Теміржол көліктері тозып тұр. Саладағы инфрақұрылым да көңіл көншітпейді, деп хабарлайды 24kz.
Әсіресе, жолаушылардан шағым көп. Дегенмен, сең енді қозғалғандай. Жауаптылар секторды жаңғыртуға ниетті.
Бес жылдың бедерінде 11 мың шақырымнан аса теміржол жөнделіп, құрылыс қарқын алады.
Шернияз Жалғасбекұлы, тілші:
- Елдегі әрбір төртінші пойыз кешігіп келеді. Оған тозған теміржол себеп секілді. Айтайық, Қазақстанда 16 мың шақырым болат жол болса, оның 57% ескірген. Тіпті көне қатынас Тұлпар-Тальгоға да тұсау болады екен. Жүйрік пойыз жылдамдығын бәсендетуге мәжбүр. Себебі жүйткуге жолдың сапасы сын көтермейді.
Дәурен Төреқұлов, Жолаушылар тасымалы сервис департаментінің директоры:
- Қазіргі таңда жылжымалы құрамның техникалық мүмкіншілігі бар жылдамдығы магистралды желінің рұқсат беретін қозғалысына сай келмейді. Сол себепті тальго пойыздарының өзі жылдамдығын баяулатып жүруге мәжбүр.
Дегенмен, құзырлылар қол қусып отырған жоқ. Бес жылдың бедерінде 11 мың шақырым жолды жаңғырту жоспары бар. Меже орындалса, тозу деңгейі төмендейді. Қазірдің өзінде 1500 шақырым жол жөнделіп жатыр. Сондай-ақ жаңа құрылыс та қарқын алып, салаға серпіліс сыйлайды.
2030 жылы – 11 мың шақырым теміржол
1480 шақырым теміржол жөнделіп жатыр
Ләззат Стамғазиева, ҚР Көлік министрлігінің ресми өкілі:
- Елімізде қазір ұзындығы 1300 шақырымнан асатын 4 теміржол желісінің құрылысы жүріп жатыр десем, қателеспеймін. Оның ең үлкені мына Достық – Мойынты деп аталады. Жалпы ұзындығы 800 км-ден асады. Одан қалды, Дарбаза – Мақтаарал, сонымен қатар Алматы айналма жолы және Аякөз бағыты теміржол желілерінің қамтып жатқан жағдайымыз бар. Енді Достық – Мойынты мен Алматы қаласының айналма теміржолы құрылысы биыл толығымен аяқталады
Темір жол көліктері де тозып тұр. Жолаушылар вагондарының – 44, локамативтердің 61%-і ескірген. Олқылықтың орнын толтыру үшін жыл соңына дейін 226 жаңа вагон сатып алынады. Меже орындалса, тозу деңгейі 38%-ке дейін азаяды.
Ләззат Стамғазиева, ҚР Көлік министрлігінің ресми өкілі:
- 2030 жылға дейін толығымен вагондар паркін жаңарту үшін немесе толығына дерлік жаңарту үшін біздер жыл сайын кемінде 200-ден астам вагонды алып сатып алуымыз керек. Осы 2025 жылға дейін біз жыл сайын кемінде 150-160 вагон алып отырдық. Енді биылдан бастап оның санын 200-ден асырғалы отырмыз.
Айтайық, былтыр 21 млн-ға жуық жолаушы теміржолмен сапарлаған. Бұл 2023 жылмен салыстырғанда 5%-ке артық. Ал биыл 22 млн жанға қызмет көрсетіледі. Жүк тасымалдау көлемі де көбейіп келеді. Айтайық, жалпы жүктің 80%-і теміржолдар арқылы жеткізіледі.
Авторлары: Шернияз Жалғасбекұлы, Аружан Серікқызы
Тегтер #ҚТЖ #инфрақұрылымPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz