RU
Толық нұсқаға өту

ЖИ көлік апатын 17,2%-ға азайтты

22.10.2026, 08:15 37

Күре жолдың бойында бейнекамера көбейді. Қазір 16 учаскеде бақылау кешендері көлік тәртібін қас қақпай қадағалап тұр. Жасанды интеллектімен жабдықталған құрылғылар, тақауда, тағы 4 ақылы жолда орташа жылдамдықты бақылайтын болады, деп хабарлайды 24KZ.

Жаңа жүйенің пайдасы – көлік апаты азайды. Өлім-жітім де кеміді. Басқа да шаруаға жарап тұр. Ең бастысы апаттың азайғаны, әрине.

Елдегі тағы төрт ақылы жолда орташа жылдамдықты бақылау жүйесі енгізілді. Бұлардың қатарында Орал мен Ақтөбеден Ресей шекарасына бағыт алған және Қостанай-Денисовка, Қандыағаш-Мақат күрежолдары бар. Бұл бейнекамералар жасанды интеллектімен жабдықталған. Жылдамдықты өлшеумен қатар, көлік санын есептеп, тиісті мәліметті арнайы орталыққа жинайды.

Нұрсұлтан Баймұхан, «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ пайдалану жөніндегі департаментінің инженері:

– Бұл жүйе жүргізушілерді жол бойындағы жылдамдықты сақтауға ынталандырады. Яғни камераның алдын барғанда баяулау жеткіліксіз. Нәтижесінде қауіпті маневрлар азайып, жол қауіпсіздігі артады. Қазіргі таңда орташа жылдамдықты есептеу 16 жол учаскелерінде жасанды интеллектімен есептелінеді. Осы екі нүкте ара қашықтығы мен жүріп өткен уақыт арқылы көліктің орташа жылдамдығын жасанды интеллектімен есептелінеді.

Қазір ел көлемінде 16 ақылы учаскеде орташа жылдамдықты бақылау жүйесі жұмыс істейді. Соның арқасында кейінгі кезде көлік апаты кеміді. Мәселен, биылғы жылдың ІІІ тоқсанында былтырғы осы кезеңмен салыстырғанда жол-көлік оқиғасы 17,2 пайыз төмендеді. Және бастысы, опат болғандар саны – 23, жарақат алғандар 18,2 пайызға азайды.

Бұған дейін Астана-Қарағанды және Астана-Щучинск бағытында жасанды зердесі бар бейнекамералар қойылған еді. Әр шақырым сайын орнатылған құрылғылар жол бойын тәулік бойы бақылайды.

Ниязбек Ахметов, «Қазавтожол» ҰК» АҚ Ақылы автомобиль жолдары дирекциясы филиалының бас сарапшысы:

– Қазіргі таңда жасанды интеллект көмегімен жолға жаяу жүргіншілердің шығып кетуін байқайды. Сонымен қатар жануарлардың шығуын, бөгде заттардың орналасуын қадағалайды. Сонымен қатар бұл – тұрақ ережелерін бұзу, кері бағыт бойынша жолаққа шығып кету және де көлік апаттарын анықтау бойынша жасанды интеллект технологиясымен қадағалауға көзделген жоба.

Жалпы, жыл басынан бері республикалық жолдарда орташа жылдамдықты асырған 550 мың дерек анықталды. Ал алдағы уақытта бақылау камералары көбейе бермек. Яғни келесі жылдың соңына дейін 3600 шақырым жол бойына арнайы есептеуіш жабдық орнату жоспарланған.

Авторлары: Нұрқанат Қанапия, Мадияр Қындыбаев

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz