RU
Толық нұсқаға өту

Алматыда Halyk Bank ЖИ бойынша біліктілік орталығын ашты

29.10.2026, 22:36 37

Алматыда Halyk Bank халықаралық Plug and Play /Плаг энд плэй/ платформасымен бірлесіп, жасанды интеллект бойынша біліктілік орталығын ашты.

Plug and Play АҚШ-тың Кремний алқабында орналасқан. Ал жаңа біліктілік орталығы ірі компанияларға мықты стартаптарды табуға және олардың әзірлемелерін тәжірибеге енгізуге көмектеседі. Бұл серіктестік банкке және оның тұтынушыларына не береді? Тиімділігі қандай? 

Halyk Bank пен Plug and Play арасындағы ынтымақтастық туралы меморандумға мамыр айында қол қойылған. Жуырда тараптар жасанды интеллект мүмкіндіктерін нақты бизнес шешімдеріне айналдыру және экономикалық тиімділікке қол жеткізу жолдарын талқылады. 

Альфредо Гомес Сория, Plug and Play компаниясының EMEA өңірлік директоры:

- Halyk Bank пен Plug and Play үшін ең бастысы – клиент. Біз стартаптарды тартып, олардың технологияларын енгізу арқылы банктің өнімдері мен қызметтерін жақсартуға көмектесеміз. Негізгі назар пилоттық жобаларға аударылады. Тиімділігін  енгізілген шешімдердің саны мен оның  банкке әкелетін пайдасына қарай бағалаймыз. 

Бұл ынтымақтастық қазақстандық әзірлеушілерге жаңа мүмкіндіктер береді. Plug and Play халықаралық байланысының нәтижесінде отандық стартаптар өз шешімдерін шетелдік серіктестерге ұсынып, жаңа нарыққа шыға алады. Ал Halyk Bank цифрлық қызметтерін жетілдіріп, операциялардың қауіпсіздігін арттыруға және тұтынушыларға ыңғайлы қызмет көрсетуге мүмкіндік алады.

Мұрат Көшенов, Halyk Bank Басқарма төрағасының орынбасары:

- Бұл серіктестік Halyk Bank-тің клиенттерге арналған мүмкіндігін кеңейте түседі. Біз жаңа өнімдер мен сервистерді тек өз күшімізбен әзірлеп немесе қазақстандық стартаптармен жұмыс істеу арқылы ғана емес, халықаралық деңгейдегі компаниямен жұмыс істейміз. Әрине отандық стартаптармен ынтымақтастықты жалғастырамыз.  

Plug and Play әлем бойынша инвесторларды, ірі компанияларды және 100 мыңнан астам стартапты біріктіреді. Жаңа орталықта компания мамандары қазақстандық банк командасымен бірге болашағы зор технологиялық шешімдерді іріктеп, сынақтан өткізеді. Негізгі бағыттар – алаяқтық операцияларды анықтау, несие беру үдерісін жетілдіру және жұмыс процестерін автоматтандыру.

Авторлары Қарлығаш Қайыпбекова, Радик Жакупов

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz