RU
Толық нұсқаға өту

Президент мұғалімдердің еңбегіне айрықша құрмет көрсетті

01.10.2025, 23:00 512

Ұстаз болу – жүректің ісі. Білім беру оңай жұмыс емес.

Бұл тек нағыз білікті, дарынды, шебер маманның ғана қолынан келетін іс. Келе жатқан кәсіби мерекелерімен ұстаздар қауымын құттықтаған Мемлекет басшысы осылай деді. Салтанатты жиын барысында Президент бір топ мұғалімге мемлекеттік марапаттар табыстап, педагогтардың жауапкершілігін еске салып өтті. Оқу процесінде заманауи дағдыларды жетік меңгеріп, жасанды интеллектіні білім саласында кеңінен пайдалануға шақырды. 

Ұстаз - ұлттың ұлы тәлімгері. Ұстаздың алдында ұлылар да бас иеді. Жылдағы игі дәстүрге сай мемлекет басшысы бүгін мұғалімдерді еліміздің бас резиденциясына жинады. Зор құрмет көрсетіп, ұлттың болашағына жол салатын мәңгілік шамшырақ болып келе жатқан педагогтар қауымына өз ризашылығын білдірді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Әр мұғалімнің еңбегі ерен, еліміздің дамуына қосқан үлесі орасан. Сондықтан бүгін мен білім беру саласында еңбек етіп жүрген барша азаматқа шынайы ризашылығымды білдіремін. Озық ойлы ұлт болу үшін біз ең алдымен білім, ғылымның дамуына баса мән беруіміз керек.

Бұл бағытта елде ілкімді істер де атқарылып жатыр. Мәселен, соңғы 5 жылда білім саласына бөлінетін қаржы 3 есе артты. 1200 мектеп бой көтеріп, «Келешек мектептері» ұлттық жобасы жүзеге асырылып жатыр. Бұл аталған жоба бойынша республикада заманауи стандарттарға сай келетін 150 білім ошағы салынды. Қазір 67 мектептің құрылысы жүріп жатыр.

Бюджет – 3 есе

1200 мектеп салынды

«Келешек мектептері» ұлттық жобасы

150 мектеп салынды

67 мектептің құрылысы жалғасуда  

Астана

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Біз педагогтердің мәртебесін көтеріп, әлеуметтік жағдайын жақсарту үшін нақты шараларды қолға алдық. Арнайы заң қабылдадық. Бүгінде ұстаздардың жалақысы екі есе өсті. Шын мәнінде кез келген адам мұғалім бола алмайды. Ұстаз болу – бұл жүректің ісі. Білім беру оңай жұмыс емес. Бұл тек нағыз білікті, дарынды, шебер маманның ғана қолынан келетін іс. Сондықтан мұғалімнің еңбегі де соған сай лайықты бағалануға тиіс.

Өз сөзінде Президент білім нарығындағы бәсекенің күшейгенін атап өтті. Көптеген жастар ұстаз болуға ұмтылған. Мемлекет те бұндай азаматтарға қолдау танытуда. Мәселен, биыл мұғалімдер даярлау үшін 13 мыңнан астам грант бөлінді. Бұл елдегі барлық гранттардың бестен біріне жуық. Негізі мемлекет басшысының сөзінше саладағы жүйелі жұмыс жаман емес. Мұғалімдердің табанды еңбектерінің де жемісін жұрт көріп отыр. Мәселен, былтырдан бері мыңнан астам оқушы түрлі пәннен халықралық сайыстарда жеңімпаз атанды.

Тамыз айында Президент жүзден жүйрік шыққан жастарды Ақордада қабылдап, арнайы сертификаттар табыс етті. Бұл дәстүр әрине жалғасын табады. Дегенмен, көштен қалмай әлі де алға жылжу қажет.

Жұлдыз Сүлейменова, ҚР Оқу-ағарту министрі:

- Білімнің сапасын арттыру, қала мен ауыл балалары арасындағы білімнің теңісіздігін мейлінше жою. Сонымен қатар білімнің мазмұнын басқа жерден көшіріп алмай, жалпы өзіміздің нақты қалыптасқан академиялық ерекшеліктері мен академиялық басымдықтарды зерделей отырып, балаларымыздың озық ойын дамытатын жүйелі сапалы білім беру.

Қазір әлемдегі ахуал мың құбылып тұр. Жаңа сын-қатерлерге қарамастан Қазақстан заман талабына сай дамыған, озық ел болуы керек. Мемлекет басшысы осындай маңызды міндет қойып отыр. Бұл жерде әрине, қазіргі заманның ақиқатына айналған цифрландыру мен жасанды интеллект технологиясын кеңінен дамыту қажет.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Цифрлық сауаттылықты балаларға мектептен бастап үйреткен дұрыс. Оқушылар озық технологияны оқуда тиімді пайдалана білгені жөн. Бұл ұстаздарға да қатысты мәселе. Мұғалімдер заманауи дағдыларды жетік меңгеруі қажет. Жасанды интеллектіні білім саласында кеңінен пайдаланған абзал. Цифрлық ел болу – бір күннің шаруасы емес. Қарапайым тілмен айтқанда, бұл – мектептен бастап түбегейлі жаңа тәсілмен жұмыс істеу деген сөз.

Сонымен қатар Президент қазіргідей құбылмалы заманда сапалы біліммен қатар саналы тәрбие де басты құндылыққа айналғандығын алға тартты. Осы мақсатта мектептерде «Адал азамат» бағдарламасы енгізіліп, бүкіл халық «Таза Қазақстан» жалпыұлттық қозғалысына атсалысуда. 

«Заң мен тәртіп» қағидасы да жүзеге асырылып, 2019 жылдан бері қылмыстық құқықбұзушылықтар саны 2 есеге қысқарған. Өз сөзінде Қасым-Жомарт Тоқаев әділдік пен жауапкершілікті мектеп қабырғасынан бастап қалыптастыру қажеттілігін айтты. Ал осы маңызды миссияны жүзеге асыруда ұстаздар қауымына ерекше сенім артты.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Қадірлі ұстаздар! Ұстаздық ету – ұлтқа адал қызмет ету деген сөз. Қажырлы және табанды еңбектеріңіз үшін баршаңызға алғыс айтамын!

Адал еңбекті лайықты бағалау – әділетті қоғамның белгісі. Бүгінгі шара барысында Президент білім беру саласына қосқан елеулі үлесі үшін бір топ ұстаздар қауымын мемлекеттік наградамен марапаттады.

Ләззат Төлепова, Атырау облыстық арнаулы мектеп-интернатының директоры:

- Арнайы мектеп-интернатында ерекше білім қажет ететін балалармен жұмыс істейміз. Бұл марапат барлық арнайы мамандардың марапаты деп есептейміз. Ұстаздық еткен жалықпас үйретуден балаға дегендей, мен ұстаздық мамандығымен мақтанамын.

Еңбегі еленгендердің қатарында Татьяна Құдайбергенова да бар. 1993 жылдан бері қазақ тілі пәнінің мұғалімі болып, шәкірттеріне білім мен тәрбиені қоса беріп, жетелеп келеді. Айтуынша, бүгінгі марапат тек еңбектің өтеуі ғана емес, жүрекке шуақ сыйлаған үлкен мәртебе.

Татьяна Құдайбергенова, "Школа будущего "Әділет" балабақша-мектеп кешені жекеменшік мекемесінің мұғалімі:

- Бұл эмоцияны сөзбен жеткізу мүмкін емес. Қазірдің өзінде қобалжып тұрмын. Оқу процессіне келсек, әрине өзгеріс бар. Өзгеріс өте көп. Қазіргі таңда мен мысалы өз сабақтарымда жасанды интеллектіні пайдаланамын. Егер 1993 жылдарды алатын болсақ, ЖИ ешкім білген де жоқ, ойлаған да жоқ осылай болады деп. Сондықтан мен өз сабақтарымда ЖИ, жаңа технологияларды пайдалануға тырысамын.

Салтанатты шара барысында Президент мектеп мұғалімдерімен қатар, колледж және жоғары оқу орындарының оқытушыларын да марапаттады. Сондай-ақ ерекше қажеттілігі бар балалармен жұмыс істейтін білім ошақтарының мамандарына да құрмет көрсетілді. 

Риат Шони, тілші:

- Алты алаштың басы қосылса, төрдегі орын мұғалімдікі. Мағжан Жұмабаевтың бұл алтын сөзі уақыт сынынан өтіп, бүгін де жаңғырып отыр. Ақорда төрінде Мемлекет басшысы ұстаздарды қабылдап, олардың еңбегіне айрықша құрмет көрсетті. Бұл ұстазға жасалған ілтипат ғана емес, болашаққа жасалған салмақты қадам, елдің жүрегіне егілген сенім дәні. Өйткені ұстаздың мәртебесі - ұлттың мерейі, ал оның еңбегін бағалау ұрпақ алдындағы аманат. 

Риат Шони, Ержан Қанапияұлы

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz