Түркі мемлекеттері электоралды ынтымақтастықты тереңдете түсті. Бүгін алғаш рет Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдердің орталық сайлау органдарының төрағалары Түркістанда бас қосуда, деп хабарлайды 24kz.
Олар түркі мемлекеттері орталық сайлау органдарының Консультативтік платформасы туралы ережеге қол қоймақ.
Жандос Жұмабек, тілші:
- Біз қазір Түркістандағы Дос үйінің ғимаратында тұрмыз. Қазір бірер минуттан кейін мұнда түркі мемлекеттері орталық сайлау органдарының төрағалары бас қосып, орталық сайлау органдарының Консультативтік платформасы туралы ережеге қол қояды.
Айта кетейік, Түркі мемлекеттері орталық сайлау органдарының консультативтік кеңесін құру бастамасын алғаш Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2023 жылғы 3 қарашада Астанада өткен Түркі мемлекеттері ұйымының X мерейтойлық саммитінде ұсынған болатын. Оны осы ұйымға мүше мемлекеттердің басшылары бірауыздан қолдап, 2024 жылғы 6 қарашада ұйымның XI саммитінде қабылданған Бішкек декларациясында атап өтілді. Қолда бар ақпаратқа сүйенсек, бұл құжат ұйымға мүше елдердің орталық сайлау органдары арасында жүйелі ынтымақтастық орнатып, өзара түсіністікті нығайтуға сеп болмақ. Сонымен қатар сайлау және референдумдар кезінде халықаралық байқау миссияларын ұйымдастыру арқылы көпжақты ынтымақтастық пен үйлестіруді дамытуға мүмкіндік беретіні айтылуда.
Сондай-ақ бүгін осы шара аясында еліміздің Ғылым және жоғары білім министрлігімен бірлесіп «Түркі әлемі: сайлау жүйелерінің дәстүрі, тәжірибесі және даму болашағы» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтеді. Онда тараптар сайлау науқанын ұйымдастыру тәжірибесімен бөлісіп, сайлаудың ашықтығы мен инклюзивтілігі және жаңа технологияларды дамыту, ынтымақтастықты нығайту мәселелерін талқылайды.
Тегтер #түркі мемлекеттері #Түркістан
Phone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz