RU
Толық нұсқаға өту

Қ.Тоқаев: Екі елдің ықпалдастығын жаңа сапалы деңгейге көтереміз

22.08.2025, 20:14 546

Қазақ-қырғыз арасындағы сауда-саттық алдағы бес жылда 3 млрд долларға жетеді. Қасым-Жомарт Тоқаевтың Бішкекке ресми сапары аясында табысты келіссөздер өтті, деп хабарлайды 24kz.

Алдағы уақытта екі ел ынтымақтастығында қандай өзгерістер болмақ?

Мемлекет басшысының Қырғыз Республикасына ресми сапары «Ата Бейіт» мемориалды кешеніне зиярат етуден басталды. Мұнда Ққырғыз ұлтына қызмет еткен айтулы тұлғалар, Сталиндік репрессия және 1916 жылғы Үркіншілік құрбандары жерленген. Айта кету керек, 1938 жылы Чоң Таш, қазақша айтқанда Үлкен тас ұлт-азаттық қозғалыс белсенділері атылған жер. Мұнда 137 боздақтың бауырластар зиратында жерленгені құжатпен дәлелденгенін атап өту керек. Сол уақыттағы Қырғыз комунистік партиясы, орталық комитетінің екінші хатшысы болған Төреқұл Айтматов та репрессия құрбаны ретінде осы жерге қойылған. Ал оның баласы, қырғыз елінің даңқты классик жазушысы Шыңғыс Айтматов та 2008 жылы осында жерленді. Қасым-Жомарт Тоқаев Мемориалдық кешен аумағында 2016 жылғы үркіншік құрбандарының зиратына гүл қойды. Марқұмдардың және арнайы Шыңғыс Төреқұлұлының рухына бағыштап құран оқылды.

Берік Дүйсенбай, тілші:

- «Ынтымақ Ордо». Тура бір жыл бұрын ашылған бұл зәулім сарайды халық арасында Жаңа Ақ үй деп те атайды. «Бұл заманауи әкімшілік ғимарат қана емес, батылдық, достық пен дамуға деген ұмтылыстың символы», - деп Садыр Жапаров мәлімдеген еді. Қазақстан Президентін дәл осы жерде қарсы алудың мәнісін аталған құндылықтармен байланыстыруға әбден болады. Биік мақсаттарды бағдар тұтқан алып сарай бүгінгі қазақ қырғыз диалогының алаңы.

Мемлекет басшысы салтанатты қарсы алу рәсімінде еліміздің байрағы түстес көк галстук тағынып келген. Бұл дипломатия тілінде сенімділік, тұрақтылық пен сабырлықтың белгісі ретінде түсіндіріледі. Садыр Жапаров Қырғыз елінің байрағы түстес галстук таққан. Әдеттегідей салатанатпен сап түзеген сарбаздар, жоғарғы деңгейдегі қабылдау рәсімі. «Ынтымақ Ордо» алаңында қос елдің әнұрандары шырқалды. Мұнан соң Қасым-Жомарт Тоқаев қарсы алушы тараптың қарауыл сарбаздарымен амандасты.

Мемлекеттер басшылары шағын құрамда кездесіп, ыстық ықылас, лебіздерімен алмасты. Қазақ лидері Қырғыз Республикасына ресми сапармен келуге шақырғаны үшін Садыр Жапаровқа алғысын білдірді, себебі:

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Себебі осы сапар екі ел арасындағы достық қатынастың дамуына тың серпін береді деп сенемін. Шын мәнінде, қазақ пен қырғыз – тілектес, бауырлас елдер. Біздің тарихымыз тамырлас, салт-дәстүріміз бен таным-түсінігіміз, ұлттық болмысымыз ұқсас. Қос халықтың татулығы мен өзара құрметі ешқашан үзілген емес. Қазір де ықпалдастығымыз стратегиялық серіктестік рухында қарқынды дамуда.

Садыр Жапаров, Қырғыз Республикасының Президенті:

- Соңғы жылдары Сіздің қолдауыңызбен екі елдің қарым-қатынасы жаңа деңгейге өтіп, достығымыз бен бауырластығымыздың бекемделе түсуі бізді қуантады. Қазақ елі – біз үшін ерекше ел. Біздің мәмілелеріміз Тоқтоғұл мен Абайдай, Шыңғыс пен Мұхтардай аталарымыз салған ізбенен жалғасқан.

Бабалар салып кеткен қазақ қырғыз достығының ізі Жоғарғы мемлекетаралық кеңеспен жалғанып келеді. Бүгін VII жиын өтті. Онда сөз сөйлеген Мемлекет басшысы бүгінгі сапардың мақсатын межеледі.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Біз жоғары саяси диалогтың арқасында екі елдің ықпалдастығын жаңа сапалы деңгейге көтереміз. Қасиетті Алатаудың қос қыраны сияқты қазақ пен қырғыз – ежелден еншісі бір, тағдыры ортақ ағайынды халықтар. Қиын сәтте бір-біріне демеу, қуанышты күнде тілеулес бола білген елдер. Тарихтың талай тезінен аман өткен достығымыз – ата-бабадан қалған аманат, ұрпақтан ұрпаққа берілген рухани қазына. 

Әлбетте бауырластық, ағайыншылық қатынастар алыс-беріспен бекиді. Жиында Қасым-Жомарт Тоқаев екіжақты сауда-саттықтың 2 млрд-қа жуықтағанын, алда бірлескен ілкімді жобалар жүзеге асатынын атап өтті.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Былтыр Одақтастық қатынастарды кеңейту туралы тарихи шартқа қол қойдық. Бүгін біз ынтымақтастықтың кешенді жоспарын қабылдаймыз. Осы маңызды қадамдар қазақ-қырғыз байланысын дамытуға тың серпін береді деп сенемін. Екі елдің үкіметтері бұл жоспарда көрсетілген мақсат-міндеттерді басшылыққа алуға тиіс.

Серік Жұманғарин, ҚР Премьер-министрінің орынбасары, ұлттық экономика министрі:

- Бүгін біз мына жол картасына қол қоямыз. Осы тауар айналымды 3 млрд-қа жеткізу үшін. Оны қалай жеткізуге, не керегін, бүкіл мәселелер жазылған. Біздер экспорттық-кредиттік агенттік аштық. Ол деген тауар айналымға көмектесетін жақсы құрал.

Жоғарғы мемлекеттік кеңестің VII отырысы нәтижесінде Қасым-Жомарт Кемелұлы мен Садыр Нұрқожаұлы Кеңестің шешімдеріне салтанатты түрде қол қойды. Оның сыртында қос тараптың делегат мүшелері үкіметаралық һәм ведомствоаралық құжаттармен алмасты. Оның ішінде екіжақты тауар айналымын 2030 жылға дейін 3 млрд долларға жеткізу жөніндегі жол картасы да бар.

Ербол Қарашөкеев, Жамбыл облысының әкімі:

- Өткізу, тауар өткізу бекеттерінің көбі біздің Жамбыл облысында орналасқан. Даму жоспарының бәрін егжей-тегжейлі талқылап қарадық. Жоспар да жаман емес. Бекеттердің бәрі де ары қарай дамитын болады. Ол, әрине, біздің екі елдің, Қырғыз Республикасы, Қазақстан арасындағы сауда қарым-қатынасының, экономикалық қатынасы дамуының негізі деп санауға болады.

Қазақ-қырғыз ықпалдастығындағы су дипломатиясы сарапшылар мен ақпарат құралдарының назарында. Бүгінгі мемлекетаралық отырыста бұл мәселе де әңгімеге арқау болды.  2000 жылдан бері су бөлу және ирригациялық жұмыстар бойынша екі ел арасында келісім бар. Соның негізінде комиссия да жұмыс істейді. Одақтастық деңгейге шыққан ықпалдастық қазір суды ортақ пайдалану мәселесін оңтайландырып келеді.

Нұржан Нұржігітов, ҚР Су ресурстары және ирригация министрі:

- Жаңа өздеріңіз естідіңіздер, біз биылғы жылы вегетация кезінде де, межвегетация кезінде де Қырғызстан тарапынан өзіміздің белгіленген кестеге сәйкес суды толық көлемде алдық. Қордай ауданында Чумыш гидроузелі бар. Біз сол Чумыш гидроузелді бірлесіп пайдалансақ деген қазір арнайы келісімшарт жасап жатырмыз.

Мемлекеттер басшыларының бірлескен мәлімдемесінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев агроөнеркәсіп бағытындағы үлкен әлеуетке назар аударды. Былтыр 1,7 млрд доллардың саудасы жасалса, соның ширек бөлігі осы саланың үлесінде. Енді қазақ-қырғыз фермерлері бірлескен кәсіпорындар құруы мүмкін. Үкіметтерге екі жылдық жол картасын құру тапсырмасы берілгенін мәлімдеді Президент. Одақтастық байланыстардың бір парасы мәдени-гуманитарлық бағыт. Бүгін құжатпен қатталған келісімдердің біріОш қаласында Еуразия ұлттық университетінің филлиалын ашу. Бұған дейін тараптар қос диплом беру бағдарламасымен байланысты болса, енді Қырғыз үкіметінің қаулысымен ресми түрде филиал ашылып, 100 студент қабылданатын болды.

Ерлан Сыдықов, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры:

- Білім дипломатиясы, ғылым дипломатиясы деген ұғымдар бар. Міне, сондықтан егер де жас буын бір-бірімен байланысатын болса, академиялық мобильдік болып, бір-бірімен араласатын болса, буындар арасында түсіністік қалыптасады. Егер де бір-бірін жақсы түсінген халық болатын болса, олардың арасында кикілжің болмайды.

Кикілжің жоқ, сыйластық көп. Қол қою рәсімінен соң Қазақстан Президенті айрықша жоралғы жасап, Бішкек төрінде, Қырғыз Президентін Қазақстан Республикасының ең жоғарғы наградасымен марапаттады.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Біздің тіліміз бен діліміз, атымыз бен затымыз – ұқсас. Бүгінде елдеріміз арасында өзара сенім мен сыйластыққа негізделген қарым-қатынас орнаған. Одақтастық рухындағы байланысымыз нығайып келеді. Қос мемлекеттің стратегиялық әріптестігі қарқынды дамып жатыр. Сіз бұл іске өлшеусіз үлес қосып жатсыз.

Бауырлас әрі одақтас елдер диалогының осындай ілтипатпен өтуі заңдылық та шығар, сірә, қазақ жұртының ілтипаты мен құрметін ала келген Қасым-Жомарт Тоқаев қырғыз елінің тағы бірқатар тұлғаларын марапаттады.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Сіздер Қырғызстанның көркеюіне, сондай-ақ, екі ел арасындағы жан-жақты қарым-қатынасты нығайтуға мол үлес қосып жүрсіздер. Соның арқасында саяси-экономикалық, мәдени байланыстарымыз нығайып келеді.

Достық және одақтастық қатынастарды дамытуға қосқан елеулі үлесі үшін Қырғыз Республикасы Министрлер кабинеті төрағасының орынбасары – Мемлекеттік ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Камчыбек Ташиев І дәрежелі «Достық» орденімен, VII шақырылған Жогорку Кенешінің депутаты Дастанбек Жұмабеков, Қырғызстан Президентінің кеңесшісі Арслан Койчиев, қоғам қайраткері Аскар Салымбековтер ІІ дәрежелі «Достық» орденімен марапаттады. Ресми сапар аясында Мемлекеттер басшылары Бішкек қаласындағы Қазақстан мен Қырғызстан достығы аллеясында орналасқан қос халықтың ұлы қаламгерлері Мұхтар Әуезов пен Шыңғыс Айтматовқа арналған «Достықтың алтын көпірі» ескерткішінің ашылу рәсіміне қатысты.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Мұхтар Әуезов қырғыздың эпикалық мұраларын жаңғыртуға өлшеусіз үлес қосқан. «Манас» жырын терең зерттеген. Атақты дастанды кеңестік жүйенің қайшысынан аман алып қалған. Сондай-ақ Мұқаң – Айтматовтың ғаламат шығармашылық әлеуетін алғаш таныған қаламгердің бірі. Ал Шыңғыс Төреқұлұлы: «Өзге елдерге барғанда өзіммен бірге ала жүретін екі ұлттық құндылығым бар. Ол – Манас пен Мұхтар Әуезов» деген. Бұл – рухани құндылықтарымыздың екі елге де ортақ екенін паш ететін айқын көрсеткіш. Заңғар жазушының «Жәмилә», «Ақ кеме», «Ана-Жер-Ана», «Боранды бекет» шығармалары қазақ әдебиетінің де қазынасына қосылған асыл мұралар деп күмәнсіз айтуға болады.

Қырғызстан қазақтарының қауымдастығы қос халықтың қос алыбына монумент қоюға бастамашы болып, ол екі елдің де басшылары тарапынан қолдау тапқан. Қасым-Жомарт Тоқаев ескерткіштің ашылу салатанаты қазақ пен қырғыз халықтары үшін ерекше сәт екенін атап өтті.

Авторлары: Берік Дүйсенбай, Айдос Меделбеков, Ділмұрат Сейдаханов, ПТРК

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz