RU
Толық нұсқаға өту

Қ.Тоқаев: Көлік саласы – елді байланыстыратын стратегиялық күш

01.08.2025, 16:32 684

«Қазақстанның Еңбек Ері» ең жоғары мемлекеттік наградасы алғаш рет көлік саласының өкіліне берілді. Бүгін ел дамуына сүбелі үлес қосып жүрген сала майталмандарын құттықтаған Мемлекет басшысы бұл мәртебелі марапатты ардагер теміржолшы Қалтай Сәмбетовке табыстады, деп хабарлайды 24kz.

Сондай-ақ былтыр енгізілген «Қазақстанның көлік саласының еңбек сіңірген қайраткері» құрметті атағы 4 ардагерге берілді. Олар жылдар бойы аянбай еңбек етіп, көлік жүйесінің ілгерілеуіне елеулі үлес қосқан азаматтар.

Риат Шони, тілші:

- Машинист, көлік жүргізушісі, электромонтер. Бүгін осы мамандар Ақорда төріне жайғасты. Себеп жоқ емес, бар. Ел дамуына елеулі үлес қосып жүрген қарапайым еңбек адамдары кәсіби мерекелеріне орай Президент қолынан мемлекеттік марапаттар алғалы отыр. Бұл ерен еңбегімен ерекшеленген азаматтар. Құттықтау сөз сөйлеген Қасым-Жомарт Тоқаев көлік саласы кез келген мемлекеттің стратегиялық негізін құрайтын, экономикалық және әлеуметтік өсімді қамтамасыз ететін басты тетік екенін айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Еліміздің осы саладағы мүмкіндіктері мол, тіпті бірегей деуге болады. Қазақстан – Еуразиядағы негізгі транзиттік хабтың бірі. Біз қазір Транскаспий халықаралық көлік бағдарын белсенді түрде дамытып жатырмыз. Бұл – Қытай, Орталық Азия және Еуропа арасында тауар жеткізудің төте жолы. Былтыр Сиань қаласында көлік-логистика орталығын аштық. Оны «Бір белдеу, бір жол» атты жаһандық бастама аясында Қытай елімен бірлесіп жүзеге асырдық. Бұл қадам халықаралық жүк тасымалын арттыруға септігін тигізуде.

Шығыс пен Батысты, Солтүстік пен Оңтүстікті жалғаған Қазақстан тоғыз жолдың торабында орналасқан. Бұл еліміз арқылы өтетін транзиттік бағыттардың маңызын арттырып, оны жаһандық көлік-логистикалық хабқа айналдыруға мүмкіндік береді. Сол себепті қазір тиісті инфрақұрылымдарды жақсарту қолға алынған. Атап айтқанда, биыл «Достық – Мойынты» темір жолының екінші желісі салынып бітеді. Бұл тасымалданатын жүк көлемін 5 есе арттыруға мүмкіндік бермек.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Осы ауқымды жобаны негізінен өз жұмысшыларымыз жүзеге асырып жатқанын да атап өту қажет. Сондай-ақ жыл соңында Алматы бекетін айналып өтетін теміржол іске қосылады. Нәтижесінде жүктеме азайып, жүк жеткізу мерзімі қысқармақ. Көлік-тасымал саласы озық, заманауи және бәсекеге қабілетті болуы керек. Сол себепті алдағы уақытта еліміздегі темір жолдың ұзындығын едәуір арттыру көзделіп отыр. Он бір мың шақырым теміржолды жөндеу жұмысы жалғасады. Жаңадан 5 мың шақырым жол салу және оны жаңғырту жоспарлануда. Қазір Транс-Қазақстан теміржол дәлізі ауқымды жобасы қолға алынды. Менің тапсырмаммен ұзындығы 323 шақырым болатын «Мойынты – Қызылжар» теміржолы салынып жатыр. Бұдан бөлек, «Дарбаза – Мақтаарал» және «Аягөз – Бақты» теміржол өткелінің құрылысы қарқынды жүруде.

Көлік саласындағы басым бағыттардың бірі – машина жасау секторы. Бұл ретте Президент әлемнің ең озық компанияларын тарта отырып, жергілікті өндірісті дамыту маңызды екеніне тоқталды. Тағы авиация инфрақұрылымн жаңғырту да кезек күттірмей шешілуі тиіс міндет болып тұр.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Өткен жылы Алматы, Шымкент және Қызылорда қалаларында жаңа терминалдар іске қосылды. Әуежайлардың өткізу қабілеті айтарлықтай артты. Бұрын Алматы әуежайы жылына 2,5 миллион жолаушыға ғана қызмет көрсете алатын. Бүгінде бұл көрсеткіш 14 миллионға дейін ұлғайды. Менің тапсырмаммен Зайсанда, Катонқарағайда және Кендірліде үш жаңа әуежай салынып жатыр. Арқалық әуежайы қалпына келтіріле бастады. Мұндай жобалардың жүзеге асуы жолаушылар нөпірін көбейтіп қана қоймайды. Сонымен қатар логистика, туризм, сауда және басқа да қосалқы салалардың дамуына серпін береді. Әуе рейстерінің географиясын кеңейту мақсатында тұрақты түрде жүйелі шаралар қабылдап жатырмыз. Қазіргі кезде Қазақстанның 30-дан астам елмен тікелей әуе қатынасы бар. Бірақ бұл аз. Аталған бағыттағы жұмыс жалғасады.

Еліміз әуе жүк тасымалын өркендетіп, өңірлік авиациялық хаб ретінде қалыптасуды мақсат етіп отыр. Осы ретте Үкімет ұлттық жүк тасымалдаушы әуе компаниясын құру жөніндегі жоспарын жариялады. Президенттің айтуынша, бұл бастама – елдің экономикалық дамуына, халықаралық беделіне және егемендік мүдделеріне тікелей ықпал ететін маңызды стратегиялық бағыт.

Сонымен қатар елімізде автокөлік жолдарының сапасын арттыру бағытында да кең көлемді жұмыстар қолға алынған. Өткен жылы ғана 7 мың шақырым автожол пайдалануға берілді. Талдықорған – Өскемен, Қарағанды – Алматы, Ақтөбе – Атырау – Астрахан секілді стратегиялық маңызы бар күре жолдар қайта жаңғыртылды. Мұндай ауқымды инфрақұрылымдық жаңарту жұмыстары Қазақстан тарихында алғаш рет жүзеге асып отыр. Бұған қоса, өзге де ірі жол-көлік жобалары жүйелі түрде іске асырылуда.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Өткен жылы халық көптен күткен Бұқтырма су қоймасындағы көпір ашылды. Бұл – Қазақстандағы ең ұзын көпір. Осы өткел екі облысты және жеті ауданды байланыстырады, сондай-ақ Қытай мен Ресейді жалғайды. Шақпақ баба асуында еліміздегі ең алғашқы туннель іске қосылды. Жалпы Қазақстанда көлік-транзит саласы қарқынды дамуда. Бұл – өздеріңіз сияқты азаматтардың қажырлы еңбегінің жемісі. Қазір осы салада 770 мыңнан астам адам жұмыс істейді. Сіздер адал қызмет етіп, елімізді көркейтуге мол үлес қосып жүрсіздер. Мен бүгін барлық көлік саласы қызметкерлеріне шынайы ризашылығымды білдіремін. Біз бір ел болып заң мен тәртіпке бағынатын «Әділетті Қазақстанды» құрып жатырмыз. Бұл – мемлекетіміздің болашағы үшін өте маңызды жұмыс, оны міндетті түрде орындауымыз керек.

Бүгінде көлік саласы мамандары өз міндеттерін мінсіз атқарып, мемлекеттік маңызы бар іске белсенді түрде атсалысып келеді. Бұл жандар өздерінің табандылығы мен кәсіби шеберлігін танытып, көпке үлгі бола білді. «Еңбек адамы ең жоғары марапатқа лайықты», - деп сөзін түйіндеген Президент саланың дамуына өлшеусіз үлес қосқан бір топ азаматты марапаттады.

Қошеметке бөленгендердің қатарында ардагер теміржолшы Қалтай Сәмбетов те бар. Ол бұл салада 66 жыл үздіксіз жұмыс істеп келген. 18 жасында қарапайым монтердан бастап «Қазақстан темір жолы» компаниясының бірінші вице-президенті лауазымына дейін көтерілген. Бүгінгі салтанатты жиында Қалтай Сәмбетовке Президент «Қазақстанның Еңбек Ері» атағын табыстады. Айта кету керек, бұндай кң жоғары мемлекеттік награда көлік саласының өкіліне алғаш рет беріліп отыр.

Қалтай Сәмбетов, «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының ардагері:

- Мың жұмыс істейтін халықты сыйлап, бүгін жоғары атақ беріп отыр. Бұл 120 мыңнан аса теміржолда істейтін халықты құрметтеп, қадірлеп отырғаны. Оның дәрежесін көтеріп отыр.

Теміржол саласында 1995 жылдан бері үздіксіз еңбек етіп келе жатқан Шәмкен Әшімовке бүгін «Шапағат» медалі табысталды. Қарағанды – Мәскеу бағытындағы пойызда жолсерік болып қызмет ететін ол бұл саланы атасының жолын жалғап таңдаған. Қыры мен сыры көп мамандықты өмірлік кәсібіне айналдырған Шәмкен аға енді немерелерінің де осы жолды жалғап, теміржолшы атанғанын қалайды.

Шәмкен Әшімов, «Жолаушылар тасымалы» АҚ «Солтүстік» өңірлік филиалы Қарағанды учаскесінің жолсерігі:

- Бір жылдан кейін зейнетке шығамын. Бірақ қимаймын. Өте керемет. Отбасымызды асырадық. Жеткіздік. Бұрын біз 1995 жылы бастағанда 5097 теңгеден бастағанбыз. Қазір еңбегіміз бар, премиясын береді. Жаман емес. Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолынан марапат алдық, қолын ұстадық. Бұл үлкен мәртебе. Мынау ақ үйге келу деген мыңның бірі ғана келеді бұл жерде. 12 ұйықтап тұрсам да, бұл жерге келу деген қиын.

Сонымен қатар былтыр жаңадан қосылған «Қазақстанның көлік саласының еңбек сіңірген қайраткері» құрметті атағы 4 ардагерге табысталды. Бұдан бөлек саланың дамуына қосқан елеулі үлесі үшін бір топ азамат «Барыс», «Парасат», «Құрмет» ордендері мен «Ерен еңбегі үшін» медалін иеленді.

Риат Шони, тілші:

- Көлік саласының мамандары – ел тынысын кеңейтуші тұлғалар. Олардың еңбегі – қозғалысқа жан бітіріп, халықты жақындастырып, уақыт пен кеңістікті қысқартатын қасиетті еңбек. Олар – алысты жақын еткен, бейнеті көп, бірақ мәртебесі биік мамандық иелері.

Авторлары: Риат Шони, Ержан Қанапияұлы, ПТРК

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz