RU
Толық нұсқаға өту

Қазақстан мен АҚШ: стратегиялық серіктестікке жаңа серпін

23.09.2025, 07:10 538

Қазақстан Еуразиядағы ірі цифрлық және ғылыми хабқа айналуды көздейді. Бұл мақсатқа жетуге АҚШ-тың алпауыт компаниялары да көмектеседі. Президент Нью-Йоркте Американың ірі компания жетекшілерімен кездесіп, елге инвестиция құйып, маңызды жобаларды қолға алуға шақырды. Жиын барысында Мемлекет басшысы жасанды интеллект, энергетика, көлік-логистика мен ауыл шаруашылығындағы әлеуетке кеңінен тоқталды.

Әлемнің алпауыт экономикасы саналатын АҚШ – елімізге 100 млрд доллардан астам қаржы құйған ірі инвестор. Қазір Қазақстанда 630-дан аса америкалық компания жұмыс істеп жатыр. Бүгінде екі ел арасындағы стратегиялық серіктестік қарқынды түрде дамып келеді. Американың бизнес өкілдерімен өткен дөңгелек үстел барысында Мемлекет басшысы сан қырлы ынтымақтастықты одан әрі дамытуға мүдделі екенімізді растады.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Қазақстан Президент Трамптың прагматикалық дипломатияны алға тартуын, Еуропа мен Таяу Шығыстан бастап Азия мен Африкаға дейінгі қақтығыстарды бейбіт жолмен реттеуге ықпал ету ісіндегі рөлін жоғары бағалайды. Оның конструктивті позициясы мен нақты нәтижеге қол жеткізуге айрықша мән беруі жаһандағы жіктелу ушыққан кезеңде шиеленістің бәсеңдеп, диалогтың артуына ықпал етуде. Мақсат-міндеті айқын мұндай батыл әрі табанды әрекет халықаралық деңгейде мойындауға лайық. Біздің ойымызша, бұл ұстанымдар БҰҰ-ның жалпы дебатында Ұйымға мүше мемлекеттердің назарына ұсынылуы керек.

Қалталы азаматтарды қызықтыратын бірқатар әлеуеті бар салаларды атап берген Президент энергетика бағытына ерекше назар аударды.

Бүгінде Қазақстан әлемдік уран сұранысының 40 пайызын қамтамасыз етіп отыр. Соның 24 пайызға жуығы АҚШ-қа экспортталады. Президент уран өндірісін кеңейту, геологиялық барлау және өңдеу ісінде жаңа мүмкіндіктерді қарастыру қажет екенін айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- АҚШ-тың энергетика саласындағы басымдықтарына сәйкес біз көмірге негізделген таза, тиімді және экологиялық тұрғыдан қауіпсіз энергетикалық шешімдерді ұсынамыз. Қазақстанда қуаттың 70 пайыздан астамы көмірден алынады. Әлемдегі көмір қоры мол елдердің бірі ретінде біз де АҚШ сияқты мұны энергияның сенімді әрі қауіпсіз көзі ретінде қарастырамыз, тым болмағанда таяу келешекте одан бас тартпаймыз. Еліміздің энергетикалық стратегиясы төрт компонентке: мұнай, газ, көмір және уранға негізделген. Біз осы қағидатты берік ұстанамыз.

Қазақстан энергетикалық ресурстарын экспорттау бағыттарын әртараптандыруды көздеп отыр. Осындай ауқымды жоспарларымен бөліскен Президент АҚШ-пен энергетика саласындағы серіктестік - негізгі бағыт екенін атады. Chevron мен ExxonMobil компаниялары соңғы 30 жылда Қазақстанға мол инвестиция құйып, ел экономикасын дамытуға үлес қосты.

Осы ретте Қасым-Жомарт Тоқаев Теңіз, Қашаған және Қарашығанақ жобаларындағы ынтымақтастық әрі қарай да екі тарапқа тиімді бағытта жалғасатынын айтты. Сонымен қатар Мемлекет басшысы еліміз Орталық Азиядағы ең қуатты экономика ретінде АҚШ бизнесін аймаққа тартуға дайын екенін жеткізді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Қазақстан білім мен инновацияға арқа сүйеген экономика құруды мақсат етеді. Бұл ретте цифрлық трансформацияға баса мән беріледі. Еліміздің экономикасы өңірдің өркендеуінде негізгі рөл атқарады. Қазақстанның мұндай биікті бағындыруына Америка бизнесі айтарлықтай үлес қосты. Биылғы сегіз айдың қорытындысы бойынша еліміздің экономикалық өсімі 6,5 пайызды құрады. Біз дамудың жоғары қарқынын сақтай отырып, ауқымды саяси-экономикалық реформалар жүргізуге ниеттіміз.

Жерін қазсаң - байлығы ашылады. Еліміз мыс, вольфрам, литий сияқты стратегиялық металдарға да бай. Сонымен қатар тау-кен саласында ашық заңнама мен қолайлы жағдай да жасалған. Бұның арқасында шетелдік ірі компаниялар қазірдің өзінде елде табысты жұмыс істеп жатыр. Келешегі зор тағы бір бағыт – ол көлік және логистика секторы. Әсіресе, Транскаспий халықаралық көлік бағдарын дамытуға ерекше назар аудару қажет – дейді, Президент. Бұл ретте Wabtec компаниясының теміржол және машина жасау саласындағы үлесі айрықша. Қазақстан осы компаниямен бірге тек инфрақұрылымдық желілерді ғана емес, үлкен дерекқорға негізделген интеллектуалды көлік дәліздерін де құрып жатыр.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Бүгін Wabtec компаниясымен 4 миллиард долларға жуық қаржының жаңа келісіміне қол қойылды. Бұл еліміздің АҚШ-пен көлік саласындағы ынтымақтастығын айтарлықтай нығайтады. Air Astana және SCAT сияқты алдыңғы қатарлы әуе компаниялары Boeing ұшақтарын пайдаланады. Азаматтық авиация паркіміздің негізі осы ұшақтардан құралған. Біз Boeing компаниясымен ынтымақтастықты кеңейтуге және таяу жылдары жаңа ұшақтар алуға ниеттіміз.

Лэндон Лумис, The boeing компаниясының вице-президенті:

- Өзіңіз атап өткендей Қазақстанның Еуразиядағы орналасуы стратегиялық маңызға ие. Еліңіз бар мүмкіндіктерін пайдалана отырып, авиация мен логистиканың ірі орталығына айнала алады. Бұл бағытта Астана мен Шымкент маңызды транзиттік тораптар ретінде ерекшеленеді. Олар жүк пен жолаушыларды шығыстан батысқа тасымалдап қана қоймай, солтүстіктен оңтүстікке қатынасты дамытуда. Қазақстанды Еуразиядағы авиациялық және көлік хабына айналдыру жөніндегі сіздердің көзқарастарыңыз Boeing компаниясының даму бағытымен толық сәйкес келеді. Осы ретте серіктестікті жалғастыруға дайын екенімізді растаймыз.

Бұдан бөлек Президент АҚШ компанияларын Қазақстанның ауыл шаруашылығы әлеуетін пайдалануға шақырды. Оның айтуынша, егістік көлемі бойынша әлемде алтыншы орында тұрған және астық экспорттаушылардың ондығына кіретін елімізде бұл салада үлкен мүмкіндіктер бар. Нақтырақ айтқанда, су ресурстарын үнемдеу және саланы цифрландыруды қамтитын ортақ Агроинновациялық бағдарлама әзірлеу жобаларын қолға алуға болады. Ол үшін тиісті кепілдік те, мүмкіндік те бар.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- АҚШ біздің тәуелсіздігімізді әлемдегі алғашқы елдердің бірі болып мойындады және әрдайым Қазақстанның егемендігі мен аумақтық тұтастығын қолдап келеді. Халқымыз Американың бұл ұстанымын шынайы құрметтейді. Елімізде жүргізіліп жатқан ауқымды саяси-экономикалық реформалар, ашық және инвестицияға қолайлы саясат жүргізу ұстанымы америкалық компаниялардың Қазақстанда алаңсыз бизнес жүргізуіне кепілдік береді әрі олардың сенімді, ұзақ мерзімді серіктес болуына мүмкіндік жасайды.

Қазақстанның алдағы 3 жылда цифрлық трансформация мен жасанды интеллект саласындағы жоспары ауқымды. Бұл мерзім ішінде еліміз Еуразиядағы жетекші ІТ-хабқа айналуы тиіс. Қазір NVIDIA, Amazon, Starlink және Microsoft сияқты ірі технологиялық компаниялар еліміздің цифрлық экожүйесін дамытуға белсенді қатысып жатыр.

Калиста Рэдмонд, NVIDIA компаниясының ЖИ саласындағы жаһандық бастамалар бойынша вице-президенті:

- Цифрлық даму министрлігі мен «Қазақтелеком» Nvidia компаниясының чиптеріне 100 миллион доллардан астам қаржы инвестициялап, ұзақ мерзімді стратегиялық әріптестіктің негізін қалады. Бұл серіктестіктің өзегінде жасанды интеллект саласындағы білімге инвестиция салу жатыр. Бұл өте маңызды. Жасанды интеллектке қатысты сауаттылық тек оны енгізумен айналысатын инженерлер үшін ғана емес, бүкіл халық үшін қажет. Біз сіздердің елдеріңізде осы бағытта 1 миллион маманды даярлау мақсатыңызды қолдауға ұмтыламыз. Бұл – батыл да ауқымды мақсат. Сіздер өңірге ұсынып отырған жасанды интеллект саласындағы білім беру рөлі өте маңызды болмақ.

Цифрлық трансформация бағытында әрине, адами капиталды дамытуға баса мән беру қажет. Қазір «Болашақ» бағдарламасының 800-ден астам стипендия иегері АҚШ-тың Гарвард, Стэнфорд секілді маңдайалды оқу орындарында білім алып жатқанын да айта кету керек. Осы орайда Президент жас буын көшбасшыларын қалыптастыру үшін америкалық университеттермен және зерттеу орталықтарымен бірлескен жобаларды кеңейтуді ұсынды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Қазақстан бірте-бірте өңірлік академиялық және ғылыми-зерттеу хабына айналып келеді. Бүгінде елімізде шетелдік жоғары оқу орындарының 33 филиалы ашылған. Олардың қатарында Аризона университеті, Колорадо тау-кен мектебі, Дьюк университеті, Пенсильвания штаты университеті, Миннесота университеті және Нью-Йорк кино академиясы секілді америкалық жетекші жоғары оқу орындары бар.

Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев «Астана» халықаралық қаржы орталығының мүмкіндіктеріне де жеке тоқталып өтті. Қазір мұнда 80-нен аса елден 4200-ден астам компания тіркелген. Оның 60-тан көбі – америкалық.

Отырыс барысында Президент мәдениетке бизнес тарапынан қолдау көрсету мәселесін де қозғады.

Авторы: Риат Шони

 

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz