RU
Толық нұсқаға өту

Алакөл жағалауында демалыс аймақтары тексерілді

12.07.2025, 19:00 602

«Алакөл жағалауында тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету,

санитарлық талаптарды сақтау, инфрақұрылымды дамыту мен бизнеске қолайлы жағдай жасау жергілікті атқарушы органдардың құзырында болуы тиіс». Жетісу облысына жұмыс сапары барысында Премьер-министрдің орынбасары Ермек Қөшербаев осындай міндет жүктеді. Ол көл жағасында туристерге қызмет көрсететін мекемелердің жұмысымен танысып, олқылықтарды он күн ішінде жоюды тапсырды.

Ақши ауылына жасаған сапары барысында вице-премьер алдымен Алакөлге келген туристерден қызмет көрсету сапасына қатысты пікірлерін білді. Пансионатта демалып жатқан қонақтар қызмет көрсету сапасына оң бағасын бергенімен коммуналдық жағажайда демалушылар талап-тілегін жеткізді.

Гүлмира Жиенбаева, турист:

"Көлдің ем қасиеті бар, табиғаты жақсы деп сол үшін келеміз, бірақ енді сервис жағы, күтім көрсету жағы, тамақ жағынан кішкене бақылау керек сияқты".

Вице-премьер суға шомылу құралдарын бақылау, демалушыларды санитарлық тораптармен қамту және судағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету жергілікті биліктің басты міндетіне айналуы қажет екенін атап өтті.

Ермек Көшербаев, ҚР Премьер-министрінің орынбасары:

"Жергілікті әкімдіктер және де осы жақтағы мәслихат мүшелері өздері қолына алып, бақылауға алуы керек. Әрине қаражат жетіспесе де, ең басты мәселе халықтың қауіпсіздігі. Қауіпсіздік мәселесі. Кемемен жүргендегі қауіпсіздік және санитарлық-гигиеналық қауіпсіздік болуы керек. Эпидемиология жағынан. Бұл жерде бір ғана дәретхана бар. Иә, дәретхана жақсы, стационарлы, бірақ көбіне халық ар жақтан жүгіріп бармайды ғой. Әрине ол жағын да ойлану керек. Бірнеше биоәжетхана қойса, дұрыс болар еді".

Дей тұрғанмен, биыл Ақши ауылында ұзақ жылдар бойы шешімін таппаған мәселелердің бірі - электр энергиясының сапасын арттыруға қатысты тұрғындардың тілегі жауабын тапты. Мұнда қуаттылығы 32 МВт болатын жаңа қосалқы станса іске қосылды. Сондай-ақ кәріз-тазалау нысандарының құрылысы да жүріп жатыр. Биыл тағы 17 жаңа демалыс аймағы ашылып, ауылдағы демалыс орындарының саны 320-ға жуықтады. Алайда Алакөл жағалауын бекіту жұмыстарына 16 млрд теңгеден астам қаражат қажет. Жағажай аумағы шамамен 20 шақырымды құрайды. Оны Жетісу облысының жедел-құтқару қызметінің 15 қызметкері бақылайды. Бірақ бұл жеткіліксіз.

Берік Найзабеков, Жетісу облысы ТЖД жедел-құтқару жасағының басшысы:

"Алакөл көлінің жағалауы бір жағы 12 км, Көктұма 7 км. Енді барлық жағалауды жұмылдыру үшін 15 адам жеткілікті емес. Адам санын ұлғайтса, жақсы болар еді".

Сондай-ақ вице-премьер Ақши вокзалының ғимаратын кеңейту мүмкіндігін де қарастыруды тапсырды. Себебі жолаушылар ағыны жылдан жылға артып келеді. Қазір тәулігіне 4 пойыз аялдап, орта есеппен 800 туристі тасымалдайды. Сондықтан жағажай маңына медицина пункттері мен белсенді демалыс аймақтары қажет. Бұған қоса қосымша пирстер салу, жағажайды санитарлық жабдықтармен қамту, қоқыс контейнерлерін көбейту сынды мәселелерді де жуық арада шешу керек. Мұның бәрін қысқа мерзімде жүзеге асыру қажет, деді Ермек Көшербаев. Айта кеткен жөн, Жетісу облысы құрылғалы бері туризм саласын дамытуға республикалық бюджеттен 48,5 млрд теңге бөлінген.

Назым Қайрат, Гүлнар Жантасова, Олжас Байбосынов

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz