Зейнетақы жинағының бір бөлігін баспана алуға жұмсайтындар көп.
Сәуірдегі дерекке сүйенсек, 804 мың азамат қордан бұл мақсатқа 3,8 трлн теңге алған. Иә, үйі бардың күйі бар дейді. Енді елде тұрғын үйді сақтандыру міндеттелуі мүмкін. Қазір арнайы заң жобасы әзірленіп жатыр.
Астана мен Алматыда көп пәтерлі тұрғын үйді пайдалануға беру 8 жылдағы максимумға жетті. Алғашқы тоқсанда жалпы ауданы 1,7 млн шаршы метрде қоныс тойы тойланды. Бұл ел бойынша көрсеткіштің 67%-ына тең. Ел демекші, жаңа үйлердің нарықтағы орташа құны былтырғы сәйкес кезеңнен алты пайызға өскен. Қазір бір шаршы метр үшін шамамен 508 107 теңгеңіз дайын болу керек. Әсіресе Павлодар, Көкшетаудағы баға шарықтады. Жалпы наурызда ел бойынша 27 739 сатып алу-сату мәмілесі жасалды. Бұл алдыңғы айдан 4,4%-ға аз. Әрине, азаматтардың көбі зейнетақы жинақтарының бір бөлігін пайдаланып, баспаналы болып жатыр. Келісімнің біраз бөлігі, яғни 3,7 трлн теңге Отбасы банк арқылы берілген. Оның дені Алматы, Астана қалалары мен Маңғыстау облысында рәсімделген.
Зейнетақы жинағын баспана алуға қолданғандар
Алматы – ₸1,03 трлн
Астана – ₸657,1 млрд
Маңғыстау облысы – ₸574,1 млрд
Тұрғын үйді сақтандыру міндеттеледі
Келесі жылдан бастап, тұрғын үйді табиғи апаттардан сақтандыру міндеттелуі мүмкін. Арнайы заң жобасы әзірленіп жатыр. Табиғи апат ретінде жер сілкінісі, су тасқыны, қар суының басуы және орман өрттері көрсетілген. Осы ретте қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі мемлекеттік сақтандыру ұйымын құруды ұсынды. Ол сақтандыру сыйақыларын жинақтау жөніндегі бірыңғай оператор болады. Жаңа сақтандыру қызметінің жылдық құны өңір ерекшелігіне қарай есептеледі. Бастапқы кезеңде 1 000 теңге жарна төлесеңіз, 500 мың теңге көлемінде сақтандыру төлемін аласыз. Ал ең қымбат полис, яғни 20 000 теңге төлегендер – 10 млн теңге алуға құқылы. Осылайша, мемлекеттік сақтандыру ұйымы тұрғын үйді жөндеуге немесе жаңа баспана сатып алуға кеткен шығындарды өтейді. Әйтпесе нарықтағы сақтандыру ұйымдарына бұл кәдімгідей салмақ болады.
Екатерина Абайдельдинова, Cақтандыру компаниясы Pr және жарнама департаментінің директоры:
- Осындай оқиғалар ондаған, жүздеген млн доллар шығын әкелуі мүмкін. Сол себепті сақтандыру компаниясы мұндай жауапкершілікті өз бетінше көтере алмайды. Жалпы тәуекелдер бүкіл әлем бойынша сақтандыру компаниялары арасында бөлінеді. Ал апатты оқиға болған жағдайда, әрбір ұйым қайта сақтандыру бағдарламасына қатысушы ретінде өз үлесі бойынша жедел қайта сақтандыру төлемдерін жүзеге асырады.
Елде баспанасын сақтандырғандар аз
Мамандар тұрғын үйлерді табиғи апаттардан міндетті сақтандыру талабы мемлекеттік бюджетке түсетін жүктемені азайтатынын айтады. Әзірге су тасқыны немесе жер сілкінісі салдарынан бүлінген үйлерді қалпына келтіру және азаматтарға көмек көрсету міндетін мемлекет атқарады. Қазір елдегі баспаналардың 3,2%-ы табиғи апаттардан сақтандырылыпты. Оның басым бөлігі Алматыда орнаналасқан. Себебі мұнда жер сілкінісі тәуекелі бар. Ендеше, құны 20 млн теңге болатын пәтер үшін қандай полис ұсынылуы мүмкін?
Екатерина Абайдельдинова, Сақтандыру компаниясының Pr және жарнама департаментінің директоры:
- Егер азамат құны 20 млн теңге болатын пәтерін жер сілкінісінен сақтандырмақ болса, оның сақтандыру сыйақысы, яғни жылдық төлем 22 мың теңге көлемінде белгіленеді. Шығын тіркелсе, сақтандыру компаниясы тұрғын үй ақысын толық өтеп береді.
Елде құрылыс қарқын алды
Биыл 3,73 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Бұл 7,5 пайызға көп. Оның 93 пайызын жеке компаниялар атқарды. Бір қуантарлығы, құрылыстағы отандық материалдардың үлесі 68%-тен 81%-ке дейін өскен. Иә, құрылыс қалқын алды. Өсім 17 пайыз шамасында. Жұмыстың 90 пайызын жеке компаниялар өтеп отырғанын айттық. Ал шетелдік мердігерлердің үлесі 8,2%. Қалғаны мемлекеттік ұйымдар еншісінде. Бой көтеріп жатқан нысандардың дені тұруға арналмаған, яғни коммерциялық бағытта пайдалануға беріледі. Баспана үлесі 13% пайыздан асыпты. Мамандар салаға құрылымдық жаңғырту қажет дейді. Әсіресе әлеуметтік маңызы бар нысандардың көптеп бой көтеруіне көңіл бөлу маңызды.
Тегтер #хабар24 #жаңалықтар #баспана #тұрғын үйPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz