Былтыр Қазақстан Италияға 30 млн тоннадан астам мұнай жеткізген. Қажет болған жағдайда еліміз оның көлемін арттыруға дайын. Бұл жайында бүгін елордада өткен «Орталық Азия – Италия» саммитінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев айтты.
Мұндай форматтағы кездесу алғаш рет ұйымдастырылып отыр. Жиын барысында әлемнің сегізінші экономикасы саналатын Апеннин түбегіндегі ел мен Орталық Азия бестігі арасындағы алдағы әріптестік жайы кеңінен талқыланды. Бірқатар ұсыныстар мен бастамалар да көтерілді.
Риат Шони, тілші:
- Қазіргі геосаяси ахуал елдер арасындағы диалогтың бұрынғыдан да маңызды бола түскенін дәлелдеп отыр. Осы тұрғыдан алғанда, Орталық Азия мен Италия арасындағы алғашқы саммит кездейсоқтық емес, уақыттың өзі талап еткен тарихи қажеттілік. Бұл – бір күндік рәсім емес, болашаққа бағытталған ұзақ мерзімді стратегиялық серіктестіктің алғашқы парағы.
Орталық Азия мен Италия арасындағы алғашқы саммит – Еуразия кеңістігіндегі халықаралық ынтымақтастықтың жаңа мүмкіндіктерін ашатын маңызды оқиға. Бұл формат, бір жағынан, тарихи байланыстарды жаңғыртса, екінші жағынан, Еуропа мен Азия арасындағы көпір іспеттес жаңа диалог алаңын қалыптастырып отыр.
Қазіргі жаһандық тұрақсыздық жағдайында Орталық Азияның стратегиялық маңызы бұрынғыдан да арта түсті. Ол бүгінгі саммиттен анық байқалады. Тарихи шараға Италияның белсенді қатысуы Еуропалық Одақтың аймаққа деген қызығушылығының тереңдегенін көрсетіп отыр. Осылайша, Римнен келген серіктестер бұл бастаманы қолдай отырып, Кәрі құрлық өкілдерінің Орталық Азиядағы ұзақ мерзімді ұстанымын нақтылай түскендей.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Орталық Азия ықылым заманнан бері Шығыс пен Батыс арасында дәнекер болып, өркениетаралық диалогты дамытуда маңызды қызмет атқарған. Бүгінде біздің өңір бұрын-соңды болмаған бірліктің үлгісін танытып, тату көршілік және баршаға ортақ прогресс қағидаттарын берік ұстанатынын көрсетуде. Әлемдік аренада жасампаз күн тәртібін ілгерілете отырып, Орталық Азия халықаралық қатынастың ықпалды субъектісі ретінде өз ұстанымын дәйекті түрде нығайтып келеді.
«Қазақстан – өңірдегі жетекші мемлекет ретінде Еуроодақтың назарына ілініп отырған басты әріптес. Себебі елдің транзиттік әлеуеті, энергетикалық қоры мен тұрақты саяси бағыты – оны аймақтағы басты бағыттаушы ретінде көрсетіп отыр. Сондықтан да Қазақстан Италия үшін де, тұтастай алғанда, Еуроодақ үшін де сенімді серіктес саналады. Бүгінде әлемде экономикасы ірі елдер арасында тарифтік тартыстар жүріп жатыр. Оның салдары өзге мемлекеттер үшін ауыр тиюуі мүмкін. Сондықтан қазіргі сауда-экономикалық байланыстарды сақтап, оны әрі қарай нығайта түсу үшін бар күш-жігерді салу қажет», - деді Президент
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Біздің ойымызша, бірлескен жобаларды іске қосуға, ең алдымен, қосылған құны жоғары өнім шығару есебінен тауарлардың түрін көбейтуге баса мән беруге болады. Мәселен, Қазақстан Италияға жалпы құны 1 миллиард долларға жуықтайтын тауардың 100-ден аса түрі бойынша экспорт көлемін арттыруға дайын. Бұл ретте металлургия, машина жасау, мұнай-химия өнеркәсібі және басқа да өнімдер туралы сөз болып отыр.
Бүгінде Орталық Азия елдері Кәрі құрлыққа өздерінің ауыл шаруашылығы өнімдерін жеткізетін зор әлеуетке ие. Осы ретте Қасым-Жомарт Тоқаев сауда үйлері мен логистикалық орталықтардың ашылуы елдер арасындағы сауда-саттыққа тың серпін беретінін айтып, Алматыда Италия сауда үйін ашуды ұсынды. Бұдан бөлек, Мемлекет басшысы басым бағыттардың бірі ретінде энергетика саласындағы ынтымақтастықты атады.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Еліміз Еуропа Одағына мұнай экспорттаушы мемлекеттердің алғашқы үштігіне кіреді. Былтыр Қазақстаннан Италия нарығына жеткен мұнай көлемі 30 миллион тоннадан асты. Бұл 2023 жылғы көрсеткіштен 27%-ке артық. Қажет болған жағдайда оның көлемін арттыруға дайынбыз. Сонымен қатар болашағымыз баламалы энергия көздеріне байланысты болмақ. Бұл қазірдің өзінде анық байқалады. Төмен көміртекті экономикаға жүйелі түрде көшу – Қазақстан басымдықтарының бірі. Италиялық серіктестерімізбен бірлесіп, еліміздің бірқатар өңірінде жел мен күн электр станцияларын салып жатырмыз. Аталған жобалар үшін ризашылығымызды білдіреміз.
Әлемдегі экономикасы дамыған сегізінші ел Италия бүгінде жетекші индустриалды держава болып саналады. Бұл мемлекеттің қуатты өнеркәсіптік әлеуеті және көптеген салалардағы озық технологиялары бар.
Ал, Қазақстан сирек кездесетін металдардың қомақты қорына ие. Яғни, итальяндық компаниялардың инвестиция құйып, технологияларымен бөлісіп, осы бағытта бірлесе жұмыс атқаруға зор мүмкіндігі бар. Осы ретте Президент Орталық Азиядағы сирек металдардың кен орындары туралы барлық өзекті ақпаратты жинақтайтын Аймақтық зерттеу орталығын құру туралы бастама көтерді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Бiрлескен кәсiпорындар құру, технологиялар трансфертi, италиялық өндiрiстi өз аймағымызда локализациялау ортақ мүддеге сай келеді. Бұдан елдеріміз едәуiр пайда табады. Бұл бағытта жемісті ықпалдастықтың мысалдары бар. Атап айтқанда, қазақстандық зауыттардың бірінде италиялық ауыл шаруашылығы техникасын құрастыру жолға қойылған. Бұдан бөлек, Италия компанияларының қатысуымен күкірт қышқылын өндіретін және газ өңдеу зауыттарының құрылысы басталды.
Жаңа Жібек жолы бойындағы көлік-логистикалық дәліздерге қол жеткізу мәселесі де – Италияны Орталық Азиямен жақындастырудың басты себебі. Қазақстан арқылы Еуропа мен Қытай арасындағы транзиттік тасымалдар әлеуетін арттыру – ортақ мүддеге айналған өзекті тақырып. Былтыр «Транскаспий» халықаралық көлік маршруты арқылы контейнер тасымалы 62%-ке артып 4,5 млн тоннаға жеткен. Енді алдағы 3 жылда бұл көрсеткішті еселей түсу көзделген.
Президент көтерген тағы бір өзекті мәселе – ол білім мен мәдениет салаларындағы ықпалдастықты арттыру. Мәдени-гуманитарлық байланыстарды одан әрі дамыту үшін Қасым-Жомарт Тоқаев келер жылы «Орталық Азия мен Италияның мәдениет жылы» тақырыбы аясында бірлескен іс-шаралар легін өткізуді ұсынды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Қазіргі уақытта Италияда төрт мыңға жуық қазақстандық студент білім алады. Біз жастарымыздың үздік университеттерде оқуына мүмкіндік жасағаны және грант пен шәкіртақы ұсынғаны үшін Италия үкіметіне алғыс айтамыз. Орайлы сәтті пайдалана отырып, Италияның техникалық жоғары оқу орындарын Қазақстанда филиалдарын ашуға шақырамын. Біз қазір инженерлік-техникалық білімге ерекше мән береміз.
Сондай-ақ саммит барысында Қасым-Жомарт Тоқаев қоршаған ортаны қорғау және экологиялық орнықтылық мәселелерін де қамтыды. Қазір Орталық Азия жаһандық жылыну салдарын бастан кешіріп жатыр. Мұздықтар еріп, су тапшылығы қатты сезілуде. Осы ретте Президент Италия тарапына аймақтағы экологиялық проблемаларды шешуге, соның ішінде Арал теңізі бассейнін қалпына келтіруге белсенді қолдау көрсеткені үшін ризашылығын білдірді. Отырыс қорытындысы бойынша жиында айтылған ұсыныстар қамтылған Бірлескен декларация қабылданды. Енді осындай форматтағы келесі саммит 2027 жылы бауырлас қырғыз елінде өтетін болады.
Авторлары: Риат Шони, Жандос Битабаров, Досхан Қораз, ПТРК
Тегтер #Қазақстан #Италия #стратегиялық серіктестік #экономика #логистикаPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz