Жасанды интеллект қоғам сақшылары қатарында. Елордадағы Alem AI орталығында Qazaqstan Prevention Days - 2026 ауқымды көрмесі өтті. Шарада қауіпсіз қоғам қалыптастыруға бағытталған ондаған жоба таныстырылды. Өз тәжірибесі мен тың идеяларын Германия, Қырғызстан, Өзбекстан және Тәжікстаннан келген сарапшылар да ортаға салды. Көрмеде қонақтарға қандай тың жобалар ұсынылды? Бұл туралы 24KZ хабарлайды.
Мына бот желідегі қауіпсіздікті қамтамасыз етеді. Оның көмегімен жабық арналарды тексереді. Астанада өткен көрмеде 60-қа жуық жоба таныстырылды.
Нұржан Орысбай, ҚР ІІМ Алматы академиясының курсанты:
- Бұл телеграм каналды арнайы тексеріске жіберіп, сілтеме арқылы ол жақтағы бүкіл хабрлаламаларды білген болатынбыз. Ол бізге нені берді? Оларды адам қатарына қосудың қажеті жоқ. Бұл топ біздің қоғамды ішінен бұзып жатыр. Яғни радикализм белгілері бар хабарлама.
Көрмеде қауіпті аймақтарда жұмыс істеуге арналған робот-ит таныстырылды. Мәселен, бұл робот өрт болған аумақтарды барлауға қабілетті. Камералары арқылы бейнені штабқа жеткізеді. Сондай-ақ дәрі-дәрмек тасымалдай алады. Ал төтенше жағдайда саперлерге қауіпті заттарды анықтауға көмектеседі.
Әлішер Төлемісов, Еуразия жоғары колледжінің оқытушысы:
– Біздің жобамыз – гуманоид робот пен робот-ит. Олар бірге қозғалып, көшелерді патрульдей алады. Робот-ит лидар жүйесімен және камерамен жабдықталған. Ол айналасын бақылап, бейнежазба түсіре алады.
Ал мына құрылғының көмегімен көлік жүргізу кезінде орын алуы мүмкін қателіктерді алдын алуға болады.
Қанатбек Қарабеков, ІІМ басқару академиясы ғылыми-зерттеу институты орталығының басшысы:
– Біздің жобамыз алкогольдік масаң күйде көлік жүргізудің алдын алуға бағытталған. Қатысушы алдымен көзілдіріксіз, кейін оны киіп тапсырмаларды орындайды. Осылайша, алкогольдік ішімдік ішкеннен кейін адамның кеңістікте бағдарлау қабілеті төмендейтінін өз тәжірибесінде сезінеді. Бұл жобаны болашақ жүргізушілерді даярлау бағдарламасына енгізуді жоспарлап отырмыз.
«Qazaqstan Prevention Days - 2026» көрмесі қоғамдық қауіпсіздікті заманауи технологиялар арқылы қамтамасыз етудің маңызын көрсетті.
Тегтер #Астана #Qazaqstan Prevention Days 2026 #көрме #ТаңдаулыPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz