RU
Толық нұсқаға өту

Депозиттегі ақшаңыз үшін көбірек сыйақы алуыңыз мүмкін

04.03.2025, 09:09 714

Өйткені осы айдан бастап депозиттердің сыйақы мөлшерлемесі шектелмейді.

Бұл өзгеріс теңге депозиттеріне қатысты. Яғни банктер өзіне көбірек салымшы тарту үшін сыйақы сомасын көтеруге құқылы. Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры неге мұндай шешім қабылдады?

Иә, бұл жаңалық наурыздан бастап күшіне енді. Айта кету керек, депозиттерге кепілдік беру қоры шетелдік валюталар депозиттерінің сыйақы мөлшерлемесін бұрынғыдай бақылайтын болады.

Депозит сыйақысының мөлшерін нарық реттейді

Мөлшерлеме шегін қою халықаралық тәжірибеде кеңінен қолданылады. Қазақстанда мөлшерлеме шегі 2008 жылы бекітілді. Егер банктер депозит сыйақы шегін сол деңгейден асырса, қорға көбірек жарна төлеуге міндеттелді.

Дегенмен енді депозиттерге кепілдік беру қоры нарыққа араласпау туралы шешім қабылдады. Яғни қор тарапынан қатаң бақылау болмайды. Сыйақы көлемін нарыққа қарай банк өзі реттейді. Бұған дейін де қор теңгелік депозиттерге қатысты мөлшерлеме шегін жойған еді. Бірақ тізімге капиталдануы төмен банктер енген жоқ. Ал жаңа өзгеріс барлық банктерге қатысты болып отыр.

Әділ Өтембаев, ҚДКБҚ төрағасы:

«Біз жүргізілген реформа банктерге өздерінің депозиттері бойынша сыйақы мөлшерлемелерін белгілеу барысында көбірек еркіндік береді деп күтеміз. Бұл банктер арасында адал бәсекелестіктің дамуына жағдай жасайды және бөлшек саудалық депозит нарығының, әсіресе санаулы банктер ғана қатысатын сегменттің дамуына жаңа серпін береді. Мысалы, қазіргі уақытта мерзімі 12 айдан асатын мерзімді және жинақ салымдарды тарту көлемі мардымсыз. Бірақ молайтуға әлеует жеткілікті».

Банктер сыйақы көлемін күрт өсірсе, жарна төлейді

Бұл салымшылар үшін пайдалы. Яғни депозит таңдауда жан-жақты бағамдауға мүмкіндік бар. Мәселен, бір банк жоғары сыйақы ұсынса, келесі банк өзінің тұрақтылығымен тұтынушы тартуға тырысады. Сарапшылар алдағы уақытта банктер ұсынатын сыйақы сомасы көтерілуі немесе төмендеуі де мүмкін екенін айтады. Барлығы нарықтағы жағдайға байланысты болмақ. Дегенмен депозиттерге кепілдік беру қоры сыйақы сомасының күрт өсуінің алдын алуға дайын. Ол үшін қажетті механизмдер бар. Мәселен, қаржы ұйымдары сыйақыны шамадан тыс өсірсе, қорға қосымша жарна төлеуге міндеттелмек.

Әділ Өтембаев, ҚДКБҚ төрағасы:

«Теңгелік депозиттер бойынша мөлшерлемелер шегі жойылғанымен, жүйелік тәуекел үшін төленетін жарна мен көтеріңкі жарна теңестіруші қызметін атқарады. Яғни банктердің депозиттер бойынша мөлшерлемелерді шектен тыс көтеруіне мүкіндік бермейді. Бұл тетік Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қорының қаржылық тұрақтылыққа жәрдемдесу бойынша міндеттері аясында сақталды».

Банктер белсенді іс-қимылға кіріседі

Сарапшы Арман Бейсембаевтың айтуынша, енді банктер саясатын белсенді жүргізе бастайды. Себебі кез келген банк депозитке түскен қаржының есебінен күн көреді. Сондықтан әр банк өзіне көбірек салымшы тартуға тырысатыны анық.

Арман Бейсембаев, сарапшы:

- Әр банк көбірек қаржы тартып, азырақ ақша шығаруға тырысады. Сол арқылы табыс тауып отыр. Қаржы ұйымы депозитке түскен ақшаны ешқашан өзінде ұстап отырмайды. Салымшыдан ала сала келесі бір ұйымға береді. Яғни жобаларға инвестиция ретінде құяды немесе тұтынушыға несиеге береді. Ақша көп айналған сайын банктің әлеуеті арта түспек. Ал енді қаржы тарту үшін депозит шарттарын қайта қарап, неғұрлым тиімді жобалар ұсынады деп ойлаймын.

Депозитте ₸22,6 трлн бар

Кейінгі төрт жылда қазақстандықтардың отандық банктердегі ақшасы үш есе өсті. Ұлттық банктің мәліметіне сүйенсек, қазір депозиттерде 20 трлн теңгеден астам жинақ жатыр. Бұл ақшаның 80 пайызға жуығы теңгемен сақталса, қалғаны шетелдік валютаға тиесілі.

Депозиттердегі қаржы:

Барлығы – ₸22,6 трлн

Ұлттық валюта – ₸18 трлн – 78%

Шетелдік валюта – ₸4,6 трлн – 22%  

 

 

 

 

 

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz