Ертең Қасиетті Рамазан айы басталады. Ислам дінінде айлардың асылы саналатын бұл кезеңде мұсылмандар бойларындағы жаман әдетті тыйып, құлшылығын күшейтеді.
Оған қоса ораза тұту парыз саналады. Осыған байланысты мешіттерде арнайы ауызашар мәзірі әзірленді. Биыл ғибадат үйіндегі ауызашарда ұлттық тағамдарға басымдық беріледі. Имамдар азаматтарды ысырапқа жол бермеуге шақырады. Аста-төк дастарқан жаюдың орнына тойымды, нәрлі тамақ беру ұсынылады.
Тағы бір ерекшелік, биыл Рамазан айы 29 күнге созылады. 1 наурыз күні басталып, 29 наурызда аяқталады. 30 наурыз Ораза айттың алғашқы күні.
Нуриддин Абдусамадұлы, Әбу Наср Әль-Фараби мешітінің наиб имамы:
- Мұсылманша күнтізбе бойынша айға қарап, айдың тууына байланысты кейде 30 күн, кейде 29 күн болады. Бұл енді ҚМДБ қасында шариғат дәне пәтуа бөлімі бар. Сол бөлімнің шешімі бойынша осы айда Рамазан айы 29 күн болатынын бізге жариялады. Кейде 29, кейде 30 күн болуы – әдеттегі жағдай. Айдың тууына, көрінуіне байланысты.
Дін өкілдері арабша терминдерді қазақ тілінде қолдануға шақырады. Яғни «сухур» немесе «ифтар» дегеннің орнына «сәресі» мен «ауызашар» сөзін қолданғанның еш айыбы жоқ. Бас муфти бұл атауларды қазақша айтуға шақырды. Биыл Қадір түні наурыз айының 26-нан 27-не қараған түні болады. Ал пітір садақа ел бойынша 655 теңге болып бекітілді.
ТегтерPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz