RU
Толық нұсқаға өту
фото: ЖИ

Елімізде фермерлерге арналған цифрлық агроплатформа әзірленіп жатыр

22.10.2026, 10:47 38

Қазақстанда тұқым таңдаудан бастап, егістік алқаптарындағы жұмыстарды жоспарлауға дейінгі процестерді қамтитын цифрлық платформа әзірленіп жатыр. Жоба фермерлерге дақыл түрін, агротехнологияларды қолдану уақытын және тыңайтқыш енгізу мерзімін анықтауға көмектеседі. Бұл туралы Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығының басқарма төрағасы Бауыржан Асанов 24KZ арнасына берген сұхбатында айтты.

Оның айтуынша, платформа арқылы әр өңір мен алқапқа қандай тұқым түрі тиімді екенін анықтауға болады. Сондай-ақ егістіктің ылғалдылығын бақылап, химиялық препараттар мен минералдық тыңайтқыштарды қай уақытта қолдану керегін жоспарлау көзделген.

Алдымен жүйе орталықтың еншілес ұйымдарында сынақтан өткізіледі. Нәтижесі тиімді болса, оны басқа шаруа қожалықтарына да енгізу мәселесі қарастырылады.

Біз қазір тұқым өндіруден бастап, оны өндіріске енгізуге дейінгі процестерді қамтитын үлкен платформа әзірлеп жатырмыз. Ол арқылы қай өңірде, қандай алқапқа қандай тұқым түрін еккен тиімді екенін анықтай аламыз. Алдымен платформаны өзіміздің еншілес ұйымдарда сынап көреміз. Нәтиже берсе, оны барлық шаруа қожалықтарына тарату мәселесін қарастырамыз, - деді Бауыржан Асанов.

Цифрлық технологиялардан бөлек, аграрлық ғылымның алдында ғылыми жаңалықтарды өндіріске енгізу міндеті тұр. Бауыржан Асановтың айтуынша, ғалымдар әзірлеген жаңа сорттар мен технологиялар зертханада немесе көрме алаңында қалып қоймай, фермерлердің күнделікті жұмысына пайдаланылуы керек.

Қазір ғылыми жаңалықтарды коммерцияландыру деңгейі 22%-ға жеткен. Ал 2030 жылға дейін бұл көрсеткішті 40%-ға дейін көтеру жоспарланып отыр. Ол үшін жаңа технологиялар мен дақыл сорттарын шаруашылықтарға енгізу және оларды іс жүзінде қолдануға мүмкіндік жасау қажет.

Мемлекет басшысы ғалымдардың жаңалықтары сөреде жатпай, өндіріске енгізілуі керек деген міндет қойды. Қазір алдымызда тұрған негізгі мәселелердің бірі – ғылыми жаңалықтарды коммерцияландыру. Биыл бұл көрсеткішті 22%-ға жеткіздік. Ал жоспарымыз бойынша 2030 жылы коммерцияландыру деңгейін 40%-ға дейін көтеруіміз керек. Бұл – жаңа технологиялар мен жаңа сорттарды өндіріске енгізу деген сөз, - деп қорытындылады Бауыржан Асанов.

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz