Былтыр 52 мемлекет қарулы қақтығыс жағдайында тұрған. Өткен жылдың мәліметі осындай. Бұл қатыгез әрекеттерден келген экономикалық шығын 19 триллион долларға жетті. Бұл жайында бүгін Астана халықаралық форумында сөз сөйлеген Президент айтты.
Мемлекет басшысы қазір дүниежүзін қақтығыстар мен соғыс өрті жайлап бара жатқанына назар аударып, олардың анағұрлым ұзақ әрі күрделі сипатқа ие екендігін айтты.
«Оған көптеген «ойыншылар», тіпті, ешқандай мемлекетке қатысы жоқ топтар араласады. Бұдан бөлек, мұндай қақтығыстардың тамырында түрлі қайшылықтар жатыр», - деді, Қасым-Жомарт Тоқаев. Бұл аталған факторлар бейбітшіліктің берік орнауына кедергі келтіруде. Президенттің сөзінше, айрықша алаңдаушылық туғызатын тағы бір дүние бар. Ол – әлемдегі осы тектес шиеленістердің жаһанға мүлдем жаңа түсінік пен құндылықтар ұсынып отырған жасанды интеллектінің даму трендімен еш үйлеспеуі.
«Жасанды интеллект адамзатты әзірге беймәлім келешекке бастап бара жатыр. Бұл орайда тарихи тұжырымдар мен саяси араздыққа негізделген әскери қақтығыстар мен соғыстар мүлдем орынсыз, тіпті ақылға қонбайды», - деді, Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Соғысудың орнына біз халқымызды, әсіресе, жастарымызды саналы әрі өркениетті қоғам құруға үндеуіміз керек. Әрине, қақтығыстардың қай-қайсысы да жіті назар аударуды қажет етеді. Әйтсе де, ядролық қаруды иеленген мемлекеттер арасындағы шиеленіске айрықша мән бергеніміз жөн. Бүгінде тоғыз елдің арсеналында жалпы саны 13 мың ядролық оқтұмсық бар. Сарапшылар оны қолдану ықтималдылығы артып келе жатқанын ескертеді. Тіпті бұған жазатайым қателік, оқыс оқиға немесе эскалация себеп болуы мүмкін. Бір ғана жарылыстың салдары жойқын болмақ. Ғалымдар атом бомбасы түскен жерін күл-талқан етіп қана қоймай, жаһандық ауқымдағы климат апатына әкеп соғуы, егістік атаулыны жойып жіберуі мүмкін екенін айтады. Оның қасіретін біз жақсы білеміз. Жерімізде жасалған 450 ядролық сынақтың зардабымен Қазақстан әлі күнге дейін бетпе-бет келіп отыр. Біз бейбітшілік үшін Кеңес үкіметінен мұраға қалған ядролық арсеналдан өз еркімізбен бас тарттық. Бүгінде жаппай қырып-жоятын ядролық және биологиялық қаруды таратпау ұстанымын жақтаймыз.
Президент жаһандық қауіпсіздік мәселесіне тек геосаяси тұрғыдан ғана қарауға болмайтынын айтты. Оның сөзінше, бұл мәселені кеңірек, жан-жақты мойындау қажет. Бүгінде әлемдегі жағдай өзгеріп келеді. Көпжақты ынтымақтастықтың маңызы төмендеген тұста әр елдің өз мүддесін қорғауға бағытталған протекционизм күшейеді. «Осындай тұрақсыз кезеңде біздің басты міндетіміз – ынтымақты қатаң сақтау, ыдыраған тұсын қайта қалпына келтіру», - деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Қазақстан қазіргідей алмағайып заманды сындарлы ықпалдастық тұрғысынан қарастырады. Сыртқы саясатта жікке бөлінбей диалогқа келуді, кез келген елдің егемендігін құрметтеуді басшылыққа аламыз. Әсіреұлтшылдық танытып, өзге халықтардың тарихы мен мәдени дәстүрлерін менсінбеуге жол берілмейді. Аз халықтардың ана тілінде сөйлеп, төл мәдениетін дәріптеуіне құрметпен қарау қажет. Сондықтан Қазақстанда «Бірлігіміз – әралуандықта» қағидатын қатаң ұстанамыз.
Тегтер #Қасым Жомарт Тоқаев #Астана халықаралық форумы #жаһандық қауіпсіздік #диалогPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz