RU
Толық нұсқаға өту

Елдегі пойыздарда «Starlink» интернеті іске қосылды

20.10.2026, 21:10 42

Елдегі жолаушылар пойыздары «Starlink» спутниктік интернетімен жабдықталды. Ғаламтор 51 бағыттағы 1 мың 500-ден астам вагонда қолжетімді болады. Жылына 11 миллионнан астам жолаушы интернет және заманауи цифрлық сервистерді пайдалана алады. Қазақстан темір жолы компаниясы жолаушылар пойызының цифрлық экожүйесін де таныстырды, деп хабарлайды 24KZ.

Рухани Әбдірахман, тілші:

– «Старлинк» теміржолға жетті. Енді тіпті шалғай аймақтарға сапарға шыққан азаматтар жақындарымен үнемі байланыста бола алады. Себебі бортта тегін интернет қолжетімді. Мына робот-жолсерік желіге қалай қосылуға болатынын түсіндіреді. Жолаушылар үшін тегін базалық және ақылы интернет-пакеті қарастырылған.

Демек, ел ішіндегі сапар бұрынғыдан да ыңғайлы бола түседі. Сапалы байланыспен қатар қауіпсіздік талаптарының сақталуы бақыланады.

Әнуар Ахметжанов, «Жолаушылар тасымалы» АҚ басқарма төрағасы:

– Бұл – біз үшін үлкен жетістік. Біз бұл жобаны үш жыл бұрын бастағанбыз. Пилоттық режимде бір жарым, екі жылдай тексеріп көрдік. Сараптау жұмыстарын өткіздік. Сондықтан нақты тұрақты байланыс болғаннан кейін осы жазда вагондарға орнату жұмыстарын бастадық. Жұмысты қыркүйек айында бітірдік.

Цифрландыру жобалары аясында байланыс инфрақұрылымынан бастап, жолаушыларға арналған ақпараттық жүйелер мен сервистерді біріктіретін толыққанды цифрлық экожүйе қалыптасады.

Игорь Погребицкий, «Транстелеком» АҚ өкілі:

– Біз «Жолаушылар тасымалының» негізгі серіктесі ретінде тасымалдау жүйесіне спутниктік байланыс арқылы жұмыс істейтін сымсыз интернетті енгіздік. Бүгінгі таныстырылым барысында өздеріңіз көргендей, шамамен сегіз пойыз басшысы бізбен тікелей эфирде байланысқа шықты. Пойыз сағатына 100 шақырымнан астам жылдамдықпен қозғалатындықтан кейбір ақаулардың байқалғаны қалыпты жағдай. Сонымен қатар азаматтар алдындағы әлеуметтік жауапкершілікті ескере тегін тариф сақталады. Алдағы уақытта пайдаланушылардың қажеттіліктеріне қарай бірнеше тарифтік жоспар енгізіледі.

Сонымен бүгін жолаушылар пойыздарын «Starlink» спутниктік интернетімен қамтуға арналған ауқымды жоба бастау алды. Енді WI-FI 51 бағытта қатынайтын 1500-ден астам вагонда қолжетімді болады. Бұл пойыздармен жыл сайын 11 миллионнан астам жолаушы қатынайды.

Авторлары: Рухани Әбдірахман, Бағдат Қайыркен

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz