Арменияда Қазақстаның мәдени күндері өтті. Бұл қос ел арасында дипломатиялық қатынас орнағалы бері алғаш қолға алынған іс-шара.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың былтыр Арменияға сапары кезінде екі мемлекеттің мәдени күндерін ұйымдастыру туралы уағдаластық жасалған болатын. Мәдениет күндері аясында заманауи қазақстандық фильмдердің көрсетілімі өтті. Оған қоса, Ереванда Абай Құнанбайұлы атындағы саябақ ашылды. Ал қос елдің министрлері Аида Балаева мен Жанна Андреасян мәдени ынтымақтастықты кеңейту мәселелерін талқылады. Екі мемлекет арасындағы ауқымды мәдени шара қазақстандық өнерпаздардың қатысуымен өткен Гала-концертпен қорытындыланды. Жалпы достық мерекесіне 3 мыңнан астам адам қатысты.
Арменияда Қазақстаның мәдени күндерінің салтанатты ашылу рәсімі Еревандағы Мәскеу кинотеатрында өтті. Армениялық көрерменнің назарына Рүстем Әбдірашевтың «Қазақ хандығы. Алтын тақ» тарихи фильмі және Фархат Шәріповтың «Стоп, ночь» кинотуындысы ұсынылды. Сонымен бірге «Патриоттар уақыты» және «Бүркіт» кинолары көрсетілді. «Заманауи қазақ киноөндірісі бүгінде ұлттық құндылықтарға баса мән беріп келеді», - дейді Ұлттық киноны қолдау орталығының басшысы Құрманбек Жұмағали. Армения тарапы анимациялық және деректі фильмдерді түсіру бойынша бірлескен жобаларды жүзеге асыруға шақырды.
Давид Банучян, Армения кино қорының директоры:
- Қазақ өнерінің терең тарихы таңқалдырмай қоймайды. Бастысы бүгін армениялық продюсерлер мен режисерлер қазақ әріптестерімен жүздесті. Болашақта бірлесе жұмыс істеуіміз әбден мүмкін деп ойлаймын. Бәлкім, армян-қазақ фильмдері шығып қалады. Бүгін біз үшін нағыз мереке, өзара ынтымақтастық құруға берілген тамаша мүмкіндік.
Бұдан кейін қазақстандық делегация Еревандағы Абай атындағы қазақ тілі, тарихы және мәдениеті орталығына барды. Мұнда еліміз жайлы мыңға тарта кітап ұсынылған. 100-ден аса студент осында қазақ тілін меңгеріп жатыр. Армениялық тарапқа тағы 100 кітап сыйға тартылды. Оның ішінде Ілияс Есенберлин, Фариза Оңғарсынова, Мәжіт Айтбаевтың шығармалары мен Қасым-Жомарт Тоқаевтың еңбектері бар. Еліміздің мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Арменияның Білім, ғылым, мәдениет және спорт минстрі Жанна Андреасянмен екі елдің мәдени ынтымақтастығын нығайту мәселелерін талқылады. Кездесуде тараптар ортақ фильмдер түсіріп, көрнекті ақын-жазушылардың шығармаларын аудару мүмкіндіктеріне тоқталды. Оған қоса, әртістердің гастрольдік турларын ұйымдастыру, бұқаралық ақпарат құралдары арасындағы серіктестік, сериалдар мен деректі фильмдер секілді медиаконтентпен алмасу жобаларын да талқылады. Жиын қорытындысы бойынша «Хабар» агенттігі мен Арменияның қоғамдық телекомпаниясы арасында өзара меморандумға қол қойылды.
Жанна Андреасян, Армения Республикасының Білім, Ғылым, Мәдениет және Спорт министрі:
- Бүгін ортақ киноөндіріс, театрлар мен концерттер бойынша ынтымақтастығымыздың әлеуеті зор екеніне тоқталып өттік. Біздің нақты идеяларымыз бар. Мысалы халықаралық кітап фестивалі аясында Ереванға қазақстандық жазушыларды шақырдық. Әншілерімізден де ортақ концерттер күтеміз. Жалпы мәдени күндер аясында нақты жобаларға қол жеткіземіз деп ойлаймын.
Еревандағы Алматы көшесінде Абай атындағы саябақ ашылды. Аида Балаева Армения тарапына қонақжайлылықтары үшін алғыс білдіріп, бұл оқиға екі ел қарым-қатынасына қарқын беретінін атап өтті.
Аида Балаева, ҚР Мәдениет және ақпарат министрі:
- Биыл Абайдың туғанына 180 жыл толады. Осы мерейлі жыл қарсаңында біз ұлы ақынның мұрасын тек өз елімізде ғана емес, әлемдік деңгейде де танытуға ерекше мән беріп келеміз. Бүгін міне, игі бастамалардың жалғасы ретінде Армения астанасында Абай Құнанбайұлы атындағы саябақ ашылып отыр. Қазақ халқының атынан Армения басшылығына және осы саябақтың ашылуына атсалысқан барша азаматтарға шынайы алғысымды білдіремін.
Екі елдің мәдени ведомстволарының басшылары жаңа саябақта ағаш отырғызды. Қазақстандық делегация өзімен бірге ұлттық тағамдарын әкеліп, Абай кітаптарын сыйға тартты. Шарада домбырашылар ансамблі мен Аван мәдениет үйінің жас таланттары өнер көрсетті.
Еревандағы Матенадаран институтында 23 мың көне қолжазба сақталған. Олардың қатарында армян-қыпшақ жазбалар да бар. Бұл қос ел арасындағы байланыстар орта ғасырлардан бастау алатынын білдіреді.
Ваге Торосян, Матенадаран институты директорының орынбасары:
- Біздің топтамада 10-ға жуық армян-қыпшақ қолжазбасы бар. Ғалымдарымыз оларды зерттеп, алдағы уақытта жұмыстарын жария етеді. Біз ортақ ғылыми жобалар жасаймыз. Қолжазбаларды зерттеу бойынша бірге жұмыс істейміз.
Қазақстанның Армениядағы мәдениет күндері аясындағы іс-шаралар еліміздің өнер майталмандарының концертімен түйінделді. Ол Еревандағы Арам Хачатурян атындағы концерт залында өтті. Жергілікті көрермен қазақ таланттарының өнерін ерекше ықыласпен қарсы алып, тік тұрып қошемет көрсетті.
Аида Балаева, ҚР Мәдениет және ақпарат министрі:
- Алдағы уақытта да елдеріміздің арасында байланыс одан әрі нығайып, халықтарымыздың игілігі үшін нақтылы нәтижелерге қол жеткізеді деп үміттенемін. Өйткені өнерде, мәдениетте ешқандай шекара жоқ. Мәдениет елдерді біріктіред, халықтар арасында өзара түсініктік пен құрметтің негізін қалайды. Ортақ құндылықтар мен шығармашылық байланыстың, достық пен бейбітшіліктің мызғымас дәнекері. Біздің бүгінгі кездесуіміз қасиетті Пасха мерекесімен тұспа-тұс келіп отырғанын атап өткім келеді. Бұл да достық пен бірлікке, жанашырлық пен мейірімге бастайтын ізгіліктің символы екені анық.
Концертті қазақ домбырашылары мен Арменияның эстрада-симфоникалық оркестрі «Сарыарқа» күйімен ашты. Сахна төрінде заманауи композиторлардың шығармалары, қазақ әндері, классикалық және фольклорлық туындылар шырқалды. Ал Арно Бабаджаняннің аты аңызға айналған «Маған музыканы қайтаршы» әнін орындаған Роза Рымбаева көрерменнің ыстық ықыласына бөленді.
Армян жұртшылығының алдында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Александр Беляков пен Әйгерім Бекетаева, Hassak этнофольклорлық ансамблі өнер көрсетті.
Анастасия Иванова, Ереван тұрғыны:
- Айтарға сөзім жоқ. Керемет әсер алдым. Қазақ және армян мәдениет ғажап үндескен жоғары деңгейдегі концерт болды.
Сюзанна Аветисян, Ереван тұрғыны:
- Ән де, би де өте әдемі. Керемет ләззат алдым. Жаным рахаттанды. Бәрі тамаша.
Айк Халатян, Ереван тұрғыны:
- Концерт жоғары деңгейде ұйымдастырылған. Өте керемет. Қазақтың ұлттық әндері мен билері, Шарль Азнавур, Арно Бабаджанянның туындылары, балет бәрі ұнады.
Қазақтың төл өнеріне Ереван тұрғындары жоғары баға берді. Мерекелік кеш ізгі достық пен ынтымақтастықтың символына айналғандай.
Тегтер #хабар24 #жаңалықтар #Армения #Қазақстан #мәдени күндерPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz