RU
Толық нұсқаға өту

Президент: ТМҰ қабылдаған құжаттар міндетті түрде іске асу керек

21.05.2025, 19:42 392

Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдер өзара қол жеткізген келісімдерді сақтауы қажет. Будапештте өткен бейресми саммитте Президент әріптестерін ұйымның әлеуетін пайдалануға үндеді, деп хабарлайды 24kz.

«Солтүстік – Оңтүстік» халықаралық көлік қатынасын жандандырып, жалпы, инфрақұрылымдық жобаларды бірлесе жасау керек,-деді. Соңғы уақытта халықаралық сарапшылар Транскаспий мұнай және газ құбырларын салу бастамасын жиі талқылап жүр.  Ал бұндай жобалар трансұлттық деңгейдегі ықпалдастықты талап етеді. Сондықтан бауырлас елдердің бағындырар белесі көп.

«Қонақ аз отырып, көп сынайды». Бірақ Мажарстан Премьер-министрінің мамыражайлығы бәріне жақты. Қасым-Жомарт Тоқаев Виктор Орбанға ризалығын білдірді. «Шығыс пен Батыс тоғысқан тұс». Саммитке осылай салмақты атау берілгені де аңғарусыз қалмады.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Бүгінгі алқалы жиынның Еуропа төрінде өтуінің айрықша мәні бар. Біз мажар жұртының Кәрі құрлықта тұғырлы мемлекет болып отырғанына дән ризамыз. Бүгін бәрімізді түбі бір түркі бауырларым деп құшақ жая қарсы алып жатсыздар. Мұны, шын мәнінде, мызғымас достығымыздың айқын көрінісі деп санаймын. Біз ынтымағы жарасқан елдеріміздің бірлігін бекемдеп, тамыры бір тарихымыз бен салт-дәстүрлерімізді ұлықтап келеміз.

Ұйым аясында ұйысу, әсіресе, қазіргідей күрделі геосаяси жағдайда керек. Себебі, ынтымақты ымыра арттырады. Ал, ортақ мүддені көздейтін мәселе аз емес. Мысалы, соңғы кездегі тариф тербелісі жаһандық саудаға жайсыз тиді. Дегенмен, Президент мұндай дағдарыстан даму жолын да табуға болатынын айтты. Бірлесе өнеркәсіп, көлік-транзит, ауыл шаруашылығы, цифрландыру әрекет етуді ұсынды. Сондай-ақ Орта дәліз – Шығыс пен Батыс арасында негізгі көпірге айналу керек. Бұны стратегиялық міндет ретінде атады. Осы ретте Қырғызстан және Өзбекстанмен шекарадағы рәсімдерді цифрландыру, жүк транзитін жеңілдету үшін нақты шаралар қабылданып жатыр. Қытаймен де үшінші темір жол бекетін ашуды жоспарланған. Қысқасы бауырлас елдер ірі инфрақұрылымдық жобаларда бірігу керек. «Солтүстік – Оңтүстік» халықаралық көлік қатынасы соның бірегейі. Өйткені түркі елдерінің өңірлік транзит хабы ретіндегі рөлін нығайтады. «Бірақ жобалар құжат жүзінде бекігеннен кейін соның орындалуына бекем болу керек», - деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Тағы бір аса маңызды мәселе бұл – біздің Ұйымның шеңберінде қабылданған құжаттардағы ережелерді қатаң сақтау. Процедура мәселесі болсын, саяси және экономика сұрақтары болсын – келісімдердің ережелерінің барлығын құрметтеу, сақтау қажет, міндетті түрде іске асыру керек.

Мұнай, газ, уран және тағы басқа тауарларды жеткізу тізбегін әртараптандыруға Ұйымның әлеуетін пайдалану керек. Осы ретте Қазақстаннан Еуропа бағытында мұнай тасымалын арттыру жобасын қолдағаны үшін Қасым-Жомарт Тоқаев Әзербайжан Президентіне алғыс айтты. Сосын цифрландыру және ақпараттық технологиялар саласындағы ынтымақтың болашағы зор. Биыл еліміз Каспий теңізі арқылы оптикалық-талшықты кабель тарту жобасын жүзеге асыра бастады.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Елдеріміз арасындағы сауда-саттықты жандандырып, тауар түрін көбейту қажет. Өткен жылы Қазақстанның Ұйымға мүше елдермен арадағы алыс-берісі 11,4 миллиард долларға жетті. Бұл – еліміздің сыртқы саудасының 8%-іне тең. Әрине, жақсы көрсеткіш. Дегенмен, оны арттыра түсу керек. Осыған орай, сауда-саттықты дамыту үшін арнайы құжат әзірлеуді ұсынамын.

Түптеп келгенде, түркі жұртының татулығын нығайтып, тұтастығын бекемдеу – негізгі міндет. Қасым-Жомарт Тоқаев осы мақсатта қабылданған кешенді шараларға тоқталды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Түркі мемлекеттері ұйымының жанындағы Қазақстанның Тұрақты өкілін тағайындады. Көп ұзамай Тұрақты өкілдік ашуды жоспарлап отырмыз. Астанада 11-12 маусым күндері Түркі мемлекеттері Парламенттік Ассамблеясының XIV пленарлық отырысы өтеді. Ақтау қаласы биыл Түркі әлемінің мәдени астанасы ретінде жарияланды. Осы мәртебелі міндетті жоғары деңгейде атқару үшін нақты іс-шаралар қолға алынды. Қазақстанның бастамасымен өткен аптада Орталық сайлау органдарының консультативтік платформасы құрылды. Оның алғашқы отырысы киелі Түркістан қаласында табысты өтті. Ортақ келісім бойынша биыл маусым айынан бастап Алматы қаласы «Түркі мемлекеттері ұйымының жастар астанасы» атанады. Осылайша, біз түркі бірлігін нығайтамыз.

Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі Ислам ұйымы мен Түркі мемлекеттері ұйымы арасындағы ынтымақты арттырудың маңызы зор. Каспий теңізінің таяздануына да көңіл алаң. Президент Түркі елдерін бірлескен ғылыми зерттеулер жүргізуге және ортақ жобалар әзірлеуге үндеді.

Авторы: Нысаналы Ығыл

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz