RU
Толық нұсқаға өту
фото: ЖИ

Жолдаудағы басымдық: жасанды интеллект қазақ мәдениетіне қызмет етуі керек

30.10.2026, 17:00 40

Президент Жолдауында елдің ұзақ мерзімді дамуы үшін адам капиталын жетілдіру, білім мен ғылымды дамыту және жасанды интеллектіні тиімді пайдалану міндеттері белгіленді. Бұл ретте экономикалық және технологиялық өсіммен қатар, ұлттық құндылықтарды сақтау мен қоғамның рухани дамуына да басымдық берілуі керек. Бұл туралы Мұхтар Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының бас директоры Кенжехан Матыжанов 24KZ арнасына берген сұхбатында айтты.

Ғалымның пікірінше, Жолдауда көтерілген экономикалық және технологиялық міндеттерді жүзеге асыратын негізгі күш – адам. Сондықтан адам капиталын дамыту елдің өркендеуіне тікелей әсер етеді. Бұл үшін азаматтардың білімін арттырып қана қоймай, рухани келбетін қалыптастыру, денсаулығын нығайту және ғылымға қызығушылығын ояту қажет.

Бір қарағанда, Жолдауда ең алдымен экономикалық мәселелер, өндіріс, цифрландыру мен жасанды интеллект дәуірі туралы айтылған. Бірақ осының барлығын кім жасайды? Оны адам жасайды, қазақ азаматтары жасайды. Сондықтан қазіргі қазақ қоғамын дамытудың ең өзекті міндеттерінің бірі – адамды дамыту. Бүгінгі азаматтың білімі жоғары, рухани келбеті қалыптасқан және ғылыми жаңалықтарға бейім болуы керек, - деді Кенжехан Матыжанов.

Сарапшы Жолдауда сөз болған жасанды интеллектіні дамыту міндеті қазақ тілі мен ұлттық мәдениетті өркендетуге де мүмкіндік беретінін атап өтті. Оның айтуынша, ұлттық әдебиет, өнер мен тіл байлығын жасанды интеллект жүйелеріне енгізу қажет. Сонда жаңа технологиялар ұлттық мұраны сақтап, оны кеңінен танытуға қызмет етеді.

Жасанды интеллектінің жадына ұлттық өнерімізді, мәдениетімізді, әдебиетімізді және тіліміздің бүкіл байлығын енгізе берсек, келешекте жасанды интеллект қазақ үшін қызмет етеді. Қазірдің өзінде бұл технология сапалы аударма жасап, әлемдік ғылыми деректерге жылдам қол жеткізуге мүмкіндік беріп отыр. Осындай мүмкіндікті жіберіп алмауымыз керек, - деді ғалым.

Сонымен қатар Жолдауда көтерілген «Адал азамат» идеологиясын қоғамдық құндылыққа айналдыру мәселесіне де тоқталды. Кенжехан Матыжановтың пікірінше, адалдық тек жемқорлыққа қарсы болумен шектелмейді. Ол – Отанға деген сүйіспеншілік, рухани тазалық, ел алдындағы жауапкершілік пен азаматтық парыз. Мұндай қасиеттерді бала кезден қалыптастыру маңызды.

Адал азамат дегеніміз – тек күнделікті өмірдегі адалдық емес, ол – Отанға деген сүйіспеншілік пен кез келген істе рухани тазалықты сақтау. Сондықтан бұл тәрбие отбасынан, балабақша мен мектептен басталып, жоғары білім мен ғылымда, мемлекеттік қызметте де жалғасуы керек, - деді институт басшысы.

Ғалымның айтуынша, Жолдауда белгіленген міндеттерді орындауда қоғамның да жауапкершілігі зор. Әр азамат ел алдындағы перзенттік парызын сезініп, ортақ дамуға үлес қосуы керек. Ал жас ұрпақтың бойына адалдық пен жауапкершілікті сіңіру ұлттық рухани дамудың маңызды шарты.

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz