RU
Толық нұсқаға өту
фото: ЖИ

Жасанды интеллект арқылы қазақстандықтар қалай табыс таба алады?

29.10.2026, 12:51 43

Жасанды интеллект көмегімен бағдарламалар мен цифрлық сервистер жасап, оларды табыс көзіне айналдыруға болады. Қазақстанда цифрлық экономиканы дамыту үшін жасанды интеллектіні өндіріс пен бизнеске енгізіп, блокчейн және активтерді токенизациялау тетіктерін де пайдалану маңызды. Бұл туралы Деректер және цифрлық шешімдермен жұмыс жөніндегі орталықтың директоры Әлия Қанатова 24KZ арнасына берген сұхбатында айтты.

Сарапшының пікірінше, жасанды интеллект тек күнделікті жұмысты жеңілдететін құрал емес, жаңа бизнес бастауға да мүмкіндік береді. Мәселен, қазір кең таралып келе жатқан vibe-coding тәсілі арқылы арнайы бағдарламалау дағдылары терең болмаса да, жасанды интеллект құралдарының көмегімен қосымшалар мен цифрлық сервистер жасауға болады.

Кез келген Қазақстан азаматы табыс көзі ретінде арнайы платформалар мен жүйелерді өзі ойлап таба алады. Ол үшін күнделікті мәселелерді шешуге арналған цифрлық өнім жасап, оны қоғамға ұсынуға болады, – деді Әлия Қанатова.

Оның айтуынша, жасанды интеллектіні енгізудің тағы бір маңызды бағыты – экономиканың нақты секторларын цифрландыру. Атап айтқанда, агроөнеркәсіп, құрылыс, қаржы, мұнай-газ салалары мен шағын және орта бизнесте цифрлық шешімдерді кеңінен қолдануға болады. Бұл бағытта деректерді өңдеу орталықтары, инвестициялар және ірі технологиялық компаниялармен серіктестік маңызды рөл атқарады.

Цифрлық инфрақұрылым не үшін қажет?

Қазақстанда суперкомпьютерлерді іске қосу, Екібастұзда деректерді өңдеу орталығын салу және Каспий теңізінің түбімен Транскаспий талшықты-оптикалық байланыс желісін тарту цифрлық экономиканың дамуына негіз болады.

Әлия Қанатованың айтуынша, Қазақстан мен Әзербайжанды байланыстыратын желі Еуропа мен Азия арасында деректер алмасуды жеңілдетіп, еліміздің халықаралық цифрлық хаб ретіндегі әлеуетін арттыруға мүмкіндік береді.

Ал деректерді өңдеу орталықтары цифрлық сервистердің жұмысын қамтамасыз етуге, жасанды интеллект жүйелерін дамытуға және жаңа жұмыс орындарын ашуға ықпал етеді. Бұл ретте электр энергиясымен қамтамасыз ету мен білікті мамандар даярлау мәселелері де маңызды.

Блокчейн мен токенизацияның қандай мүмкіндігі бар?

Сарапшы блокчейн технологиясын тек криптовалютамен байланыстыруға болмайтынын атап өтті. Оны активтерді цифрлық форматқа көшіру, инвестиция тарту және жаңа қаржы құралдарын дамыту үшін де пайдалануға болады.

Токенизация арқылы белгілі бір активке немесе жобаға қатысты құқықтарды цифрлық токен түрінде ұсынуға болады. Бұл инвесторларға жобаларды қаржыландыруға қатысуға мүмкіндік береді. Алайда мұндай инвестициялардың шарттары мен тәуекелдерін ескеру қажет.

Әлия Қанатованың пікірінше, Қазақстан үшін жасанды интеллектіні жаппай енгізумен қатар, оны нақты экономикалық міндеттерді шешуге пайдалану маңызды. Ол азаматтарға жаңа цифрлық өнімдер жасап, кәсіп бастауға, ал бизнеске жұмыс үдерістерін оңтайландырып, жаңа табыс көздерін іздеуге жол ашады.

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz