RU
Толық нұсқаға өту

Бүгін – Халықаралық құстар күні

01.04.2025, 07:14 995

Құстың оралу уақытымен тұспа-тұс келген атаулы күн 1906 жылы бекітілген, деп хабарлайды 24kz.

Мақсат – табиғатта кездесетін құстың барлық түрін қорғау.

Орнитологтардың айтуынша, әлемде жыл санап құс азайып барады. Оған көбінесе техногенді факторлар әсер етеді. Ал біздің елдегі құстың жайы қалай?

Мөлдір Молдағали, тілші:

- Орнитологтардың зерттеуінше, елде 500-ден астам құс түрі белгілі. Олардың жартысына жуығы миграция жасаса, 200-ге жуық түрі ел территориясында ұя салады. Ерте көктемде оралатындардың көбі торғай тәрізді құстар.

Бекжан Бердіқұлов, Зоология институтының орнитология және герпетология зертханасының меңгеруші м.а.:

- Зерттеулер нәтижесі бойынша және сақиналау деректері бойынша Оңтүстік Африкадан да келетін құстар бар. Бұлар әдетте қарлығаштар. Қарлығаштар біз білетін ең ұзақ миграция жасайтын құстар саналады. Одан бөлек GPS трекинг нәтижелеріне қарайтын болсақ, біздің көптеген құстар Үндістан жеріне, Араб теңізіне, Африканың шығыс бөлігіне және солтүстік бөлігіне қыстайды.

Ал негізгі мекені Сібір мен Солтүстік Мұзды мұхиты саналатын кейбір құстар қыстауға біздің елге келеді. Оларға үкі мен көгершіннің кейбір түрлері және қарға тәрізділер жатады. «Жалпы жыл құстары да адам секілді, олардың да атамекені бар», - дейді мамандар

Алексей Тимошенко, Қазақстан биоалуантүрлілікті сақтау ассоциациясының орнитолог маманы:

- Кейбір жыл құстарының нақты күн тәртібі бар десек те болады. Ал кейбірінің үнемі қайтып келетін атамекені болады. Яғни, бұл құстар белгілі бір жерге байланған. Егер жыл құстары белгілі бір жерге үнемі оралатын болса, ол жер қауіпсіз әрі тыныш деген сөз.

Орнитологтар қазір құстардың популяциясы азайып келе жатқанын айтады. Елде Қызыл кітапқа енген 59 құс түрі болса, Тазқара және Ақбас құмай деп аталатын екеуі былтыр ғана қосылған. Ал құстардың сиреуіне қазір себеп көп.

Бекжан Бердіқұлов, Зоология институтының орнитология және герпетология зертханасының меңгеруші м.а.:

- Біздің территорияда бұл, біріншіден, ол климаттың өзгерісі және жерлерді пайдалану, одан кейін жасыл ағаш, желектердің азаюы тікелей әсер етеді. Тағы да бір фактор электр бағандарының дұрыс жабдықталмауы, ашық қалуы, қауіпті бағандардың осы уақытқа дейін тұруы, дұрыс қапталмауы. Бұл – ең үлкен мәселе.

Сол секілді көпқабатты үйлердің көбеюінен құстарға ұя салатын орын азайды. Қорек табу да қиындады. Ал азық пен пана жоқ жерге құс жоламайды.

Авторы: Мөлдір Молдағали

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz