RU
Толық нұсқаға өту

Қ.Тоқаев: Қауіпсіздік кеңесін реформалайтын кез келді

22.09.2025, 13:17 357

Мемлекет басшысы Нью-Йорктегі БҰҰ Бас Ассамблеясының мерейтойлық сессиясында сөз сөйлейді. Қасым-Жомарт Тоқаев бірлестікті реформалауға қатысты Қазақстанның көзқарасын білдіріп, өз ұсыныстарын жеткізеді. Әсіресе, Қауіпсіздік Кеңесінің жұмысына өзгеріс енгізу басты назарға түсіп отыр. Құрылымға қандай өзгеріс керек? 

Былтыр 52 мемлекет соғыс жағдайында өмір сүрді. Ал биыл бұл көрсеткіш көбеймесе, азаймағаны анық. БҰҰ зерттеуі бойынша, дәл қазір жаһан кейінгі 80 жылда болмаған қанды қырғынды бастан өткеріп жатыр. Соңғы рет мұндай дағдарыс екінші дүниежүзілік соғыстың уақытында болған. Иә, бейбіт аспанды түнек торлады. Жаһанның шаңырағы шайқалып, қабырғасы сөгіліп барады. Саясаткерлер мұны Қауіпсіздік кеңесінің кемшілігінен көріп отыр. Қасым-Жомарт Тоқаев та Жолдауда бұл органды реформалайтын уақыт жеткенін мәлімдеген еді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Біріккен Ұлттар Ұйымына әлі күнге дейін еш балама жоқ. Қазақстан оны көкейкесті халықаралық мәселенің бәрін әділ шешу жолындағы негізгі келіссөз алаңы болып қала беруге тиіс деп санайды. Дегенмен Біріккен Ұлттар Ұйымын, әсіресе, оның ең басты органы Қауіпсіздік Кеңесін реформалайтын кез келді.

Бұл бастаманы Президент алғаш рет 2023 жылы көтерді. Содан бері көптеген лауазымды тұлғаның қолдауын тауып, ресми мінберлерде реформа мәселесі жиі талқылана бастады. Ақыры Антониу Гутерриштің өзі бұл сөзбен келісті. 

Антониу Гутерриш, БҰҰ Бас хатшысы:

- Менің ойымша, Қауіпсіздік Кеңесін реформалау өте маңызды әрі орынды бастама. Өкінішке қарай, Қауіпсіздік Кеңесі жаһанның қазіргі болммысына сай келмейді. Ол 1945 жылғы әлемге сай құрылған. Енді қазіргі заманның ережесіне бейімделу керек.

Қауіпсіздік Кеңеске қазір 15 ел мүше. Оның бесеуі вето құқығына ие тұрақты елдер. Қалғаны аймақтық теңдік принципіне сәйкес таңдалатын 10 мемлекет. Олар екі жылға ғана сайланады. Яғни, мұнда тараптардың құқығы тең емес. Осы ретте, Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан сияқты орта державалардың рөлін күшейтуге шақырды. Яғни, саяси шиеленістен көзін шел басқан державаларға тоқтау салатын күш керек.

Таир Нигманов, саясаттанушы:

- Қызықты әрі ерекше идеяның бірі вето құқығын өзгерту. Нақтырақ айтсақ, вето құқығы абсолютті болмауы керек деген ұсыныс. Яғни, бір тараптың дауысы көптің пікірінен жоғары тұрмауға тиіс. Мемлекеттер талқылап, таразыға салып, ортақ шешім шығару керек. Бұл ұсыныс ресми мінберде айтыла ма әлі белгісіз. Бірақ жағдайды өзгерте алатынына сенімдімін.

Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты мүшелері 1946 жылдан бері 300-ден аса вето қойған. Тек кейінгі екі жылдың өзінде шектеу құқығын шамамен 10 рет пайдаланды. Өткен аптада ғана АҚШ билігі Палестина дипломаттарының Бас Ассамблея жұмысына қатысу құқығын бұғаттаған еді. Осылайша, бейбітшілікке бастайтын құрылым ретінде құрылған Қаіпсіздік кеңесі қазір талас-тартыс алаңына айналып барады. Енді ғана жаһан бас көтеріп, мәселені тек реформа шеше алады деген ортақ пікірге келе бастады.

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz