RU
Толық нұсқаға өту

Президент БҰҰ-ның конференциясында сөз сөйледі

05.08.2025, 14:42 419

Теңізге шығар жолы жоқ 32 дамушы елдің дені қаржыландыруға және технологияға қол жеткізуде, сондай-ақ жаһандық нарыққа жол табуда кездесетін кедергілермен бетпе-бет келеді.

Ал бұл мемлекеттерде жарты миллиардтан астам адам тұрады. Бұл жайында бүгін Теңізге шығар жолы жоқ дамушы елдерге арналған Біріккен Ұлттар Ұйымының үшінші конференциясында сөз сөйлеген Президент мәлімдеді. Жиында Қасым-Жомарт Тоқаев 20 жылдан астам уақыт бұрын Қазақстан дәл осы конференцияның алғашқы отырысын өткізіп, жетекші рөл атқарғандығын айтты. Яғни еліміз бұл үздіксіз үдеріске бастапқы жылдардан бері қатысып келеді. Ал енді алда тұрған міндеттерді одан әрі ілгерілету аса маңызды, деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Аймақтағы шектеулі байланыс – теңізге шығар жолы жоқ дамушы елдердің басты проблемасы. Бұл транзит және сауда шығыны, сондай-ақ геосаяси факторларға осалдық секілді біршама экономикалық қиындық тудырады. Аталған кедергілер азаматтардың әл-ауқатына әсер етіп, бәсекеге қабілеттілікті төмендетеді. Түрлі қақтығыстар, экономикалық санкциялар, жеткізу тізбегінің бұзылуы және жаһанда сенімсіздіктің белең алуы жағдайды одан әрі ушықтыра түседі. Дегенмен Қазақстан теңізге шығар жолы жоқ дамушы мемлекеттерді жаһандық мәселелердің шешімін табуға атсалысатын тең құқылы әрі перспективті серіктес ретінде қарау керек деп санайды. Мұндай елдердің үні анық естілуге тиіс, ал біздің өзара ынтымақтастығымыз терең, ұжымдық ұмтылысымыз батыл болуы қажет.

Сондай-ақ Мемлекет басшысы Қазақстанның Аваза іс-қимыл бағдарламасын тұрақты, инклюзивті және орнықты келешекке жеткізер жол картасы ретінде толық қолдайтынын мәлімдеді . Президенттің сөзінше, бұл маңызды бастама транзиттік елдердің, халықаралық даму ұйымдары мен қаржы институттарының саяси қолдауына ие болуға тиіс. Бұдан бөлек Қасым-Жомарт Тоқаев климаттың өзгеруіне назар аударып, оны тағы бір түйткіл ретінде атады. Қазір теңізге шығар жолы жоқ көптеген дамушы ел су тапшылығы, мұздықтардың еруі, шөлейттену секілді экстремалды табиғи құбылыстарға душар болып отыр. Бұл проблемаларды шешу үшін өңір елдерінің ортақ күш-жігері мен белсенді халықаралық қолдау қажет, деді Президент. Мемлекет басшысы климаттық өзгерістермен күреске жұмылу мақсатында жиынға қатысушыларды келесі жылы сәуір айында Біріккен Ұлттар Ұйымымен бірге Астанада ұйымдастырылатын Өңірлік экологиялық саммит келуге шақырды. Тағы Президент теңізге шығатын жол жоқ болса да, құрлық арқылы көлік жолдары мен транзит инфрақұрылымын дамытуға болатындығын жеткізіп, Қазақстанның тәжірибесін мысал ретінде келтірді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Біз Орта дәліз және «Солтүстік – Оңтүстік» бағдары бойындағы көлік жолдары мен транзит инфрақұрылымын дамытуға баса мән береміз. Түпкі мақсатымыз – темір жолдың, автокөлік жолдарының, сондай-ақ авиация мен логистика орталықтарының біртұтас желісін құру. Бұл Қазақстанның Еуразиялық транзит хабы ретіндегі позициясын нығайтады. Қазіргі кезде Азия мен Еуропа арасындағы құрлық арқылы тасымалданатын жүктің 85 пайызға жуығы еліміз арқылы өтеді. Біз сондай-ақ цифрландыруға инвестиция құйып жатырмыз. Астана қаласында AlemAI жасанды интеллект орталығы құрылды. Жуырда суперкомпьютер іске қосылды. Ғылыми ынтымақтастыққа әрдайым ашықпыз. Серіктестерімізді қатарымызға қосылуға шақырамыз.

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz