RU
Толық нұсқаға өту

Ертеңнен бастап тіркелмеген мопедтерді жүргізуге болмайды

04.04.2025, 08:43 828

Мопедтер қауіпті болып барады. Былтыр елде 2 мыңға жуық жол-көлік оқиғасы осы көлікке қатысты тіркелген, деп хабарлайды 24kz.

Ал биыл жыл басынан бері 100 ге тарта адам зардап шекті.

Енді бұл көрсеткіш азаяды деп ойлаймыз. Өйткені ертеңнен бастап тіркеусіз мопедтердің ерсілі-қарсылы жүруіне, тәртіп бұзуына жол берілмейді.

Әлішер Әли, тілші:

- Елде ертеңнен бастап тіркелмеген мопедтерді жүргізуге болмайды. Егер заңға бағынбайтын болсаңыз, қос аяқты көлігіңіз айып тұрағына жіберіліп, мемлекеттік тіркеу нөмірін алғанша сізге қайтарылмайды. Сондықтан Ішкі істер министрлігі мопедті тіркеуді кейінге қалдырмауға шақырып отыр.

Елде жыл басынан бері 20 мыңнан аса мопед тіркелген. 3 мыңға жуық адам қос аяқты көлігіне куәлік алған.

«Жол жүрісі туралы» заңға сәйкес мопедті басқару үшін А1 санаты бар куәлік қажет. Егер жүргізушінің А немесе В санатындағы куәлігі болса, ол да мопедті басқаруға жарамды.

Арай Төлегенқызы, ҚР Ішкі істер министрлігі ӘПК-нің ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы:

- Енді мопедті тіркеу үшін азаматтар мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығына жүгіну қажет. Сол жерге барып, арызын жазып, әрі қарай мопедті тексеру пунктіне алып барып, сол жерден қызметкерлер тексергеннен кейін VIN кодын сәйкес келіп тұр ма, қандай сипаттамалары бар, солардың барлығын толтырып, қолдарына тексеру актісін береді. Сол тексеру актінің аясында ары қарай мопедтерді тіркеуге қояды. Мопед көлік құралын мысалға ішкі жану қуаты 50 кубтан аспайтын және сағатына жылдамдығы 50 шақырымнан аспайтын көлік құралын мопед ретінде тіркеуге болады. Жаңағы көрсеткіштен асқандардың барлығын мотоциклға сәйкес қандай талаптар бар сол талаптарға сай қойылатын болады.

Ертеңнен бастап тұрғындар жүргізуші куәлігінсіз мопед жүргізсе, 20 айлық есептік көрсеткіш, ал мемлекеттік тіркеуде болмаса 10 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл төлейді. Сондай-ақ көлігі айып тұрағына алынып, мемлекеттік тіркеу нөмірін алғанша қайтарылмайды.

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz