БҰҰ-ның Қауіпсіздік Кеңесінде орта державалардың үні анық естілуге тиіс.
Бірлестік Жарғысын да қайта қарайтын уақыт жетті. Бас Ассамблея сессиясының Жалпы дебатында Қасым-Жомарт Тоқаев осылай деп, құрылымды реформалауға қатысты ұсыныстарын айтты. Сондай-ақ Украина мен Газадағы азапты жағдайлар, одан әрі ядролық қару қаупін де жеткізді.
Бұл ғимаратта тұтас жаһанның тағдыры шешіледі. Әлемдік саясаттың күн тәртібі талқыланатын алаң мәртебелі мейманға толы. Биыл бас Ассамблея отырысына 200-ге жуық елдің делегаты жиналған. Барлығы мүйізі қарағайдай ықпалды саясаткер. Арасында қөзқарасы қайшы тарап көп. Бірақ бәрі бір алаңда бас қосуға мәжбүр. Себебі әлем аласапыранның алдында тұр. Осыдан 80 жыл бұрын көшбасшылар мәселені керісіп емес, келісіп шешуді таңдаған еді. Соның арқасында БҰҰ құрылды. Алайда ережелер ескірді, құндылықтар өзгерді. Салдары баршаға аян. Соның әсерінен биылғы сессиядағы пікірталас та қызу.
Бұл мінбер не көрмеді? Трамптың тезі, Ердоғанның ескертуі, Макронның мәмілесі. Әйтеуір әр тарап әрекетін жақтап әлек. Бірақ көптің ойы бір жерде ғана тоғысады. Ұйымға өзгеріс керек. Қасым-Жомарт Тоқаев та баяндамасын бірлестік реформасынан бастады. Қару сермеу қалыпты жағдайға айналғанына тоқталып, қазіргі көшбасшылар әкеректсіздік танытуға құқығы жоқ деді. Себебі оның зардабын келесі ұрпақ тартады. Ал өзгеріс Қауіпсіздік Кеңесінен басталуға тиіс.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Қауіпсіздік Кеңесінің құрамына Азия, Африка және Латын Америкасындағы ірі елдердің өкілдері ротация тәртібімен ұсынылуы керек. Сонымен қатар Қазақстан жауапкершілігі бар орта державалардың үні БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінде барынша анық естілуі қажет деп санайды. Ұлы державалардың бастары бірікпегенде мұндай елдер БҰҰ аясында дәнекерге айналады.
Иә, Қазақстан сынды орта державалар соғыстан көзін шел басқан ұлы державалардың қате шешіміне тосқауыл бола алады. Бұл вето құқығын оңды-солды пайдаланатын саясаткерлер шешімін де шектейтін еді. Айтпақшы, ұйымның мызғымас Жарғысы бар. Бірақ кейінгі уақытта сол ереже әркімнің ығына жығылып жүр. Осы ретте Қасым-Жомарт Тоқаев әлем Жарғыға бейіл екенін тағы бір растау керек деді. Керек болса оны да өзгерту қажет.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Әлем сенімге, ашықтыққа және ортақ жауапкершілікке арқа сүйейтін жаңа консенсусқа зәру. Мысалы, Жарғыдағы Екінші дүниежүзілік соғыстан бері келе жатқан «жау мемлекет» ережесін халықаралық қоғамдастықтың басым бөлігі ескірген деп санайды. Сондықтан Жарғыны қайта қарау мәселесін талқылайтын уақыт келді.
Бұл сөзді жақтайтындар көп. Тіпті ұйымның жетекшілері де реформаны айналып өте алмайтынын растап отыр.
Анналена Бербок, БҰҰ Бас Ассамблеясы Төрағасы:
- Диалог пен дипломатияның үйі жөндеуді қажет етіп тұр. Реформаға мұқтажбыз. Яғни жүйенің икемділігін және тиімділігін арттыру керек.
Қарулануды шектейтін шарттар да сақталмайды. Былтыр әлем әскерге 2,7 трлн доллар жұмсады. Мұндай шығын бұрын-соңды болмаған. Ал ядролық қарудың жыры бір бөлек. Тыныштықты жақтайтын Қазақстанның бұл бағытта да ұсынысы бар.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Қазақстан ядролық қарусыздану және жаппай қырып-жою қаруын таратпау жөніндегі жаңа диалогқа дайын. Біз Ядролық қаруды таратпау туралы шартты күшейтіп, Ядролық сынақтарға жан-жақты тыйым салу туралы шарттың орындалуына түрткі болу үшін бейресми пікір алмасуларға мән бере аламыз. Сонымен қатар Биологиялық қауіпсіздік жөніндегі халықаралық агенттік құру туралы ұсынымымызды жүзеге асыруға шақырамыз.
Бұл бастаманы өзге саясаткерлер де қуаттайды. Мысалы, Түркия Президент Ердоған Иранның ядролық бағдарламасына алаңдаушылық білдіріп, аймақтағы дипломатия жөнінде ұстанымымен бөлісті.
Реджеп Тайип Ердоған, Түркия президенті:
- Біз Орталық Азиядағы бауырлас елдеріміздің тыныштығы, тұрақтылығы мен гүлденуіне үлкен мән береміз. Бұл біздің атажұртымыз. Түркі мемлекеттері ұйымы алға жылжиды.
Енді соғыс хақында. Астана Украина дағдарысына алаңдаулы. Президент бұл мәселені шешуде саяси икемділік керек деді. Ал Газадағы жағдайды мүлдем қорқынышты деп атады. Еліміз даудан гөрі дипломатияға жүгінуді жөн көреді. Президент екі мемлекеттің бейбіт қатар өмір сүруіне негізделген шешімді құптайтынын әрі БҰҰ-ның жетекші рөлін мойындайтынын жеткізді.
Бекзат Аманов
Тегтер #БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі #Тоқаев #Нью Йорк #БҰҰ Бас ассамблеясы #80 сессия #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz