Шығыс Қазақстанда арнайы ақпараттық талдау орталығы коммуналдық мекемелердің жұмысын онлайн бақылап отырады.
Жылу электр орталықтарындағы отын қоры, өндірілген энергия көлемі, барлығы назарда. Жүйеге жылумен қамтитын 23 мекеме енгізілген.
Одан бөлек қала инфрақұрылымы мен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық нысандарының цифрлық моделі әзірленіп жатыр. Болашақта сумен жабдықтау жүйесі де цифрландырылады.
Өңірдегі қазандықтар мен жылу электр орталықтарына орнатылған датчиктер ақаусыз жұмыс істеп тұр. Өскемендегі ақпараттық талдау орталығына ең шалғай аудандардан да мәлімет түседі. Мамандар әр нысанның қанша жылу өндіріп жатқанын қашықтан көріп отырады.
- Мына экраннан Өскемендегі және облыс аумағындағы жылу электр орталықтарын, сорғы станциялары мен қазандықтарды көріп отырмыз. Датчиктер сырттағы ауаның температурасын, магистральдық желіге берілетін және кері қайтатын судың температурасын көрсетеді. Судың шығыны мен қысымы да осы жерде бақыланады.
Апат болса немесе жабдық істен шықса, орталыққа бірден хабарлама келеді. Тіпті алыс ауылдағы қазандықтан ақау анықталса, жедел шара қабылданады. Өңірдегі IT мамандар тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласын цифрландыруды жалғастыруда. Жақын арада ауыз су шығынын онлайн бақылауға мүмкіндік туады. Ол үшін көп қабатты тұрғын үйлердің жертөлесі мен су жинау тоғандарына мыңнан астам құрылғы орнатылады. Бұл қондырғы қаланы сумен қамтитын мекеменің бірыңғай базасына тікелей қосылады. Осылайша мамандар жіберілген су көлемі мен тұтыну мөлшерін онлайн режімде көре алады. Ақылды жүйені іске қосу үшін «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» жобасы аясында 4 млрд теңге бөлінеді.
Наталья Лукерина, "Өскемен-водоканал" мекемесінің инвестициялық жобалар жетекшісі:
- Бұл жоба сумен жабдықтау жүйесінің жұмысын тәулік бойы бақылауға мүмкіндік береді. Кез келген апаттық жағдай мен ақау туралы ақпарат лезде түседі. Нәтижесінде желілерге түсетін жүктеме азаяды деп ойлаймыз.
Өскеменде қаланың бүкіл инфрақұрылымын цифрландыру жобасы да әзірленіп жатыр.
Гүлназ Ахметова, облыстық цифрландыру және архивтер басқармасының бөлім басшысы:
- Қазіргі уақытта ақпараттық талдау орталығы аясында нақты уақыт режимінде тұрғын үй коммуналдық-шаруашылық көрсеткіштерін көре аламыз. Мысалы, жылу қазандықтары қандай жағдайда екенін, экологиялық, тұрмыстық қатты қалдықтардың шығарылуы, соның бәрін нақты уақыт режимінде қарай аламыз.
Жасанды интеллект арқылы қаладағы құрылыстың ауқымын болжап, жылу көздерінің қуатын бағалауға мүмкіндік бар. Сондай-ақ жаңа шағын аудандарды жоспарлауда цифрлық жүйе техникалық мүмкіндіктерді анықтауға да көмектеседі.
Авторы Асланбек Шығыр
Тегтер #ШҚО #ақпарат #коммуналдық мекемелер #24KZ #ТаңдаулыPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz