RU
Толық нұсқаға өту

Рақымшылық – Конституцияға тән ізгілік көрінісі

29.08.2025, 07:07 486

Мемлекет басшысы Конституцияның 30 жылдығына орай жарияланған амнистияны шын мәніндегі қайырымды елге тән сипат деді.

Оның аясында 11 мыңнан астам сотталушының жаза мерзімі қысқарады, 4 мыңнан астам азамат бостандыққа шығады. Оның 55-і Астанадағы қылмыстық атқару жүйесі мекемелерінде жазасын өтеп жатқандар. 

Елде амнистияға іліккен 87 әйел түзеу мекемелерінен босап шықты. Солардың бірі Анастасия Нежник. Үш баланың анасы жарты жыл бұрын жүрісі бұрыс адамдарға қосылып, жаза басады. Бөтеннің үйіне баса көктеп кіргендердің қатарында болғаны үшін сотталады. Бас бостандығынан айырылса да өзін жақсы қырынан көрсеткен. Сөйтіп, сот шешімімен бостандыққа шығады. 

Анастасия Нежник, амнистияға іліккен азамат:

- Жазамды Астанадағы №3 мекемеде өтедім. Негізі бір жылға бас бостандығымнан айырылған ем. Міне рақымшылыққа ілігіп, шілденің 11-інде босап шықтым. Жазамды өтеп жүргенде құрылыс дүкенінің қоймасында жұмыс істеген ем. Басшылықпен сөйлесіп, қазір де сонда еңбек етіп жатырмын. Балаларым да, өзім де ризамын. Аз уақытта босатады деп ойлаған жоқпыз.

Иә, бұл рақымшылық 15 мыңға жуық сотталғанның үмітін жағады. Ал Астанадағы қылмыстық атқару жүйесі мекемелеріндегі 118 азаматтың жаза мерзімі қысқарады. 55 адам түрмеден шығады. Ерлан да амнистияға ілінгендердің бірі. Ол бүгін балаларымен қауышады. 

Ерлан, амнистияға іліккен азамат:

- Қару-жарақ қолдану барысында абайсызда адам өліміне әкеп соғуына байланысты сондай жағдай болды. Сол үшін екі жыл бас бостандығымнан айырылдым. Өтелмеген уақытым 6 ай 27 күн уақытым қалды. Бүгін рақымшылыққа ілігіп, бас бостандығымды өтеу туралы актысына қол қойып, босатылып отырмын. 02:02-02:07 Үйде 4 бала-шағам, келіншегім, анам тосып отыр.

Елде 30 мыңнан астам адам жазасын өтеп жатыр. Оның тоқсан пайыздан көбі ауыр және аса ауыр қылмыс жасағандар. Олар рақымшылыққа іліге алмайды.

Гүлжан Исмағанбетова, Астана қаласы бойынша ҚАЖД баспасөз хатшысы:

- ҚР Конституциямыздың 30 жылдығына орай Астана қаласы бойынша ҚАЖ департаментінан рақымшылыққа ілінетін 1030 сотталған, оның ішінде 331 сотталғанның жазасы толық өтеп шығарылады. 699 жаза мерзімі қысқартылады. Рақымшылыққа ілінген азаматтар аз және орташа ауырлықтағы қылмыстар үшін сотталған тұлғалар болып саналады. 

Әлбетте еркіндікке шыққанның бәрі еркін емес. Бастапқы кезеңде қолдау қажет. Әлеуметтік-құқықтық, тіпті психологиялық жәрдем артық етпейді. Осы орайда Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі уақытша мекен болар орындар санын арттырмақшы. Пробация қызметі қарауындағы азаматтар да назарда. Мәселен, Астана қаласы бойынша осындай 773 сотталған рақымшылыққа ілікті.  

Анаргүл Омарбекова, Астана қаласы бойынша қажд пробация қызметі бөлімінің бастығы: 

- Бүгінгі таңда 322 сотталған босатылып шықты. Сонымен қатар бізде Астана қаласы бойынша пробация қызметімен, Демеу орталығымен, бізге сотталғандар босатылып шыққаннан кейін, әрі қарай біз оларға жұмысқа тұру жағынан көмектесеміз. Көбінесе сотталғандар босап шыққаннан кейін жұмыссыз болады. Әрі қарай біздің пробация қызметтері қамтамасыз етеді. Егер де құжаты болмаған жағдайда Астана қаласы бойынша Демеу орталығы бар, соларға орнатылып, жұмыстарын жалғастырады. 

Мемлекет басшысы қылмыстық атқару жүйесін ізгілендіру керек деді. Соның бір көрінісі осы рақымшылық. Оған ілінетіндердің тізімі жыл соңына дейін жасақталады. Сотқа бас-аяғы 15 мың адамның құжаты жолданады. Көбінің жаза мерзімі қысқарады. Ал бостандыққа шыққандар "Еңбек мобильділігі орталығынан" 15 АЕК мөлшерінде жәрдемақы алуға құқылы. Түзету мекемелерінде жұмыс істеген болса, көмекақы 6 айға дейін беріледі. Амнистияға іліккендерге жұмыс ұсыну да қарастырылған.

Мерей Мұратханқызы, Ақылбек Есімсейіт

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz