Алматы Халықаралық әуежайы қызметкерін кепілге алған 67 жастағы Машрапбек Баратовқа үкім шықты.
Қылмыстық іс 3 ай қаралып, бүгін соңғы нүктесі қойылды. Зейнеткер енді 11 жыл өмірін абақтыда өткізеді.
67 жастағы Машрапбек Баратовтың ісі Қылмыстық кодекстің үш бабы бойынша қарастырылды. Ол «адамды кепілге алғаны», «қару қолдана отырып бұзақылық жасағаны үшін» және «терроризм туралы жалған хабар беру» баптары бойынша сотталды.
Машрапбек Баратов өз кінәсін мойындады және әуежай қызметкерінен кешірім сұрады. Кеше сот отырысында прокурор 10,5 жылға бас бостандығынан айыру жазасын сұраған еді. Алайда судья Баратовтың бұрын өтелмеген мерзімін ескере отырып 11 жыл үкім кесті. Ол жазасын қауіпсіздігі орташа түзеу мекемесінде өтейді.
Анар Қарашева, Түрксіб аудандық сотының судьясы:
- Сотталушы Баратовтың іс-әрекеті, атап айтсақ «адамды кепілге алуы» ауыр қылмыс саналады. Сонымен қатар Қазақстан Республикасының азаматы, жәбірленуші Мұхтароваға моральдық соққы болды. Бұл зардаптың ауыртпалығын тек өзі ғана толық сезінеді. Оның үстіне, бұл қылмыс Алматы қаласындағы стратегиялық маңызды нысан – әуежайда жасалды.
Сотталушы өз кінәсін мойындағандықтан іс жылдам қаралды. Еске сала кетейік қылмыстық оқиға биыл 7 наурызда болды.
Машрапбек Баратов әуежай қызметкерін кепілге алып, пышақ кезеген болатын. Сол сәтте Мұса Әбдірайым есімді азамат қызметкер қызды босатуды сұрап, өзін кепілге ұсынды. Артынша қаскөйді сөзге айналдырып тұрып, қолындағы пышағын тартып алған еді.
Аршын Кемелжан, Айдос Қалиев 24KZ
Тегтер #хабар24 #жаңалықтар #әуежай #қызметкер #зейнеткер #сотPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz