RU
Толық нұсқаға өту

Мопед мінгендерге талап күшейді

16.04.2025, 08:42 788

Ақтөбеде мопед мінген жасөспірім жол апатына ұшырап, ауруханаға түсті.

Көктем келіп, жер аяғы кеңігелі өңірде мотокөлік апатынан 3 адам зардап шеккен. Дәрігерлер жол-көлік оқиғасынан жеткіншектердің жиі жарақат алатынын айтады. Кейінгі бір жылда қос дөңгелекті көлік тізгіндеген 30-ға жуық жас апатқа ұшыраған. 

Колледж студенті Нұрсұлтан Қуаналин қолы бос кезінде тұрғындардың тапсырысын жеткізумен айналысады. Уақыт үнемдеу үшін мопед сатып алған. Айтуынша мотокөлік ерттеген жүргізушілерге жолда қауіп көп.

Нұрсұлтан Қуаналин, студент:

- Сақтансаң сақтаймын дейді. Ол үшін басыңда мынадай шлем болуы керек және де жылдамдықты 60-тан асырмау керек. Өзіме ұнайды. Пробкада тұрмайсың, баратын жеріңе тез барып келесің.

Алайда мопед тізгіндеген жастардың көбі қарапайым қауіпсіздік ережесін сақтамайды. Ақтөбенің орталық көшесінде болған мына апатта 15 жастағы бала бағдаршамды елемей, кесе көлденең өтіп бара жатқан автокөлікпен соқтығысқан. Жасөспірім қазір балалар ауруханасында жатыр. Тағы бір жол апатында 17 жастағы скутер жүргізушісінің бел омыртқасы сынған.

Самат Көкшібаев, облыстық Көпсалалы балалар ауруханасының нейрохирургия бөлімшесінің жетекшісі:

- Қазір баланың жағдайы бірқалыпты. Жақсарумен ауырсыну синдромы азайды. Баланы ертеңге жоспарлы түрде операцияға дайындап жатырмыз. Омыртқаның бел аймағына транспендикулярный фиксация қою керек. Ол титанды конструкция деп аталады. Темір салынады.

5 сәуірден мопедті тіркеусіз және жүргізуші куәлігінсіз басқаруға тыйым салынды. 16 жастан бастап А, А-1 санатты, 18 жастан В категориялы жүргізуші құжаты болуы шарт.

Ерболат Сарқұлов, облыстық ПД баспасөз қызметінің жетекшісі:

- Мопедтерді тіркеу басталғалы акция барысында мыңнан астам мопед тіркелді және де жыл басынан бері жол қозғалысы ережелерін бұзғаны үшін 100-ден астам мопед жүргізушісі әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Жол ережесі талаптарына сәйкес, скутер жүргізушісінің құжаты болмаса, 19 660 теңге айыппұл салынады. Көлігі мемлекеттік тіркеуден өтпегендерге 10 айлық есептік көрсеткіш көлемінде, яғни 39 320 теңге айыппұл қарастырылған. Құжат рәсімделгенше мопед айыппұл тұрағына қойылады.

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz