RU
Толық нұсқаға өту

Президент ЖИ саласының мамандарын даярлайтын ЖОО ашуды тапсырды

01.10.2025, 17:11 472

Қазақ инженерлері жаһанның қажетіне жарайтын озық технологияларды ойлап табуға қабілетті болуы керек.

Ал отандық жоғарғы оқу орындары сол маманды дайындауға тиіс. Жасанды интеллектіні дамыту жөніндегі кеңестің алғашқы отырысын өткізген Президент салаға маманданған жаңа оқу орнын ашу туралы тапсырма берді.

Мектеп қабырғаларын да ауқымды өзгерістер күтіп тұр. Нейрожелі білім саласындағы таптаурын түсінікті түбегейлі өзгертуі мүмкін. Әр оқушыға жеке бағдарлама әзірленіп, керек болса оның жетістіктері бөлек талданады. Мұғалімге де көмекші табылды.

Бекзат Аманов, тілші:

- Біз қазір нейрожелілердің тартысты бәсекесіне куә болып отырмыз. Шаршы алаңның шаңын шығарған қос робот жасанды интеллект арқылы жұдырықтасып жүр. Қимылы ширақ, бокстағы негізгі тәсілдерді айна қатесіз қайталайдя. Иә, бұл қазіргі заманның шындығы. Спортты да үйренген алғыр алгоритмнен қашып құтыла алмаймыз. Енді қалғаны осы нейрожелі дәуіріне бейімделу.

Ал бұқара бейімделу үшін билік жағдай жасау керек. Бұл жиынның мақсаты да осы. Талдап, тыңдап, шешім шығару. 3 жыл ішінде толыққанды цифрлық ел болу міндетін еске салған Президент баяндамасын оң көрсеткіштен бастады. Қазір мемлекет қызметтің 92 пайыздан астамы онлайн форматта ұсынылады. Биыл 26 миллион цифрлық қызмет көрсетілді. Соның жартысына жуығы смартфон арқылы жасалған. Ал қолма-қол ақшасыз төлемнің үлесі былтыр 85 пайыздан асты.

Мемлекеттік қызметтің онлайн форматтағы үлесі – 92%

Биылғы цифрлық қызмет – 26 млн

Қолма-қол ақшасыз төлемнің үлесі – 85%

Иә, көрсеткіш жаман емес. Бірақ нейрожелі көз ілеспес жылдамдықпен дамып келеді. Сол үшін Қасым-Жомарт Тоқаев тоқмейілсімеу керегін айтты. Таяуда жаңа министрлік құрылғаны баршаға аян. Енді бірінші қадам - маман даярлау болмақ. Бірақ, елде жасанды интеллект бойынша оқу орны жоқ. Қасым-Жомарт Тоқаев осы мәселеге ерекше тоқталып, арнайы мәртебеге ие мекеме ашуды тапсырды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Жасанды интеллект саласына маманданған зерттеу университетін ашу керек. Оқу орнына арнайы мәртебе берген жөн. Сондай-ақ бұл жұмысқа әлемдік үздік оқу орындарын серіктес ретінде тарту қажет. Үкімет жыл соңына дейін осы мәселе бойынша нақты ұсыныс беруге тиіс. 

Ал оған дейін бұл істі АИ-САНА сынды бағдарламалар жүзеге асырады. Мемлекет басшысы бұл жобаны жоғары бағалады. Оған қоса қазір Қазақстанда 79 университетте ІТ мамандығы оқытылады. Мұнда 63 мыңнан астам студент оқиды. Білім беру бағдарламаларына да жасанды интеллект пәні жаппай енгізіліп жатыр. 

Саясат Нұрбек, ҚР Ғылым және жоғары білім министрі:

- Барлық университет ЖИ этикасы жөніндегі нұсқаулықты қабылдады. Осы оқу жылының соңына дейін оқытушыларды толық үйретеміз. Қазіргі уақытта профессорлық-оқытушылық құрамның жарытсынан астамы курстарға қатысуда. Ал қамтылған студенттер 70%-ға жетті. Жыл соңына дейін бәрі нейрожелі негіздерін оқып шығады.

Ал жаңа оқу орны не үшін қажет? Президент бұл сұраққа да жауап берді. Экономиканың барлық саласына жасанды интеллект технологиясын енгізетін білікті мамандарды даярлауды басты міндет деп атады. Оған қоса дарынды жастар әлемдік деңгейдегі сапалы білімді тек шетелден емес, өз елімізден де алғаны дұрыс. Білікті мамандар біздің де арамыз аз емес. Олар сандық бағытға ойысқан саясатқа үлес қосуға дайын. Қазірдің өзінде жетістіктері таңғаларлық.

Асылбек Мырзахметов, USTEM FOUNDATION басшысы:

- Мысалы, мына иттер бар. Бұлар арқылы қауіпті шахталарға зерттеулер жасау басталып жатыр. Шахталарға барып, цифровой двойниктерін алады. Әртүрлі өнідірістер бар, адамға зиянды. Адам ол жаққа кірсе, денсаулығына зиян болатындай. Сондықтан ол жаққа адам емес, роботтар кіргені дұрыс.

Таяу жылдары бізді мынадай өзгерістер күтеді. Енді нейрожелі әр балаға жеке оқу бағдарламасын әзірлеп, оның оқу үлгерімін, мықты қырларын һәм жетістіктерін тіркейді. Көрсеткіші жақсы болса, жеткіншек университетті мерзімінен бұрын тәмамдайды. Кәсіптік бағдарды да цифрлық профиль негізінде жасау жоспарда бар.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Бұл болашақ инженерлерді, зерттеушілерді, дәрігерлерді, мұғалімдер мен кәсіпкерлерді алдын ала анықтауға жол ашады. Осылайша, әрбір адам өз қабілетін пайдаланып, өмірден лайықты орнын табады. Үкіметке жаңа ЖИ университетімен интеграцияланған оқушылардың ұлттық цифрлық профильдер жүйесін құруды тапсырамын. 

Мұғалімдер жұмысы да жеңілдейді. Шәкірттерге жеке тапсырма беріп, тест әзірлеумен жасанды интеллект айналысуы керек деген міндет жүктелді. Алайда Президент Үкіметке бір нәрсені қаперден шығармауды тапсырды. Нейрожелі ұстазды ауыстыра алмайды. Ол тек көмекші ретінде қолданылады.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті

- Мұғалімнің жанашырлығын және ақыл-парасатын ешбір технология алмастыра алмайды. Сондықтан мұғалім мен оқушы арасындағы адами қарым-қатынас білім беру үдерісінің өзегі болып қалуға тиіс. Біздің мақсатымыз – педагогтерді басы артық жұмыстан босату, өз миссиясын алаңсыз атқаруына жағдай жасау. 

Осы тапсырманың бәрі мына ұстанымның айналасында жұмыс істеуге тиіс. Қасым-Жомарт Тоқаев төл мәдениетіміз һәм құндылықтарымыз сақталуы қажет деді. Ұлт дүниетанымына жат нәрселердің білім жүйесіне енуіне жол берілмейді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Оқушыларға берілетін білімнің мазмұны және оның сапасы дұрыс болуы керек. Ең жақсы алгоритмнің өзі қате немесе жеңіл-желпі материал әзірлеп беруі мүмкін. Оқу материалының мемлекеттік стандартқа сәйкес болуын, оның ғылыми және мәдени талаптарға сай келуін мұғалім қадағалап отыруы керек.

Демек, Үкімет сапалы контент жасауға мүмкіндік беретін ұлттық білім беру платформасын әзірлеуі қажет. Осы тұста Президент отандық өнімге арнайы тоқталды. "Ең алдымен өз елімізден шыққан өнімдерді пайдалануымыз керек" деді ол. Содан кейін сын-қатерге көшті. Технология талай адамды табыстан айыруы мүмкін. 

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Біздің міндетіміз – жұмыссыз қалудың алдында тұрған миллиондаған адамға жаңа мүмкіндік беру. Басқаша айтсақ, жасанды интеллектінің орасан зор әлеуетін жаңа жұмыс орындарын ашуға, адам капиталын күшейтіп, еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуын арттыруға пайдалану керек. Үкіметке жасанды интеллект негізінде әзірленген ұлттық онлайн-платформаны іске қосуды тапсырамын.

Алғашқы отырыс толық білімге арналды. Жасанды интеллектіні зәулім ғимаратпен салыстырсақ, бүгінгі тапсырмалар берік іргетас қалауға арналды. Президент цифрлық стратегияда ұлт мүддесі бірінші орында тұратынын еске салып, келесі отырысты цифрлық экономикаға арнауды ұсынды.

Бекзат Аманов, тілші:

- Бұл ғылымды дамытудың ақыры неге әкеп соғатынын ешкім білмейді. Бірақ бәріне дайын болған дұрыс. Президент әр маман цифрлық дағдыларды білу керек деді.  Нейрожелінің жанын ұғыну - өз болашағымыз үшін қажет  Бүгін менің даусымды ұрлап, қимылымды қайталай алатын робот, ертең менің орнымда отырмасына кім кепіл?

Бекзат Аманов

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz