен цифрлық платформаға, АҚШ, Ұлыбританияда университет пен жеке компаниялардың серіктестік үлгілеріне, сондай-ақ Германия және Австралияда арнайы тұрғын үй операцияларына негізделген. Елімізде де жауапты министрлік тарапынан студенттік жатақханаларды цифрландыру талаптары қойылғанымен, бұл талапты ЖОО өз бетінше әртүрлі деңгейде іске асыруда.

Депутаттар орын бөлуде әлеуметтік басымдықтарды ескеретін ашық алгоритм енгізу керек, дейді. Халық қалаулылары электронды кезек, онлайн брондау және цифрлық келісімшарт бағыттарын сандық жүйеде толық жүзеге асыруды ұсынып отыр.

Альмира Оразбай

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz