Бүгінгі таңда Қазақстандағы агроөнеркәсіп кешенін цифрландыру үрдісі қарқын алып, шаруалардың жұмысын айтарлықтай жеңілдетіп жатыр. Бұл туралы «24KZ» арнасына берген сұхбатында ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі Агроөнеркәсіптік кешенінде мемлекеттік қызметтерді дамыту және цифрландыру бөлімінің басшысы Жақсылық Еркінбек айтты.
Қазіргі кезде министрлік 80 мемлекеттік қызметті басқарады, оның 75-і цифрлық форматта жүзеге асырылады. Көбірек сұранысқа ие субсидиялау саласы бойынша – мал шаруашылығы мен өсімдік шаруашылығы бағытында шаруалар игілігін көріп отыр. Бұрын жергілікті атқарушы органдарға барып жүгінетін болса, қазір үйінде отырып, электрондық цифрлық қолтаңба арқылы өтінім бере алады, – деді Жақсылық Еркінбек.
Сондай-ақ сарапшы шаруашылық шығындарын азайтып, өнімділікті арттыруға арналған инновациялық құрылғылар мен заманауи технологиялар туралы айтты.
Шаруалардың тарапынан цифрлық құрылғыларды енгізуге қызығушылық жыл санап артып келеді. Мысалы, көпфункционалды дрон сатып алған жағдайында инвестициялық шығындардың 25 пайызы өтеліп беріледі. Сонымен қатар ауа райын болжайтын метеостанциялар, автономды трактор-комбайндар сияқты телематикалық GPS құрылғылары егін егу және жинау жұмыстарында үлкен көмек беруде, – деп атап өтті бөлім басшысы.
Бұдан бөлек, топырақ құнарлығы мен жердің мақсатты пайдаланылуын бақылау үшін ғарыштық мониторинг жүйесі қолданыла бастағаны айтылды. Спутниктік бақылау инспекторлардың жұмысын айтарлықтай жеңілдетіп, жердің рационалды пайдаланылуын қашықтан қадағалауға мүмкіндік береді.
Цифрландыру және жасанды интеллект элементтерін енгізу шаруалардың уақытын үнемдеп қана қоймай ауыл шаруашылығының тиімділігін арттыруға жол ашып отыр. Алдағы уақытта «Digital Kazakhstan» стратегиясы аясында бұл бағыттағы жұмыстар толықтай жетілдірілетін болады.
Тегтер #24жаңалықтар #24KZ #Агроөнеркәсіп #цифрландыру #Ауыл шаруашылығы министрлігіPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz