Бүгін Мемлекет басшысы V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының дайындық барысымен танысты, деп хабарлайды 24kz.
Президент ең алдымен «Астана Арена» стадионын аралап көрді. Мұнда халықаралық спорттық-мәдени іс-шараның ашылу салтанаты өтеді. 30 мың көрермен еркін сыятын стадионға жыл бойы күрделі жөндеу жүргізілді. Қазіргі кезде абаттандыру жұмыстары аяқталып, жабдықтары толықтай жаңартылды. Содан соң Қасым-Жомарт Тоқаевқа «Qazaqstan» жеңіл атлетика кешенінде орналасқан Аккредиттеу орталығының жұмысы, Көшпенділер ойынына қатысатын ұлттық құраманың киім үлгісі таныстырылды. Халықаралық іс-шараға 1500 ерікті тартылады. Спорт және туризм министрі Ермек Маржықпаевтың сөзінше, ұлтық құрама осы уақытқа дейін халықаралық және республикалық деңгейде 42 оқу-жаттығу жиынын өткізген. Спортшыларымыз 7 халықаралық және 25 республикалық турнирге қатысты.
Ермек Маржықпаев, ҚР Спорт және туризм министрі:
- Ойындарды өткізу мақсатында 7қалалық нысан бекітілген. Спорттық жарыс бойынша 97 медаль жиынтығы сарапқа салынады. 100 мыңға жуық турист келеді деп күтеміз. V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының бағдарламасы 3 бағытта қамтиды: спорт, мәдениет және ғылым. Ойындарға 2800 қатысушы мен ресми өкілдер келеді.
V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына әлемнің 89 елінен спортшылар келеді деп күтіледі. Дода аясында 150-ден астам мәдени іс-шара жоспарланған. Мемлекет басшысы негізгі жарыс өтетін «Қазанат» ипподромына да барды. Мұнда ат спортынан жарыстар өтеді. Бұл жерде Президент жамбы ату және теңге ілу сайыстары үшін арнайы жасақталған алаңды көрді.
ТегтерPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz