Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасымен салынатын «Орталық – Батыс» тасжолының құрылысын бір айдың ішінде бастау керек. Арқалыққа жұмыс сапарымен келген Премьер-министр Олжас Бектенов осындай міндет қойды, деп хабарлайды 24kz.
Үкімет басшысы шағын қаланың бірқатар әлеуметтік нысандарын аралап, көлік және инфрақұрылымды саласында атқарылып жатқан жұмыстарымен танысты.
Премьер-министр алдымен Арқалық қаласының ескі әуежайына ат басын тіреді. Ұлттық құрылтайда сөйлеген сөзінде Мемлекет басшысы ұзақ жылдан бері жұмыс істемей түрған осы әуе қақпасын қалпына келтіріп,іске қосуды тапсырған болатын.
Мағауия Қалиев, тілші:
- Арқалық әуежайы 30 жыл бұрын жұмысын тоқтатты. Содан бері қаңырап, бос тұрған бұл нысанның әбден тозығы жетіп, бүгінде құр қаңқасы қалған. Енді оны қалпына келтіру шамамен 8 миллиард тенге қаржы қажет екен.
Қазіргі кезде мұндағылар әуежай ғимараты қаңқасын бөлшектеп, бұзып жатыр. Оның орнына жаңасы салынады. Ұшып-қону алаңы жарамды. «Тек үстіңгі қабатын тегістеп жіберсе болды», - деп жобаны дайындаушылар Үкімет басшысына есеп берді. «Бұл әуежайдың Торғай өңірі халқы үшін стратегиялық маңызы зор», - дейді Арқалық қаласының әкімі Әмірхан Асанов.
Әмірхан Асанов, Арқалық қаласының әкімі:
- Астанаға дейін бізде 640 шақырым, Қостанайға дейін 480 шақырым, жолға уақыт көп кетеді. Ол бір. Екінші инвесторлардың келуіне аэропорттың жоқтығы кедергі болып тұр. Үшіншіден, туризмді дамытуға бұл аэропорт өте маңызды болады.
Тағы бір ауқымды жоба, еліміздің орталығы пен батысын байланыстыратын тас жол құрылысының қолға алынуы. Жалпы ұзындығы 889 шақырымның жартысы жаңадан салынады. Жаңа жол Астанадан басталып, Арқалық, Амангелді, Жангелдин аудандары арқылы Ырғызға өтеді.
Сәтжан Аблалиев, ҚР Көлік вице-министрі:
- 21 участокке бөліп, жобалаушы компаниялар анықталып, жұмыстарын жасап жатыр. Қыркүйектің басына дейін жобалау жұмыстарын бітіреміз бе деп жатырмыз. Сонымен бұған қаржыландыру көзі бойынша, «Эксимбанкпен» жұмыстарды бастап кеттік. Үш айдың ішінде келісімшартқа қол қоюға шығамыз ба деп ойлап отырмыз.
Олжас Бектенов, Қазақстан Республикасының Премьер-министрі:
- Бүгін мамырдың 15-і ғой. Бір айдың ішінде бастау керек жұмыстарды. Келістік пе? Бұл енді Президенттің тікелей тапсырмасымен іске асырылып жатқан жоба. Үлкен маңызды жол. Бүкіл еліміз үшін және осы Торғай өңірі үшін өте маңызды. Сондықтан оны тездетіп, сапалы, ұйымдастырып бәрін жасау керек.
Құмар Ақсақалов, Қостанай облысының әкімі:
- Жол ашылғаннан кейін күніне бір 5 мыңға жуық машиналар жүреді деген бір жоспарымыз бар. Қандай мүмкіндік ауылдарға, қалаға. Бүкіл машиналар Арқалық арқылы өтетін болады. Батыстан да, оңтүстікен де.
Сондай-ақ Премьер-министр өңірде жасыл энергетиканы дамыту бағытында атқарылып жатқан жұмыстармен танысты. Облыста алдағы үш жылда 165 жел генераторларын орнату жоспарланып отыр. Одан кейін Олжас Бектенов жергілікті шаруалармен кездесіп, агроөнеркәсіп кешеніне қатысты мәселелерді талқылады. Қордаланған субсидия қарызы кезең-кезеңмен толық өтелетіндігін айтты. «Және ауылшаруашылық құрылымдарына қашанда қолдау көрсетуге дайынбыз», - деді.
Арқалықтағы жайлы мектеп, жергілікті университет иелігіне берілген ескі ғимарат және жылу жүйесінің жайы Премьер-министрдің назарынан тыс қалған жоқ. Үкімет басшысы осы салаларға қатысты жобаларды тез арада іске асруды тапсырды.
Авторлары: Мағауия Қалиев, Сергей Трахтенберг
Тегтер #Олжас Бектенов #Орталық – Батыс автожолы #Арқалық #жұмыс сапарыPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz