RU
Толық нұсқаға өту

Отандық медстартаптар Силикон алқабына аттанды

22.10.2026, 14:30 43

Спортшының қимылын бақылайтын ұлтарақ, әйелдер ауруын ерте анықтайтын әдіс, қатерлі ісікті іздеуге көмектесетін жасанды интеллект. Қазақстандық ғалымдар осындай жобаларын АҚШ нарығына шығаруға ұмтылып жатыр. Олар Сан-Францискодағы TechCrunch Disrupt конференциясына қатысып, инвесторлар мен серіктестер іздеп жүр, деп хабарлайды 24KZ.

Ердана Ержанұлы, тілші:

– Бұл – Сан-Францисконың «Алтын қақпасы». Ал Силикон алқабындағы америкалық нарыққа жол ашатын қақпа – TechCrunch Disrupt конференциясы.

Ұзын-сонар кезек, күлімдеген роботтар, инвесторлар мен тұтынушыларды іздеп шаршаған стартапшылар. Мыңдаған адамның басын қосқан конференцияда Қазақстан ғалымдары медициналық жобаларын ұсынып жатыр. Мысалы, Назарбаев университетінен шыққан «Mirai Tech» стартапы сенсорлы ұлтарақ арқылы спортшының әр қадамы мен қимылын ойын үстінде өлшеп, чемпион атану жолында бапкерлері мен дәрігерлеріне қажетті ақпаратты жеткізеді. Алғашында майтабандыққа арналып басталған жоба алты жыл ішінде дамып, өзгеріп, АҚШ-тың ең үздік спорттық клубтарымен серіктестік орнатқан.

Гүлнұр Калимулдина, «Mirai Tech» deep-tech стартапының негізін қалаушы және бас директоры:

– Бізде мынадай ұлтарақ өте жіңішке, 2 миллиметр. Аяқ киім ішіне саласыз, жүгіріп, секіріп, қандай да болсын жаттығулар жасағанда бұл толығымен денеңіз қалай қозғалады, соның барлығын айтып береді. Яғни қандай жылдамдықпен, қай жағына көбірек қысым түсіресіз, қандай қысыммен қозғаласыз. Сонымен қатар бұл барлық ақпарат сізде қандай да бір дұрыс емес қозғалыстар басталды ма, жоқ па, соны көрсетеді.

Америка нарығына ұмтылған тағы бір қазақстандық жоба эндометриозды ерте анықтауға көмектеседі. Бұл сырқат әйелдерде қатты ауырсыну туғызып, бала сүюге кедергі келтіреді. ДДСҰ бағалауынша, ол шамамен 190 миллион әйелде кездеседі. Бірақ оны анықтауға 4 жылдан 12 жылға дейін уақыт кетеді. Қазақ ғалымдары осы мерзімді қысқартатын жаңа әдіс әзірлеп жатыр.

Маржан Нұрланқызы, Назарбаев университетінің ғылыми қызметкері, Pendora стартапының өкілі:

– Америкада да бұл статистика өте жоғары және де біздің әрбір медтек, әсіресе саласындағы стартаптың арманы – ол FDA approved деп аталады. Яғни АҚШ-та рұқсат алу, диагностикалық құрылғылар немесе дәрілерді шығаруға рұқсат алу бұл ең жоғарғы деңгей деп саналады. Және біздің, әрине, арман-мақсатымыз осыған жету.

Ал «OmniMammo» командасы жасанды интеллектіні сүт безі обырын анықтауға қолданбақ. ДДСҰ дерегінше, 2024 жылы әлемде шамамен 2 жарым миллиондай әйелге осы диагноз қойылып, аурудан 700 мыңға жуығы қайтыс болған. Обырды ерте анықтап, дер кезінде емдеу өлім-жітімді азайтады. Қазақстандық жоба маммография, ультрадыбыстық зерттеу және өзге де медициналық кескіндерді талдап, күмәнді өзгерістерді анықтауға көмектеседі.

Бейбіт Әбдікенов, Omni Mammo ғылыми жоба жетекшісі және негізін қалаушы:

– Орташа протоколмен алғанда, бұндай бір суретті талдап, оның талдауын жасау үшін әр дәрігер 20 минуттан 30 минутқа дейін уақыт кетіреді. Біз бұны екі-үш есе тезірек жасатамыз. Және де дәрігерлер шаршайды. 2 сағаттан кейін олардың көздері шаршай бастайды. Сол кезде қате жіберу рискі пайда болады. Біз қате жіберу рискін төмендетеміз. Бірақ та бұл біз толықтай дәрігерді алмастырмаймыз. Дәрігерге көмекші ретінде системаны береміз.

Осы конференцияға келмес бұрын стартап өкілдері өз жаңалықтарын америкалық нарыққа шығару үшін қалай ұсыну жолдарын да пысықтады. Силикон алқабындағы мамандармен Silkroad Innovation Hub-та дайындалып, әлеуетті клиенттермен сөйлесуге, өнімін олардың сұранысына бейімдеуге және инвесторлармен байланыс орнатуға машықтанды.

Лоран Рейнс, Alchemist акселераторының жетекшісі:

– Қазір инвестиция тарту оңай емес. Соған қарамастан, алғашқы кезеңнің өзінде қомақты қаржы жинап жатқан жобалар бар. Табыстың кілті – өз тұтынушыңды таба білу. Байқағанымыз, өнімін кімге, қалай сататынын білетін кәсіпкерлер бұл мәселені шеше алмай жүргендерден алда келеді. Сондықтан белгілі бір салаға арналған жасанды интеллект жобалары үшін табыстың кілті – өнімді тұтынушыға жеткізе білу.

Силикон алқабында медицинаға тың технология әкелген компаниялар аз емес. Intuitive жасаған роботтық жүйелермен жылына миллиондаған операция жасалады. Heartflow жасанды интеллект арқылы қан тамырлары жұмысын бағалауға көмектеседі. Ал Guardant Health тоқ ішек обырының белгілерін қан талдауы арқылы анықтайтын тестін АҚШ нарығына шығарып отыр. Бұлардың қатарына жуырда қазақ ғалымдары да қосылып, әлемдік нарықты бағындыруы бек мүмкін.

Авторы: Ердана Ержанұлы

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz