RU
Толық нұсқаға өту
фото: кадрдан

Қазақстанда 25 мың мемлекеттік қызметші жасанды интеллект платформасын қолданады

30.10.2026, 09:54 39

Қазақстанда мемлекеттік басқару жүйесіне жасанды интеллект енгізіліп, 30-дан астам орталық мемлекеттік орган ұлттық платформаға қосылды. Қазір оны 25 мыңға жуық мемлекеттік қызметші пайдаланып жүр. Жасанды интеллект күнделікті жұмысты оңтайландырып, құжат айналымын азайтуға және азаматтардың өтініштерін тиісті мемлекеттік органға бағыттауға мүмкіндік береді. Бұл туралы «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ жетекші AI инженері Диас Ильяс 24KZ арнасына берген сұхбатында айтты.

Маманның сөзінше, ұлттық жасанды интеллект платформасы биыл сәуір айында іске қосылған. Оны «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ-ның Жасанды интеллект департаменті әзірлеген. Жоба мемлекеттік қызметшілердің уақытын алатын қайталанатын жұмыстарды автоматтандыруға және қағазбастылықты азайтуға бағытталған.

Жасанды интеллектінің көмегімен мемлекеттік қызметкерлер күнделікті бизнес-процестерін оңтайландырып, көп уақыт алатын жұмыстарын жылдамдата алады. Биыл жасанды интеллектіні барынша тиімді пайдалануымыз керек. Әсіресе мемлекеттік қызметшілер арасындағы қағазбастылықты азайту үшін мұндай автоматтандырудың маңызы зор, - деді «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ жетекші AI инженері Диас Ильяс.

Сонымен қатар жасанды интеллект азаматтар мен мемлекеттік органдар арасындағы байланысты да жеңілдетіп жатыр. Мәселен, «Е-өтініш» жүйесінде азаматтардың арыз-шағымдары мәтініне қарай тиісті мемлекеттік органға автоматты түрде бағытталады. Бұл өтініш қате мекемеге жіберілген жағдайда оны кері қайтаруға кететін уақытты үнемдейді.

Қазір азаматтар өтініш жазған кезде оны қай мемлекеттік органға жолдау керегін білмеуі мүмкін. Егер арыз қате мекемеге жіберілсе, қайта қайтарылады. Ал жасанды интеллект өтініш мәтінін талдап, оны қай мемлекеттік орган қарауы керегін анықтайды. Осылайша, мемлекет пен азаматтар арасындағы жұмыс үдерісі де оңтайландырылады, - деді маман.

Ал деректердің қауіпсіздігіне қатысты Диас Ильяс ұлттық платформа мен өзге де жобалар қорғалған интернет-сегментінде жұмыс істейтінін атап өтті. Оның айтуынша, азаматтардың деректері ел аумағындағы серверлерде өңделеді.

Біздің барлық платформамыз ақпараттық қауіпсіздіктің жоғары деңгейдегі сертификатына ие. Олар қорғалған интернет-сегментінде жұмыс істейді. Сонымен қатар заңнамаға сәйкес, азаматтардың ақпараты тек Қазақстан аумағында орналасқан серверлерде өңделуі керек. Сондықтан барлық дерек еліміздегі дата-орталықтарда сақталады, - деді Диас Ильяс.

Маман жасанды интеллект көмегімен алынған шешімдер үшін де адам жауапты болатынын айтты. Оның сөзінше, халықаралық тәжірибеде бұл қағида human in the loop деп аталады. Яғни жасанды интеллект жұмысты автоматтандырғанымен, оны қалай қолданатынын және нәтижесін қалай пайдаланатынын адам өзі шешеді.

Қазіргі уақытта ұлттық жасанды интеллект платформасы тек орталық мемлекеттік органдардың қызметкерлеріне қолжетімді. Алдағы уақытта оны жергілікті атқарушы органдарға да енгізу жоспарланып отыр. Бұл әкімдіктер мен басқа да мемлекеттік құрылымдар қызметкерлерін ортақ жүйеге қосуға мүмкіндік береді. Ал азаматтардың платформаны тікелей қолдану мүмкіндігі әзірге қарастырылып жатқан жоқ.

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz