RU
Толық нұсқаға өту

Қазақстан мен БАӘ құны $5 млрд келісімге қол жеткізді

12.05.2025, 17:12 528

Қазақстан мен Біріккен Араб Әмірліктері арасында құны 5 миллиард долларға жететін 20-дан астам коммерциялық келісімге қол жеткізілді, деп хабарлайды 24kz.

Бұл Абу-Дабидің Тақ мұрагері шейх Халед бен Мұхаммед бен Заид Әл Нахайянның елге жасаған ресми сапарының нәтижесі. Мәртебелі мейманды аса құрметпен қарсы алған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Тақ мұрагерінің сапары екі ел арасындағы ынтымақтастыққа тың серпін беретініне сенім білдірді.

Риат Шони, тілші:

- Көшпенділер мен саудагерлер өркениетінің алтын көпіріне айналған Қазақстан мен Біріккен Араб Әмірліктері бүгінде болашаққа бірге қадам басқан, өзара сенімді стратегиялық серіктестерге айналды. Екі ел арасындағы ынтымақтастықтың негізгі бағыттары – энергетика, инвестиция, «жасыл» технологиялар мен инфрақұрылым. Абу-Даби – халықаралық бизнес пен инвестицияның ірі орталығы ретінде Қазақстан экономикасына мол мүмкіндік ұсынып отыр. Ал қазақ даласы – табиғи байлығы мен геостратегиялық орналасуымен Әмірліктер үшін маңызды серіктес саналады. Абу-Дабидің тақ мұрагері шейх Халед бен Мұхаммед бен Заид Әл Нахаянның Қазақстанға жасаған ресми сапары қос ел арасындағы достық пен ықпалдастықты одан әрі нығайта түсетін маңызды кезең болмақ.

Шейх Халед бен Мұхаммед бен Заид Әл Нахайян. Біріккен Араб Әмірліктерінің Президенті, Абу-Даби әмірінің тұңғыш ұлы. Ұлыбританиядағы беделді Сандхерст Корольдік Әскери академиясында білім алған. Осыдан 2 жыл бұрын Абу-Дабидің тақ мұрагері атанды. Астанаға келген мәртебелі мейманды Мемлекет басшысы бар сән-салтанатымен қарсы алды. Құрмет қараулы сап түзеп, екі елдің мемлекеттік әнұрандары шырқалды.

Тараптар делегация мүшелерін таныстырып болғаннан кейін екіжақты келіссөз жүргізуге аттанды. Айта кету керек, Әмірліктер – еліміздің басты серіктестерінің бірі. Арадағы алыс-беріс те жаман емес. Былтыр екіжақты тауар айналымының көлемі 277,4 млн долларға жеткен. Оның 130 млн доллардан астамы қазақстандық экспорт. Еліміз негізінен әмірліктерге күміс, инертті газ, қой еті мен бұршақ дақылын жөнелтеді екен.

Қазақстан мен БАӘ арасындағы сауда айналымы

Сауда көлемі - $277,4 млн

Экспорт – $131,1 млн

Импорт – $146,3 млн

Дегенмен, тоқмейілсу әлі ерте. Сондықтан тараптар өзара сауда көлемін 1 млрд долларға дейін жеткізуге ниетті.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Әмірліктер – еліміздің ең басты серіктестерінің бірі. Қос мемлекеттің мақсат-мүдделері бір-бірімен сәйкес келеді. 2023 жылы екі ел үкіметтері Стратегиялық инвестициялық жобаларды жүзеге асыру туралы бірлескен декларацияға қол қойған. Бұл сапар аясында құны 5 миллиард долларды құрайтын 20-дан астам коммерциялық келісімге қол қойылады. Оларды жүзеге асыру елдер арасындағы стратегиялық ынтымақтастықты айтарлықтай ілгерілетіп, өзара тиімді байланыстарды нығайтуға септігін тигізеді.

Біріккен Араб Әмірліктері ел экономикасындағы ең ірі шетелдік инвесторлардың ондығына кіреді. Былтыр бұл мемлекеттен тартылған инвестиция көлемі екі есе артып, рекордтық көрсеткішке жеткен. Келіссөз барысында Абу-Дабидің Тақ мұрагері бұл байланыстарды ары қарай да нығайтуға мүдделі екенін жеткізді.

Халед бен Мұхаммед бен Заид әл Нахайян, Абу-Дабидің Тақ мұрагері:

- Аса мәртебелі Президент мырза! Бізге көрсетілген қонақжайлық үшін ризашылығымды білдіремін. Қазақстан мен Біріккен Араб Әмірліктері арасындағы қарым-қатынас өзара сенім, қолдау және ортақ игілікке бірге ұмтылу қағидаттарына құрылған. Бұл байланыстар сауда-инвестициялық ықпалдастық шеңберінен шығып, энергетика, көлік салаларынан бастап цифрлық инфрақұрылым мен білім беру ісіне дейін жалғасып жатқан кең ауқымды бағыттарды қамтитды.

Бүгінде Тақ мұрагері Абу-Дабиді инновациялық орталыққа айналдыруды көздейді. Мәселен, шейх Халед Әмірліктер астанасында «Hub71» атты жоғары технологиялық стартаптарды қолдау платформасын іске қосқан. Мұндай тәжірибелерімен олар қазақстандық әріптестерімен бөлісуге дайын. Атап айтқанда, Әмірліктердің қатысуымен елде суперкомпьютерлік инфрақұрылым жасақталады. Бұл Орталық Азиядағы ең алғашқы кластер болмақ.

Жаслан Мәдиев, ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі:

- Ол бізге жасанды интеллект модельдеріне дайындық жасау, қазақ тілінде үлкен модельдерді әзірлеуге, стартаптарға, университеттерге беру үшін қажетті технологиялық инфрақұрылым болады. Екіншіден, дата орталықтарды құрастыру бойынша келісімге қол қойылады.

Ол Smart city жобасы аясында 3 мегаваттық дата орталық құрылады.

Негізі Абу Даби Тақ мұрагерінің бұл сапары барысында осы IT салада тараптар құны 250 млн доллар болатын келісімдерге қол жеткізді. Бұдан бөлек, Әмірліктер елімізде жасыл технологияны да дамытатын болады. Нақтырақ айтқанда, Masdar компаниясы жел электр станциясының құрылысымен айналыспақ. Бұл елдің оңтүстік өңірлерін энергиямен қамтылуын арттырып, экологиялық тұрақтылықты қамтамасыз етуге бағытталған.

Ерлан Ақкенженов, ҚР Энергетика министрі:

- Бұл жел электр станциясының қуаттылғы 1 гигаватқа жетеді. Бұл жоба Жамбыл облысында жүзеге асырылатын болады. Оның арқасында еліміздің оңтүстік аймақтарының энергиясы 1 гигаватқа артады. Сонымен қатар қуатты сақтау жүйесі болады.

Жалпы Абу-Даби Тақ мұрагерінің елге алғаш рет жасаған сапары барысында 10 құжатқа қол қойылды. Негізгі басымдық көлік, энергетика, цифрландыру, инфрақұрылым және денсаулық сақтау салаларына берілген.

Авторлары: Риат Шони, Марат Диханбаев. ПТРК

 

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz