RU
Толық нұсқаға өту

Қазақстанда жасанды интеллект сот істерінің нәтижесін болжайды

23.10.2026, 13:18 31

Жасанды интеллект сотқа да жетті. Елімізде жасанды зерде көмегімен сот істерінің нәтижесін болжай алатын ақпараттық жүйе жұмыс істеп тұр. Бұл сот сарапшыларының жұмысын да жеделдетуге ықпал еткен. Жалпы соңғы 7 жылда салада ауқымды реформалар жүзеге асып, оң нәтиже бере бастады. Сарапшылар сотқа енгізілген жаңашылдықтар қоғамдық сенімді нығайтуға сеп болғанын айтады, деп хабарлайды 24KZ.


Айнұр Қуатқызы, тілші:

– Әділ төрелігін айтатын сот жүйесінде жаңашылдық көп. Соңғы жылдары Қазақстанда сот төрелігіне жүгіну тетіктері жаңарды. 2021 жылы әкімшілік әділет жүйесі енгізілді. Соның нәтижесінде азамат мемлекеттік органның шешімін дауласа, сол үкімнің заңдылығын дәлелдеу міндеті мемлекеттік органға жүктелді. Ал былтырғы шілдеден бастап азаматтық, қылмыстық және әкімшілік істер жөніндегі үш дербес кассациялық сот жұмысын бастады.

Елімізде осыдан бес жыл бұрын Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекс қабылданған. Құжат бүгінде мемлекет пен бұқара арасындағы алтын көпірге айналды. Бұл жүйе қандай да бір шешім қабылданбас бұрын алдымен қарапайым азаматтың уәжін тыңдауға жол ашты. Сонымен қатар биылғы қаңтарда Президент әкімшілік әділет саласын кеңейту туралы заңға қол қойған еді. Осылайша, мемлекеттік органмен дауласқан азаматтардың құқығы заң жүзінде қорғалады. Осы арқылы әкімшілік рәсімдерге деген қоғамның сенімі арта түскен. 

Ермек Әбдірасыло, заң ғылымдарының докторы, профессор:

– Бұрын азаматтар әкімшілік істер бойынша жалпы соттарға жүгінетін. Соңғы жеті жылда әкімшілік әділет жүйесі пайда болды. Бұл көптеген адамның құқығын қорғауға мүмкіндік беріп отыр. Мұны жетістік деп санаймын. Өйткені дамыған елдердің бәрінде әкімшілік соттар бар. Адамдар өз құқықтарын қорғау үшін, мемлекет тарапынан тиісті шаралар қабылдануы үшін осындай тетіктің бар екенін біледі.

Қазақстан сот төрелігін цифрландыру бағытында оқ бойы озық. Ал сот жүйесінде жасанды интеллектіні қолданудан әлемдік рейтингте 4-орында тұр. Осылайша, елде цифрлық сот төрелігі де қатар дамып келеді. Азаматтар талап-арызды онлайн беріп, сот отырыстарына бейнебайланыс арқылы қатыса алады. Қоғамдық маңызы бар кей сот процесі тікелей эфирде көрсетіледі.

Нұргүл Лесова, Астана қаласы Азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотының судьясы:

- ЖИ енгізілгелі бері судьялар оны қолданады. Сотқа келген талап қоюшы мен жауапкерге ЖИ арқылы ықтимал шешімнің қандай болуы мүмкін екенін алдын ала айтып бере аламыз. Талап қоюшы мен қарсы тараптың талаптарын енгізу арқылы республика бойынша соттарда қабылданған шешімдер бірден шығады.

Сондай-ақ болашақ судьялар үшін емтиханнан өту мерзімі қысқарды. Конкурстық іріктеу енді бір жарым айда өтеді. Судьяларға қойылатын талаптар да күшейіп, біліктілік емтиханы жетілдірілді. Осылайша, соңғы 2 жылда Жоғары Сот Кеңесі елімізде судьялар корпусын қалыптастыру жүйесіне кешенді реформа жүргізді. Судьялыққа үміткерлер резерві кеңейді. Олардың саны 2024 жылы 73 адам болса, қазір 250 адамға артқан.

Лаура Құрмантаева, ҚР Жоғары сот Кеңесі аппарат басшысының орынбасары:

– Мемлекет басшысының шешімімен 2024 жылдың ортасында Сот төрелігі академиясы Жоғарғы Соттың қарамағынан Кеңестің қарамағына берілді. Осы кезден бастап судьяларды даярлау мен олардың кәсіби дамуының кешенді жүйесі қалыптаса бастады. Бүгінде Кеңес судьяларды іріктеумен қатар, болашақ судьяларды даярлауға, қызметтегі судьялардың біліктілігін арттыруға және олардың мансаптық өсуіне жауап береді. Сондай-ақ судьялардың тәртіптік жауапкершілігіне қатысты мәселелерді қарайды.

Айта кетейік, соңғы жылдары Қазақстанда азаматтар мен мемлекеттік органдар арасындағы сот даулары бойынша шешімдердің шамамен үштен екісі азаматтардың пайдасына шешілген. Сонымен қатар былтыр құрылған тәуелсіз кассациялық соттар азаматтардың әрбір шағымын алқалы құрамда қарап, сотқа қолжетімділікті арттыра түскен.

Авторлары: Айнұр Қуатқызы, Мейрамбек Қайыргелді

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz