RU
Толық нұсқаға өту

Президент ғалымдарды озат ойларын жүзеге асыруға үндеді

10.04.2025, 17:00 631

Елдегі университеттер маман даярлауға ғана басымдық бермей, ғылымды қатар үйрету керек.

Яғни құстың қос қанатындай үйлесім тапса қоғамға пайдасы көбірек болады. Мемлекет басшысы Ғылым күні қарсаңында ғалымдармен кездесіп, кәсіби мерекесімен құттықтады. Қасым-Жомарт Тоқаев саладағы саңлақтарға алғыс айтты. Сондай-ақ ғылыми қызметкерлерге озық технология дәуірінде озат ойларын ортаға салып, жан бітіруге үндеді. Президент әлемдік ахуалға да тоқталып өтті. Қазір дүние жүзі ең ауыр дағдарыс алдында тұр. Әлемдік экономика дүрбелеңде. Әйтсе де дүрліккеннен түк шықпайды. Еліміз осынау сын-қатерді де еңсеретінін жеткізді.

Төрткүл дүние теңселіп тұр. Себебі орта державалар тыныш отырса да алпауыт мемлекеттердің айла-шарғысына амалсыз шатылды. «Тариф майданында» тараптар тоғыспайды. Қайта баж салығын бастырмалатып, барынша бірін-бірі бағындыруға тырысады. Бірақ, өндіріс пен суда сарсаңға түсіп, нарық ырықтан кетіп, шикізат бағамы тұрақсыздана бастады. Қазір жоғары тарифтер енгізуге 90 күндік мораторий жарияланған. Әйтсе де бұл дауыл алдындағы тыныштықтай көрінеді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Сондықтан біз осынау экономикалық дүрбелеңнің Қазақстан экономикасына тигізетін салдарын жоюмен айналысып жатырмыз. Алайда дүрлігуге себеп жоқ екеніне сенімдімін. Біз сын-қатерлердің бәрін әрдайым өзіміздің басым бағыттарымызды басшылыққа ала отырып еңсеріп келеміз. Сыртқы қолайсыз факторлардың ықпалына қарамастан дамудың даңғыл жолын жалғастыра береміз. Негізгі инфрақұрылымдық жобалар мен басқа да бастамалар толығымен орындалады. Кеше Үкімет пен жергілікті атқарушы органдардың іс-қимыл жоспарын шұғыл аяқтауды тапсырдым. Бұл қадам өсім қарқыны мен инвестиция көлемін төмендетпеуді көздейді. Бүгінде инвестиция үшін күрес үдеді. Сондықтан әбжіл қимылдауға тиіспіз.

Сын-қатердің басты қалқаны – ғылым. Ғылымға арқа сүйеген ел сүрінбейді. Сондықтан ғалымдар мен отаншыл азаматтарға сенім артамыз,-деді Президент. Оның үстіне технология қарқындағанда қамсыз отыру жарамайды. Жасампаздық пен жаңашылдыққа үнемі ұмтыу керек. Бірақ Тәуелсіздік алған жылдары ғылымды тәрк етіп, ғалымдардың қадірін білмегеніміз жасырын емес. Ал «түлкі құрсақ» жүрген оқымысты оңған дүние ойлап таба алмайды. Салдарынан елден талай майталман кетті. Саланы жемқорлық деректері де жайлады. 

 «Парасат» холдингін басқарған белгілі академик оны әбден тонап, кейін балаларымен АҚШ-тың азаматтығын алып, мұхиттың ар жағына қашып кеткен. Олқылықтардан сабақ алып, қазір осы бағыт оңалып қалды. Ғылым академиясы қайта жаңғырды. Арнайы заң қабылданды. Қаржы бөлу 3 жарым есе көбейді. Бүгінде елде 25 мыңнан аса ғалым бар. Соның жартысы – 40 жасқа толмаған. Демек ғалымдардың жаңа буыны қалыптасып келеді. 

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Стратегиялық міндеттердің бірі – ядролық ғылым мен технологияны дамыту. Бұл салада Қазақстанның әлеуеті зор. Алматыдағы Ядролық физика институты мен Курчатовтағы Ұлттық ядролық орталық сияқты алдыңғы қатарлы ғылыми мекемелер іргелі және қолданбалы зерттеулер жүргізіп, мамандар даярлап келеді. Атом энергиясын өндіру – тұрақты энергия көзі ғана емес, экономика мен ғылымның жаңа бағыттарын дамытудың негізгі кілті. Бұл ретте ядролық медицина, сутегі энергиясы, суды тұшыту, синтетикалық отын өндіру, шағын модульді реакторлар және тағы басқалары туралы сөз болып отыр. Осы бағытта зор табысқа жету үшін зерттеу инфрақұрылымын нығайту, ғылыми жұмысты күшейту, инженерлік білім беруді жаңғырту қажет. 

Мемлекет пен бизнес, университет пен ғылыми орталық. Осы алтын тізбек үзілмеуі тиіс. Сонда ойдағы байыпты іс берекелі мұратын табады. Мәселен, әлем жасанды интеллект технологияларын дамытумен әлек.  Қазақстанның аталған салада алдыңғы қатардан көрінуіне толық мүмкіндігі бар.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Қазақстанда зерттеу университеті деген мәртебеге лайық 10 оқу ордасы бар. Ғылымды дамыту үшін бұл жеткіліксіз. Осы жұмысты күшейтуіміз керек. Сондай-ақ ғылым елге нақты пайдасын тигізуге тиіс. Бұл бағытта біршама жетістігіміз бар. Қолданбалы зерттеулермен айналысатын ғылыми ұйымдардың кірісі соңғы бес жылда 40 миллиард теңгеден асты. Қазынаға 10 миллиард теңгеден астам салық түсті. Алдағы уақытта бұл көрсеткіш ұлғая бермек. Ғылым саласына 14,5 миллиард теңге жеке инвестиция тартылды. Екі мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылды. Осылайша, ғалымдарымыз экономиканы өркендетуге атсалысып жатыр.

Қазір ірі өндіріс орындары табысының 1 пайызын ғылымға салып отыр. Себебі стратегиялық маңызға ие бағыт. Ал егер ғылым тасада қалса, адамзат құрдымға кетеді. Осыдан 2 жыл бұрын ғылымды қаржыландыру 160 млрд теңге болса. Биыл 240 млрд теңгеге арттыру жоспарланып отыр.

Нысаналы Ығыл

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz