Испанияда жүргізілген зерттеуге қарағанда, әр төртінші онлайн әлімжеттік нейрожелінің көмегімен жасалған. Былтыр ғана бұл көрсеткіш 11 пайызға аз еді. Біріккен Ұлттар Ұйымы бұған ғаламдық деңгейде назар аудару керек деп отыр, деп хабарлайды 24KZ.
АҚШ-тың Пенсильвания штатында 13 жастағы қызды жасанды интеллект арқылы жалаңаш суретін жасап, таратқан сыныптасын ұрғаны үшін мектептен шығарды. Алаңдатарлығы сол, ар-намысы қорланған жасөспірім мектеп директоры мен психологтан да көмек сұраған. Алайда қыздың сөзіне ешкім құлақ аспаған.
Джозеф Дэниелс, жасөспірімнің әкесі:
– Білім мекемесінің қызметкерлері келеңсіз жайт туралы білген. Бірақ қызымның сөзіне сенбей, ешқандай шара қолданбады. Сөйтіп оны сотқар сыныптасымен бір автобусқа отырғызған. Ар-намысы аяққа тапталған бала не істеуі керек сонда?
Ал Құрама Штаттардың Ланкастер қаласының соты 14 жастағы 2 жасөспірімді шартты түрде 2 жылға бас бостандығынан айырды. Сондай-ақ 60 сағатқа қоғамдық жұмысқа тартты. Жекеменшік мектептің екі оқушысы нейрожелінің көмегімен 59 қыздың жалаңаш суретін жасап, мессенджерлер мен әлеуметтік желі арқылы құрдастарына таратқан. Тіпті бұл үшін ақы да сұраған.
Марк Сколфоро, Associated Press тілшісі:
– 3 сағатқа созылған сот отырысында үлкен шу болды. Кибербуллингтен зардап шеккен қыздар көз жасын тыя алмады. Ал ата-аналары дене жарақатына қарағанда онлайн әлімжетіктің салдарын мидан шығарып тастау өте қиын екенін айтты.
Нейрожелі адамдардың бейнелерін пайдаланып, оларды сөйлетіп, кез келген дауысты салады, сонымен қатар ешқашан айтпаған сөздерді де айтқызуы мүмкін. Бұрын бұл технология кәсіби білімді қажет ететін. Алайда кейінгі жылдары дипфейк жасайтын нейрожелілер қолданысқа кеңінен енді. Зерттеулерге қарағанда, жасанды интеллектінің салдарынан зардап шеккен жасөспірімдердің 60 пайызы – қыздар.
Ай Кихара-Хант, БҰҰ-ның жыныстық зорлықтан қорғау мәселелері жөніндегі арнайы өкілі:
– Біздің міндетіміз – халықаралық стандарттарды балалардың мүддесіне қарай бейімдеуіміз қажет. Адам құқықтарына негізделген, сондай-ақ балалардың өмірдегі жағдайын ескере отырып, қорғау жүйелерін әзірлеуіміз керек.
Зерттеу орталықтары балаларға кибербуллинг жасалатын әлеуметтік желілер мен мессенджерлердің де реттік тізімін құрды. Ең зиянды үштікке WhatsApp, TikTok және Instagram кіреді. Алайда бұл мәселенің екінші жағы да бар. Жасөспірімдердің оннан үшеуі құрдастарының түр тұлғасын кемсітетін хабарламаларды әрі қарай таратқаны үшін өздерін кінәлі санамайды. «Сондықтан мамандар онлайн әлімжетіктің әлегін азайту үшін балаларға цифрлық әлемдегі мінез-құлық туралы жан-жақты ақпарат берген дұрыс», – дейді
Георгиос Кормас, Қауіпсіз интернет орталығының көмек желісінің жетекшісі:
– Грекияда оқушылар әлеуметтік желіні бастауыш сыныптан бастап қолданады. Ал бұл жастағы балалар цифрлық қосымшаларды дұрыс пайдалана алмайды әрі өздерін қауіптен де қорғай алмайды.
Афинадағы Қауіпсіз интернет орталығының дерегіне сүйенсек, былтыр кибербуллинг бойынша балаларға көмек көрсететін желілерге түскен қоңыраулар саны 2 есе артты. Сондықтан жасанды интеллект арқылы жалған контентті тарататындарды қатаң жазалайтын арнайы заң керек. «Мұны қылмыс деп тану қажет», – дейді сарапшылар.
Кшиштоф Гавковски, Польша Цифрлық істер министрі:
– Интернеттегі өшпенділікті тоқтататын уақыт келді. Технологиялық компаниялар бұл үшін жауапқа тартылуға тиіс. Көшеде заң бұзғандарға қандай қатаң шара қарастырылса, интернеттегі заңсыз әрекеттер де ешқашан жазасыз қалмауы тиіс.
Жалпы былтыр әлемде балалардың 58,2 пайызы онлайн әлімжетіктен зардап шекті. Кибербуллингті зерттеу жөніндегі ғаламдық орталықтың мәліметі бойынша, 10 жыл бұрын бұл көрсеткіш 33 пайыз болған. Ал жалған дерек таралса, қайтпек керек? ЮНЕСКО мамандары бірден өшіріп тастамай, дәлелдерді сақтап алуға кеңес береді. Бұдан соң әлеуметтік желіге шағым жазу қажет. Сондай-ақ білім беру мекемесіне хабарлау керек. «Ең бастысы, ата-ананың баламен ашық сөйлесуі және интернеттегі қауіпсіздігіне көңіл бөлуі маңызды», – дейді.
Авторы: Зайнұр Байжігіт
Тегтер #24KZ #кибербуллинг #жасанды интеллект #БҰҰ #нейрожеліPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz