RU
Толық нұсқаға өту

Қазақстан ЕО нарығына тауар экспортын ұлғайтуға дайын

04.04.2025, 15:14 559

Қазақстан ЕО нарығына жалпы құны 2 миллиард доллардан асатын 175 тауар түрінің экспортын ұлғайтуға дайын.

Бұл туралы Президент Самарқандта өтіп жатқан «Орталық Азия – Еуропа Одағы» саммитінде мәлімдеді. Қасым-Жомарт Тоқаев, ең алдымен, саудадағы серіктесттікке мән беруге шақырды. Алыс-беріс мұнымен шектелмейді. Қойнауы байлыққа толы байтақ даламызда Еуропа Одағы экономикасына қажетті 34 шикізаттың 19 түрі өндіріледі. Дегенмен, сирек кездесетін металдарды әлі де барлау қажет. Осыған орай Мемлекет басшысы сан салада бірлесе жұмыс істеп, достыққа дем беруді ұсынды. Украинаға қатысты келіссөз процесіне пікір білдірді.

Бекзат Аманов, тілші:

- «Орталық Азия – Еуропа Одағы». Биыл салмақты саммитті Самарқанд қабылдады. Қос өңірдің қатынасына қарқын қосатын жиыннан күтер үміт мол. Сол үшін де ордалы отырысқа аймақтағы бестіктің басшылары түгел жиналды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевты тарихи шаһардағы Конгресс-орталық алдында Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев жеке күтіп алды. Кейін қатысушылар бірге суретке түсті.

Келіссөз үстелінде бестіктен бөлек Кәрі құрлық өкілдері бар. Олар да серіктестікке серпін қосып, достыққа дем беруге ниетті. Әсіресе, қазіргі геосаяси дүрбелеңде ықпалдастықтың өзектілігі арта түсті. Осы тұрғыда Президент: «Ең алдымен, сауда-экономикалық байланыстарды нығайтуға баса мән берген жөн», - деді. Қазақстан ЕО нарығына жалпы құны 2 миллиард доллардан асатын 175 тауар түрінің экспортын ұлғайтуға дайын. Оның қатарында ет-сүт өнімдері бар. Энергетикадағы байланысты бекітуге де ниетті.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Қазақстан – Еуропаға көмірсутегін жеткізетін сенімді серіктестердің бірі. Еуропа Одағы шетелден импорттайтын мұнайдың 13%-ке жуығы біздің елімізге тиесілі. Оның басым бөлігі Каспий құбыр консорциумы арқылы тасымалданады. Еуропа Одағы аталған консорциумның тұрақты әрі ұзақ мерзімді жұмыс істеуіне қолдау білдіріп отыр. Біз мұны жоғары бағалаймыз.

Алайда шикізат тасымалдаудың балама жолдары да назардан тыс қалмайды. Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа бағыттарды дамытатынын жеткізді. Содан кейін жасыл сутегі бағытындағы маңызды жобаларды атап өтті.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Қазақстан жаңартылатын қуат көздері мен экологиялық таза отын жобаларын жүзеге асыруға кірісті. Total, Eni, Svevind секілді бұрыннан келе жатқан серіктестерімізбен және басқа да еуропалық компаниялармен бірге жел, күн электр стансаларының қуатын арттырып, «жасыл» сутегі өндірісі жобасын қолға алдық. Бұдан бөлек, Қазақстан Өзбекстан және Әзербайжан елдерімен бірлесіп, «жасыл» энергияны Каспий теңізі арқылы Еуропа нарығына жеткізетін біртұтас электр желісін салу бойынша ірі жобаны бастады.

 

Стратегиялық серіктестік жайы талқыланды

Екі тарап арасында тағы бір стратегиялық маңызға ие бағыт бар. Ол сирек кездесетін минералдарды игеру. Қазақстанда Еуропа Одағы экономикасына қажетті 34 шикізаттың 19 түрі өндіріледі. Оның қатарында уран, титан, мыс, литий, кобальт, вольфрам сынды элементтер бар. Бірақ қойнауы байлыққа толы байтақ далаға ауқымды геологиялық барлау қажет. Сол үшін Президент Астанада Сирек кездесетін металдарды зерттейтін аймақтық орталық құруды ұсынды. Ғылыми мекеме игеруге болатын кеніш, технологиялардың дамуы туралы өзекті ақпарат береді. Кейінгі кездері Еуропа үшін Шығыспен қатынасу қиындап барады. Ал бұл рөлді атқаруға Орталық Азияның мүмкіндігі жетеді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Кейінгі жылдары Қазақстан Транскаспий халықаралық көлік бағытын белсенді дамытып жатыр. Былтыр осы дәлізбен контейнер арқылы тасымалданған жүк көлемі 62%-ке артып, 4,5 миллион тоннаны құрады. 2027 жылға қарай жүк көлемін он миллион тоннаға дейін жеткізу көзделіп отыр. Еуропа Одағының Орталық Азия өңіріндегі орнықты көлік байланысының дамуына оң септігін тигізіп отырған Global Gateway стратегиясын қолдаймыз.

 

Astana Hub базасында инновациялық кампус ашу ұсынылды

Қазақстан цифрлық технология мен жасанды интеллектіге де айрықша мән береді. Билік осы бағытта әлемдегі жетекші елдердің қатарына қосылуға ниетті. Бұған әлеует те, мүмкіндік те бар. Қасым-Жомарт Тоқаев Еуропамен тәжірибе алмасуға дайын екенін жеткізді. Ол үшін қос өңірге ортақ инновациялық кампус ашуды ұсынды. Астана өз базасын беруге дайын.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Қазір елімізде 100 мың жоғары білікті IT-маман даярлауды көздейтін ауқымды бағдарлама басталды. Астанада Alem.ai жоғары технологиялар орталығын құру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Еуропа Одағы Team Europe бастамасы арқылы Орталық Азия елдеріне цифрлық технологиялар саласындағы ынтымақтастықты өркендетуге көмек көрсетіп келеді. Қазақстан бұл бағытта тәжірибе алмасуға дайын. Осы орайда Astana Hub базасында «Орталық Азия – Еуропа Одағы» инновациялық кампусын ашуды ұсынамын.

Еуропа Одағы – еліміздің ғылым және білім саласындағы маңызды серіктесі. Түрлі бағдарлама аясында ынтықмастастық бар. Қазақстанда отыздан астам шетелдік университеттің бөлімшелері ашылды. Бірақ мұнымен шектелуге болмайды. Осы орайда Президенттің өз ұсыныс бар.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Біз гранттар мен стипендиялар санын көбейтуге мүдделіміз. Мұндай бірлескен бағдарламалар бірқатар Еуропа елдерімен жүзеге асырылып жатыр. Жасанды интеллект, су ресурстарын басқару, биотехнология секілді маңызды салаларда маман даярлауға басымдық беретін «Орталық Азияға арналған Erasmus+» бағдарламасын әзірлеуді ұсынамыз.

 

Қ.Тоқаев Украинаға қатысты келіссөз процесін қолдады

Серіктестік жайын тізіп болған соң сөз кезегі саясатқа келіп тірелді. Еуропаның шенді-шекпендісі жиналған келіссөзде Президент халықаралық қауіпсіздік пен тұрақтылықтың маңызына тоқталды. Қазақстан теңгерімді сыртқы саясатты берік ұстанады, барлық мүдделі мемлекеттермен ынтымақтастықты кеңейтуге ниетті. Біздің билік әр мәселеге байыппен қарайды. Президент өзгелерді де күрделі оқиғаларға баға беруде барынша байыптылық танытып, жауапкершілікпен қарауға шақырды. Ал Украинаға қатысты келіссөз процесіне қолдау білдірді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Қазақстан кез келген қақтығыстың бейбіт жолмен шешілуін жақтайды. Сондықтан Украинаға қатысты келіссөздердің басталуын құптаймыз. Мәселенің күрделі екенін түсінеміз. Дегенмен, шиеленіс оң шешімін табады деп үміттенеміз.

Мемлекет басшысы БҰҰ Бас Ассамблеясы Алматыда Орталық Азия мен Ауғанстан үшін орнықты даму мақсаттары жөніндегі аймақтық орталықты құру туралы қарарды бірауыздан қабылдағанын айтып, жиын қатысушыларына Қазақстанның бастамасын қолдағанына ризашылық білдірді. Оның пікірінше, Орталық ұйымның 2030 жылға дейінгі күн тәртібін ілгерілетуге, өңірдегі өзекті әлеуметтік, экономикалық және экологиялық мәселелерді шешуге елеулі үлес қосады.

Авторы: Бекзат Аманов

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz